Компас

Masdar City: Жүргізушісі жоқ көлік, қоқысы жоқ көше

«Masdar City» туралы естіп пе едіңіз?

«Masdar City» – Біріккен Араб Әмірлігінде орналасқан шағын қала. Бұл қаланың айырмашылығы – тек табиғи энергияны қолдануы. «Masdar City» құрылыс индустриясындағы ірі жаңалыққа айналды. Себебі қаладағы технологиялар мен жабдықтар толығымен жаңа заманға лайықталған. Экологиялық таза болып саналатын «Masdar City» «ақылды қала» атағын иеленген.

«Ақылды қала» ерекшеліктері

Қала толығымен автономды болып табылады. Құрылыс материалдары экологиялық нормаларға сай жасалған. Тұрғын үйлерге заманауи ақпараттық және коммуникациялық құрылғылар орнатылған. Энергетика, транспорт және құрылыс салаларына инновациялық жаңа технологиялар қолданысқа енгізілген.

«Masdar» араб тілінен аударғанда «бастау, қайнар немесе кілт» деген мағынаны білдіреді. «Masdar City» әлемдегі ең бірінші көмірқышқыл газын шығармайтын қала болып саналады. Онда көліктер жүргізушісіз қозғалады. Сонымен қатар қалдық және қоқыс дегенді көрмейсіз.

Аумағы және тұрғындары

Қаланың жалпы аумағы 6 шаршы шақырым. Барлығы 40 000 адамға арналған үй бар. Ал қала сыртында тұратын 50 000 адамға арналған жұмыс орыны бар. Үйлер тығыз орналасқан және қарапайым тік бұрышты болып салынған.

Инфрақұрылысы мен ақпараттық технологиялары

Қаланың төбесі шатыр ретінде салынған. Ол күндіз көлеңке жасап, жабық тұрады. Ал түнде ашылады. Қала іші көгалдандырылған. Тұрғындардың демалысына лайықталып жасалған. Көпірлер мен туннелдер көптеп салынған. Қаладағы технологиялар электронды төлем, «ақылды үй», «ақылды офис», микроклиматты басқаруға, телекоммуникациялық инфрақұрылысты жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Энергетикадағы жаңа технологиялар

Қуаттылығы 40-60 МВт-ты құрайтын күн электрстанциясы салынған. Үйлердің шатырында қуаттылығы 130 МВт-қа тең күн панельдері орналасқан. Сутек қуатын өндіретін станция тағы бар. Оның қуаты 500 МВт-қа тең.

Қаладағы судың 80 пайызы қайта өңделіп, тазаланады. Ондағы судың қолданылуы өзге мекендермен салыстырғанда 60 пайызға аз.

Білім және ғылым

«Masdar City» – әлемдік зерттеу және энергетика технологиясын шығару орталығы. Әлемдік ірі компаниялардың бөлімдері осы қалада орналасқан. Олар ғылыми-зерттеу ісімен айналысады.

Дүкендерде экологиялық таза тауарлар сатылады. Еңбек шарты әлемдік стандартпен тең.

Дайындаған: Назархан Уән

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!