Кітап

Байлық деген, кедейлік деген… Саидмурод Давлатов жаңа кітабын шығарды

Байлық деген, кедейлік деген сіз ойлағаннан мүлдем өзгеше

«Байлық деген жоспар, кедейлік деген ақылсыздығың» – Саидмурод Давлатовтың «ТМД аумағында қалай миллионер атануға болады?» кітабының негізгі идеясы. Еңбекқор құмырсқаны адам баласына үлгі етіп, «Құмырсқа пәлсапасы» сериясымен шыққан бестселлер кітаптардың авторы Саидмурод Давлатов  – өркендеп жатқан 23 бизнесі бар мультимиллионер. Онымен қоймай, «САМО» адамды дамыту орталығының жетекшісі. Balbal.kz осыған дейін Саидмурод Давлатовтың ең алғашқы бестселлері «Мен және» ақша кітабы туралы материал дайындаған болатын. Ал қазір 2019 жылдың 15 қарашасында Алматыда тұсауы кесілген су жаңа кітабы туралы әңгіме қозғамақ.

Кітаптардың кенті

Дәл осы жерде Саидмурод Давлатов «ТМД аумағында қалай миллионер атануға болады?» деген жаңа кітабының тұсауын кесті. Жиналған адамның қарасы қалың болған шарада отырғандардан қарағанда тұрып тұрғандар көп болды. Қою көк костюмін киген Саидмурод Давлатов ұсынылған микрофоннан бас тартып, мотивацияға толы әңгімесін бастап кетті.

Саидмурод Давлатов:

«ТМД аумағында қалай миллионер атануға болады?»

2007 жылы қарызға белшесінен батқан мен тығырыққа тірелгендердің рейтингі жарияланған болса, міндетті түрде бірінші орын алушы едім. Себебі жағдайым шын мәнісінде қиын болды. Тіпті кейбір адамдар сыртымнан күліп жүргенін іштей сезіп, біліп жүрдім. Бірақ бір нәрсе айтайын, бір жағдайға екі түрлі тұрғыдан қарауға болады. Мысалы, жерге түскен доп көтеріліп домаласа, мұны физика заңдылығы дейміз. Ал құлаған адам қайта көтерілсе, ол тек қана рухтың мықтылығы. Мен бар қарызымнан көтеріліп, бизнесімді өз қолыммен аяққа тұрғызған адаммын. Мені миллионер еткен екі дүние бар: ол – рухым, дұғам және еңбекқорлығым.

Жылдар бойы жинаған тәжірибемді есепке ала отырып, «ТМД аумағында қалай миллионер атануға болады?» деген кітапты шығаруға бел будым. Осыған дейін жеке қаржы сауаттылығы, отбасы капиталы, бай және кедей саналы адамдардың айырмашылықтарын қозғап, «Құмырсқа пәлсапасы» сериясымен қаншама кітап шығардым. Ал енді осы кітаптардың барлығын оқып, бизнес ашамын және бизнесімді өркендетемін деген оқырманыма бар білгенімді жайып салғым келді.

                                                        Кәсіпкердің өмірі

Білесіз бе, адамның алдында екі таңдауда тұрады. Біріншісі – кәсіппен айналысу, екіншісі біреуге жалданып жұмыс істеу. Ең қиыны – жеке кәсіп болса, ең жеңілі – жалдамалы жұмыс. Жалдамалы қызметкер шын мәнісінде өзгеге емес, өзіне ғана жұмыс істейтінін білмеуі мүмкін. Өзіңіз ойланып қараңызшы, мазасы кетсе, «ауырдым» деп сұранады, еңбектенуге құлқы болмаса, ұялысын шұқып отырады, нақты тапсырма алса, оны барынша созып орындайды. Бар ойы айдың аяғында алатын айлығында. Ал кәсіпкерлер таңнан кешке шейін зыр жүгіріп жүреді. Қызметкерлерінің айлығы, клиенттердің ризашылығы, сатылымның статистикасы, инвестор алдындағы жауапкершілік, мемлекетте төленетін салық – ол бас қатыратын дүниелердің бір бөлігі. Оның ауыра салуға, уақытты соза беруге, жұмыстан нәтиже шығармауға құқы жоқ. Ол баршаның алдында жауапкершілігін-міндетін атқарып болған соң ғана өзінің жеке басын ойлайтын адам.

Кәсіпкердің өмірі жұмақ деп ойлап жүрсеңіз, шындық, міне, осы. Алайда кәсіпсіз өмір сүру одан да қиынырақ дегім келеді. Себебі өмір жыл өткен сайын қымбаттап келеді. Біз ертең оқу орнының ақысы, бір айлық азық-түлікті алуға кететін қаражаттың мөлшері қандай болатынынан бейхабармыз. Сондықтан да кәсіп бастауды ертеңгі күннің қамын жеу деп қарастырған абзал. Бүгінгі таңда жалқау болу, ақымақ болып көріну тиімсіз.

Өмірдің қарапайым ережесімен таныссыздар ма? Барымен бөліскен адам көп нәрсеге қол жеткізеді. Сондықтан да қабілетімен өзгенің өмірін жақсартып, пайдасын тигізуді ниет еткен кәсіпкер күндердің бір күні табысты адамға айналуы – өмірдің заңдылығы.

Кәсіпті бастауды қорқатындар үшін

Әр адамда бойында әйтеуір бір қабілет барын білеміз. Алайда барша адам қабілетті болғанымен табысты емес. Өйткені олар сол қабілетін күн сайын бұлшық етті жаттықтырғандай дамытпайды. Қолыңнан келетін дүниені күн сайын бір қалыпта жасау шеберлікті арттырады. «Мынау нәрсе менің қолымнан келмейді» деп налитындарға осы техниканы қолдануға кеңес берем. Мектеп табалдырығын аттағанда біз жазуды қалайша үйрендік? Күн сайын мұғалім әріптерді қайта-қайта дәптерге көшірткізіп жазғыза берді. Нәтижесінде жазуымыз қалыптасты. Демек бұл техниканы біз кез келген салада да қолдана аламыз. Бір де бір жаттығудан қалмайтын спортшы бір күні қалай спорт шебері атанса, біз де қалаған бағытымыздың шебері, эксперті атана аламыз. Ал жеке кәсіпті бастау үшін алдымен өз салаңыздың эксперті атануға ұмтылу қажет. Атақты «Мың бір түн» шығармасына келер болсақ, бұл да сол техниканың тиімді жұмыс істейтіндігінің дәлелі. Себебі Шехризаттың әр кеш жамылған сайын хикаяларды айтуы («1001» түннің айтар ойы, көздегені бір мақсат-идея болғандықтан) ақыр аяғында падишасының өмірлік көзқарасын-ойын өзгертті.

Сіз қазір өз жалдамалы жұмыскерсіз. Ендеше бірінші кеңеске сәйкес сіз күн сайын өз міндетіңізді сабырлы қалыппен жоғары деңгейде орындауға тырысасыз. Күн сайын журналист болсаңыз, ізденіп мақала жазудан, менеджер болсаңыз, адамға қоңырау шалудан жалықпайсыз. Уақыт өте келе сол шаруаны сіздей тындыратын алатын адам болмайды.

Бизнес серіктеске айналасыз

Сіз ең үздік қызметкерге айналасыз. Содан соң ғана бастығыңызға компания жұмысын жақсартатын кемінде 3-5 идея ұсынасыз. Бұл идеяларды ұсынған сіз екендігіңізді ұжымның білуі міндетті. Сосын сол идеяларды асыруға уақыт пен күшіңізді жұмсайсыз. Одан сайын ұжымның, бастығыңыздың көзіне түсесіз. Күндердің бір күні өзіңіздің тәжірибеңіз бен беделіңізге сүйене отырып, бастығыңыздың алдына кіріп, партнер болып жұмыс істеуге ұсыныс айтасыз.Бұл басында сізге қорқынышты естілуі мүмкін. Алайда қарбалас өмір сүретін кәсіпкер үшін ең тиімдісі не деп ойласыз? Ол, әрине, өз ісін білетін, өз жұмысын сүйсініп істейтін алға ұмтылғыш адамдармен міндеттерді бөлісу. Мысалы, сіз сатушысыз. Енді сіз жаңадан бой көтерген ауданда дүкен тұрғызуға, сол дүкеннің шаруасын толыққанды өз мойныңызға алуға ұсынысыңызды айтасыз. Табыстың белгілі бір пайызын алуға отыруға келісесіз. Бастығыңыз қуана-қуана келісетіндігін алдын-ала айтамын.

Мен ТМД аумағында және одан тыс мемлекеттерде өнімді жұмыс істеп жатқан 23 түрлі бизнесім. Олардың барлығына бас-көз болуға қалайша уақыт табамын? Таппаймын. 23 бизнеске уақыт бөлу, шаруасын реттеу жай ғана  мүмкін емес. Әрбір бизнесімде партнерім бар. Олардың барлығы өз ісін жақсы көретіндер әрі тәжірибелі мамандар. Сондықтан да мен оларға өз ісімен айналысуға әрі өзіне, маған пайда әкелуіне мүмкіндік беремін.

Сонымен жек кәсіп бастау үшін 3 қадам жасайсыз:

Ең үздік қызметкер атанасыз;

Компания жұмысын жақсартатын 3-5 идея ұсынасыз;

Партнер болуға ұсыныс айтасыз.

Кітапты қалай оқу керек?

Сіз маған бизнеске байланысты көп кітап оқитындығыңызды, семинар мен тренингтерден қалмайтындығыңызды айтасыз. Алайда табысты емеспін деп көңілсізсіз. Кітап оқымайтын, өзін дамытуға тырыспайтын танысыңыздың тасы өрге домалағанына таңсыз. Мұны барып тұрған әділетсіздік көресіз. Білесіз, кітап деген дән. Сіз дән егуге міндеттісіз. Егер сіз дән егіп, алайда егін жинап алмасаңыз, мәселе басқада. Демек сіз әлі өз жолыңызды-ісіңізді тапқан жан емессіз. Сізге әлі пісіп-жетілуге уақыт қажет. Ал өз миссияңызды анықтап, қабілетіңізге сай қызмет бастағанда сіз кітаптан алған біліміңіздің арқасында кітап оқымаған танысыңызды басып озасыз. Бұл да заңдылық. Танысыңыздың табысына, жайлы өміріне қызғана қараудан аулақ болыңыз. Әрқайсымыз миллионер атана аламыз. Мен бұған кәміл сенемін. Тәжікстанның бір түкпірінен шыққан бала қазір сіздердің алдарыңыздан мультимиллионер ретінде мотивациялық әңгімесін айтып отыр. Әркімнің бай болуға құқы болмаса, мен бұл жерде тұрар ма едім?! Адамға молшылық пен байлық алып келетін бір-ақ идея. Миллион алып келетін идея әрқайсымыздың басымызға келеді. Алайда біз қаракет жасамай, «қиялисың» деп мазақ болудан қорқып, идеяны іске асыруға талпынбаймыз. Басымызға қонатын бақыт құсы-ойымызға келетін идеяға кейде тіпті мән бермейміз. Жақсы идея деп ойлаймыз да сәлден соң ол туралы ұмытып кетеміз.

Жалпы, өмірді өзгерту үшін 3 әрекет жасауға кеңес беремін:

Арман-қиялыңдағы болашақ өміріңді сипаттап жазу;

Сосын сол армандарыңның қашан орындалуы қажет екендігін анықтау. Бұл жетістікке 25 жасымда жетуім керек дейсіз;

Осы жетістікке жетуім үшін нені білуім қажет, нендей қабілетімді шыңдауым шарт деп ойластырасыз. Сосын сол мақсаттарды көздеп қана қоймай, соларды іске асыруға кірісесіз.

Байлық деген не, кедейлік деген не?

Қалтаңда ақшаң жоқ болса, кедейсің деген сөз емес. Ақылға кенде адам нағыз сорлы, нағыз кедей. Байлық та барлығы бір ауыз «ақша» десе де, ақша емес, ол – адам сенгісіз болса да құр жоспар. Сондықтан да бай боламын, миллионер боламын десеңіз, өмірді, табысты жоспарлауды тездетіп қолға алыңыз. Байлық деген жоспарлау екендігін ұғыңыз, кедейлік деген ақылды дамытпау екендігін мойындаңыз.  Жоспарға сай білім жинаңыз. Жоспарға сай белсенді болыңыз. Қолы ашық мейірімді адам болудан айнымаңыз. Сұрағанға беріңіз, беріп жатып жақсылықтың Жаратқаннан қайтуын ғана тілеңіз.

Материал Саидмурод Давлатовтың «ТМД аумағында қалай миллионер атануға болады?» кітабының тұсаукесер шарасы барысында айтылған әңгімесі негізінде дайындалды.

Дайындаған: Жазира Байдалы

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!