Миллионер

Брайан Трейси: «40+» формуласы арқылы қалай табысқа жетуге болады?

"Миллионерлердің 21 құпиясы"

Бай болып, табыс сырын үйренгім келеді десеңіз, өз тәжірибеңізде «40+» формуласын қолданып көріңіз. Бұл формула бойынша адам бір аптада 40 сағат «өмір сүру үшін» жұмыс істейді, ал қалған 40 сағаттан тыс уақытты – табысқа жету үшін жұмсайды.

Егер сіз күнделікті 40 сағат жұмыс істейтін болсаңыз (бүгінде жұмыс аптасының орташа ұзақтығы – 35-40 сағат), онда тек өмір сүріп жүрсіз. Сол себепті ешқашан алға жылжи алмайсыз. Үлкен қаржылық табысқа жетем деген ойыңыз да құр әурешілік. Әріптестеріңіздің де сізді сыйлап, жоғары бағаламайтыны сондықтан. Аптасына тиісті қырық сағаттық жұмыспен шектелсеңіз, талантыңызды шыңдауыңыз да екіталай.

Есесіне 40 сағаттан тыс уақытты сіздің болашағыңызға салған инвестицияңыз деп есептеуге болады. Әр аптада қырық сағаттан тыс уақытыңызды қандай жұмысқа арнайтыныңызды бақылап көріңіз, сол кезде 5 жылдан кейін қайда болатыныңызды өзіңіз-ақ аса дәлдікпен болжай аласыз.

Таза өз еңбегімен ақша тауып жүрген америкалық миллионерлер аптасына 59 сағат жұмыс істейді. Көпшілігінде, бұл көрсеткіш 70 немесе 80 сағатқа жетуі мүмкін. Әсіресе кәсіпкерлік мансабының алғашқы кездерінде бұл көрсеткіштің деңгейі көп болады. Олар, орташа есеппен, аптасына 5 күн емес, алты күн еңбектенеді. Әрі олардың жұмыс күндері тым ұзақ. Егер сіз миллионермен сөйлескіңіз келсе, онда оған жұмыс уақыты басталар кезде немесе жұмыс уақыты бітер сәтте хабарласыңыз. Өзі ақша тауып, байыған миллионер, қатардағы қызметкерлер енді жұмысқа келіп жатқан кезде жұмыс үстелінің басында отырады және жұмыс уақыты бітіп, ел үйді-үйіне тарқасқан шақта да сол жерден табылады.

«Жұмыс орнында тек қана жұмыс істеңіз» деген жақсы кеңес бар. Жұмыс істеп отырып, уақытыңызды тиімсіз нәрселерге жұмсамаңыз. Таңертең кеңсеге кірген бойда жұмыс үстеліңізге отырып, алдыңызда жатқан қағаздарға үңіліп, бірден жұмыс істеуді бастап кетіңіз. Егер әріптестеріңіз сіздің ойыңызды бөліп, әңгімелесуге шақырса, кешірім өтініп: «Мені жұмыс күтіп тұр!», — деңіз.

Бұл үй шаруасымен айналысуды, достарыңа хабарласуды, әріптестеріңмен сөйлесуді немесе газет оқуды доғару керек деген сөз емес. Алайда жұмыс уақытында, міндетті түрде жұмыс істеңіз. Бүгіннен бастап фирмаңызда бәрінен де қарқынды әрі көп жұмыс істейтін адамның беделіне жету үшін алдыңызға мақсат қойыңыз. Ол өз кезегінде сізге көмек қолын созуға дайын адамдардың санын арттырады.

Авторы: Брайан Трейси, «Миллионерлердің 21 құпиясы»
Аударған: Маржан Сәбет

 

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!