Табыс

Айбек Жартыбаев. Табысқа жетелейтін 3-ақ нәрсе

Айбек Жартыбаев –29 жастағы табысты бизнесмен

Айбек Жартыбаев. Бұл есімді естіп пе едіңіз? Бәлкім қазақстандық GoSauda онлайн сату алаңының тұтынушысысыз? Егер де отызға жетпей орда бұзған бизнесмен туралы, оның жетістіктері туралы бейхабар болсаңыз, balbal.kz сізге әдемі әңгіменің басын бастап бермекші. Сондықтан беліңізді бекем буыңыз, 100 % назарыңыз бізде болсын!

Қарағанды облысы Жаңақорған ауданының Өркендеу ауылында Айбек деген бір бала іңгәләп дүние есігін ашады. Ата-әжесіне үлкен қуаныш мен мол үміт сыйлаған әлгі нәресте бала өмір оған тосынсыйлар дайындап тұрғанын білмеді. Сырт көзге қарапайым болып көрінген Айбек ҰБТ-дан 41 балл жинап, жоғары оқу орнына түсе алмағанда жігерін жасытпай, рухани мықтылығын көрсетті.Ата-анасын әбігерге салмастан колледжге түсе салды. Міне, осы кезең бала Айбекті түпкілікті өзгертті.

Ол үнемі көз алдына таудың музарт шыңын елестететін. Сол көз жетпес биікте өзі асқақтап айналасына қарап тұруды армандайтын. Бір күні сол арманға қол жеткізетініне сенетін. Колледждегі бай-дәулетті балалардың барын байқап, оларда бар дүние неліктен онда жоқ деген ойға шомды. Жо-жоқ, қызғанбады, қарғыс жаудырмады. Ол жай ғана мен де соған лайықтымын деп шешім қабылдады. Ол таудың шыңына жетер күш-жігер одан табылатындығына бір сәтке де күмәнданбады. Ауылының «Өркендеу» деп аталынуы оны одан сайын жігерлендіре түсті. Мұны ол белгі деп қабылдады.

Үй ішіндегілер ақшадан тарыққан сайын ол қалайда мақсатына жетуі керектігін ұғынды. Сөйтіп тәуекелдің жел қайығына мініп, ұялы телефондар сата бастады. Біртіндеп киім-кешек саудасына көшті. Қысқасы, алып-сатудың мәстеріне айналып шыға келді. Алайда маркетингтің күшін соғымның етін сатқанда бір-ақ сезді. Адамның қызығушылығын оятатын мәтін, бағаның уақытқа байлануы, сол хабарландырудың тиімді платформаға шығуы тез нәтиже алып келетіндігіне көзі жетті де қайран қылды. Сол кезде тағы бір арман ой-санасында жылт еткен болатын. Бірақ ол туралы кейінірек.

Адам жетістікке жету үшін үш-ақ нәрсе қажет дейді бүгінде IMG (Халықаралық тәлімгерлер орталығының) құрушысы, “Атамекен” кәсіпкерлер палатасының 2018 жылдың үздік бизнес-тренері Айбек Жартыбаев.

Ниеттің түзу болуы, амалдың жасалануы, ықыластың бөлінуі –табыстың құпиясы. Оның бай боламын деген мақсаты болды және ол соның амалдарын қарастырды. Осы бір табандылықтың арқасында бүгін ол армандаған шыңынан сізге қарап  қол бұлғап тұр.

Сұраған адамның көңілін қалдырмай, соңғы мың теңгесін беруге даяр бизнесмен қайырымдылықты, қарапайымдылықты бірінші орынға қоятынын тілге тиек етті.

Ең қызығы, ол бизнес-әдебиеттерді оқымайды. Парақтап қарап шығады, алайда кітап құшақтап жатпайды екен. Білім кітаптан бұрын тәжірибемен келетіндігіне сенімді.

Ата-әжесінің баласы бүгін ақсақалдардың сөзін ұйып тыңдайтын, Қазақстанның қасиетті жерлерін аралағаннан жаны сергитін белді кәсіпкер.

Күні кеше қазақстандық GoSauda онлайн сату алаңының тұсауы кесілді. Тек Қазақстанды емес,шетелдіктердің қызығушылығын оятпақ ниеттегі GoSauda – кезінде бозбала Айбектің ой-санасында жылт еткен арман.

«Мен қазір өз жиған-терген білімімен бөлісуге даяр екенімді ұқтым. Сондықтан да IMG-дің (Халықаралық тәлімгерлік орталығының) жұмысын жандандыруға бел шештім»,-дейді Айбек Жартыбаев.

1 сағаттың ішінде өз өмірін бүкпесіз баяндап берген кейіпкеріміз жетістікке жеткісі келетін жастарды табысқа жетелейтін бір кітапты шығаруды ойластырып жүргенін айтып қалды.

Ол ойластырған дүние іске аспай қалған емес, әзірге…

Сұхбаттасқан: Жазира Байдалы

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Close