Табыс

Ақша туралы 8 миф

Өміріме көп ақша шақырамын деп неше түрлі әдіс-амалдарға жүгінетіндер бүгінде көп. Басым көпшілігіміз ақша десе, қорқынышымыз бен күдігіміз дайын тұрады. Оларды әфсана-мифтер дегеніміз дұрыс болар. Сол мифтерді Balbal.kz тәптіштеп тізім, рас-өтірігін ажыратуды қаржы саласының білікті маманына сеніп тапсырды.

30 жылдық тәжірибесі бар қаржыгер, Bai-Quat инвестициялық компаниясының бас қаржы кеңесшісі Сайлау Абайділданов қаржылай сауаттылығымды арттырамын деген жастарға «жоқ» демейтін жан. Тіпті «қаржы бұлақтары» тақырыбымен тегін тренинг өткізіп жүрген қаржыгер өз сабақтарында да ақша туралы мифтерге көп тоқталады.

  1. Ақша деген еркіндік. Ақшаң болса қалтаңда, қалауыңды жаса.

Қателесесіз! Ақша деген есеп айырысу құралы. Бар болғаны. Сіз үшін еркіндік деген не? Қалауыңызды жасау ма? Дәл қазір де қалтаңызда ақша бар. Бәлкім, сіз ойлағандай көп емес шығар. Бірақ бары факт. Еркіндік аңсайтын кісендеулі құл емессіз. Аз ақшамен де қалауыңызды іске асыруға мүмкіндік барын жоққа шығармаңыз. Сіз ойлаған, армандаған «еркіндіктің» атауы – ол байлық.

  1. Ақшаны қимай-қимай жұмсасаң, соншалықты ақша саған қарай тартылады.

Ақша есептесу құралы болғандықтан, ол есеп жүргізген адамды жақсы көреді. Кіріс пен шығынды бақылауда ұстайтын адам ғана қаржысын көбейте алады. Ақшаға деген қимастық сезімі болатындай ол бала кезден бірге өскен жақын құрбы не топырағы ыстық туған жер емес. Қайталап айтамын, ол сіз бен біз ойлап тапқан құрал түрі. Қай жерге ақша жұмсаған дұрыс, ал қайда жұмсамаған абзал – оны шешетін сіз. Дені түзу дүниеге ақшаңызды шығындасаңыз, несіне қынжыласыз?! «Мынаған жұмса» деп ешкім мәжбүрлемейді ғой.

  1. Ақшалы азамат болғың келсе, үй көрмей, ұйқы қанбай, терлеп-тепшіп жұмыс істеуге дайын бол.

Байлықтың формуласы бар. Оны «төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деп атаймын. Сол төртеу байлыққа жету формуласындағы 4 ресурс: денсаулық, уақыт, қаржылық білім мен тәжірибе. Деніңіз сау болса, жалындап тұрған жас болсаңыз, қаржылық білім жинауға ұмтылыңыз. Ашпаған кітабым, бармаған семинарым, оқымаған материалым қалмады деген ой пайда болған сәттен бастап сол біліміңізді тәжірибемен ұштастырыңыз.

  1. Дағдарыс келе жатыр. Ақшамыздан айырыламыз, үйімізден береке қашады.

Қаржы саласында жүргеніме 30 жылдан асыпты. 2008 жылы Қазақстан дағдарыс кезеңін бастан өткергенін білесіздер. Алайда 2008 жыл менің есімде жемісті жыл ретінде қалыпты. Жалпы, дағдарыс біреулерге қол қусырып отыруға себеп болса, біреулерге жаңа мүмкіндік ашатын жағдай. Бұл даналық маған дейін айтылған. Осыны ескере отырып, өз басым 2008 жылды жаңа мүмкіндіктер кезеңі деп қарсы алдым да асығымды алшасынан түсірдім.

  1. Ақшасы барлар сараң. Өздерінің ғана қамын жейтін өзімшілдер.

Кезінде құрыш королі Эндрю Карнеги өмірін екі түрлі кезеңге арнауға уәде етіпті. Біріншісі – байлыққа ұмтылуы, екіншісі – сол байлықпен бөлісуі. Бай Карнеги сөзіне берік болды. Жиған-терген байлығын қайырымдылыққа жұмсады.

«Қаржы бұлақтары» тренингтерінде қаржылық сауаттылығымды арттырамын деп келген жанмен 30 жылдық тәжірибемді тегін бөлісудемін. Не үшін дейсіз? Мына қоғамның өсіп-өнгенін, қазақтың байығанын, бақытты болғанын қалаймын.

  1. Даулетке, байлыққа кенелу – қазаққа ата-бабадан қалған мұра

Бүгінгі таңда капитал жинаудың алғышарты табыстың 10 %-ын тұрақты түрде жинап отыру, ал бай болғыңыз келсе, 20%-ды жинауды әдетке айналдыру қажет дейді.

Қазақ болса, табыстың 50%-ына тиіспей, айналымға енгізумен бағзы заманнан келе жатыр. Бабамыз бір жыл бойы малдың басын (капиталды) көбейткен. Көктем келгенде еркегін сатып, ұрғашысын қалдырған. Былайша айтқанда 50%-ымен өмір сүрген де 50%-на тиіспеген. Сөйтіп қайтадан малдың басын (капиталын) көбейткен, 50%-ды 100% қылуға күш салған.

Басты мақсат – ұмытыла бастаған дүниелерді еске түсіріп, соларды қайта жаңғырту. Қайталап айтамын, мұның бәрі сіздің қаныңызда, гендік деңгейде бар дүниелер.

  1. Ақшасы көптер қорқақ келеді. Банкрот боламын деп уайым-қайғы жейді.

Рас. Инвесторларға, қор нарығында, бизнесте жүрген адамдарға бір нәрсе айтқым келеді. Ақшадан айырылып қаламын деп қорықпау қажет. Мен ауылдан Алматыға келген уақытта қолымда көк тиын болған жоқ. Алайда Алланың қалауымен, бұйрығымен жоқ ақша пайда болды. Енді сол пайда болған ақшаны жоғалтып аламын деп қорқу меніңше ақымақтық. Алла Тағала қаласа, ол ақша сізде екі, тіпті үш еселенеді. Алла Тағала қаламаса, ойыңыз, ниетіңіз дұрыс болмаса, ол ақша сізде бәрібір тұрақтап қалмайды. Сондықтан басты мәселе – іштегі қорқынышты жеңу деп білемін. Ол қорқынышты жеңудің алғашқы алғышарты – Аллаға сену керек.

Дайындаған: Жазира Байдалы

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Close