Табыс

Димаш Құдайберген. Жетістік тек қана еңбекпен келеді

Димаш Құдайберген - әлемдік бренд.

Димаш Құдайберген бүгінде алты құрлықты өнерімен тәнті еткен танымал әнші. Таудай таланттың артында қажырлы еңбектің жатқанын байқамау мүмкін емес. Оны өз сұхбаттарында да жиі айтады. Ендеше Balbal.kz сайты Димаш Құдайбергеннің сұхбаттар барысында айтқан оймақтай ойларын назарларыңызға ұсынбақ.

Димаш Құдайберген: 

Ұлы ғалым Омар Хайямның «Бай және танымал адамдарға қызықпаңыз, өйткені атқан таңның батар күні бар» деп айтқан сөзі жадымда сақталып қалыпты. Қазір менің өмірімде болып жатқан қызықты сәттердің бәрі, әртістік өнерім, сөздің шындығына келгенде, уақытша дүние. Күндердің бір күні мен де сахнадан түсіп, көрермендердің қатарында отырамын. Сол кезде қасымдағы бұрыннан араласқан, бірге жүрген бауырларыммен, көрермендеріммен жылы сөйлесіп, олардың көзіне тік қарай алғым келеді.

***

Жеңіс тұғырына шығуға ең алдымен Жаратушымыз көмектесті. Одан кейін менің аяқ алысымды бақылап, демеп жүретін ата-анам. Әр адамның өмірде рухани тұрғыда тәрбиелейтін, кәсіби тұрғыда дайындайтын ұстаздары бар. Менің өмірлік ұстазым, өмірлік кумирім – әкем және де анам.

***

Адамдар жұлдыз ауруы болады, кейін басылады деп айтып жатады ғой. Негізінде ол басылмайды. Бірақ болып жатқан жағдайларға кәсібіңіздің бір бөлшегі ретінде қарасаңыз және сабырға келсеңіз, барлығы дұрыс болады.

***

Мен бір бағытпен шектеліп қалғым келмейді. Сондықтан алдағы 10 жылдықта дәл бүгінгі Димаш болмауым керек. Мен жыл сайын өзімнің біліктілігімді жетілдіру мақсатында көп еңбектенемін. Музыкалық білім алып жүргеніме 20 жылдан асты.

***

Бәрі мені жеңіс тұғырынан көріп жолы болғыш деп ойлауы мүмкін. Бірақ маған ештеңе оңайлықпен келген жоқ.

***

Менің жүрегімді ашсаңыздар да музыканы, миымды ашсаңыздар да музыканы табасыздар.

***

Мен қазірдің өзінде чемпионмын.

***

Ойламаған жерден, күллі әлемнен адамдар хабарласып жатқан кезде өзім де таң қалдым. Көрермендердің қошеметіне бөлендім. Әрине, көпшіліктің көңілінен шығып, ықыласына бөлену үшін бала кезімнен бері еңбектендім. Осылай болатынынан үміттеніп жүрдім.

***

Өзімнің ойымдағыны, көңілімдегіні шығармайынша байыз таппаймын. Ол не нәрсеге болса да қатысты. Тіпті, біреумен ойын ойнап тұрып, жеңіліске ұшырағым келмейді. Сол үшін нақышына келтіріп ойнаймын.

***

Тың дүниелердің жарық көруіне ең басты себеп – музыкалық талғам деп ойлаймын. Барлығы тек табиғатпен ғана келмейді. Ол үшін адам оқуы керек. Көп адамдар «ән айту өте жеңіл сала» деп қате пікір қалыптастырып алған. Керісінше ол математикадан қиын болмаса, одан жеңіл емес.

***

Жақсылық та, жамандық та өмірдегі бір сәт қана. Адамның рухани құндылығы оның кәсіби біліктілігінен де маңызды деп білемін. Өйткені барлығымыз бұл өмірге адам болу үшін келдік. Әнші болу үшін емес, мұғалім болу үшін емес. Біз адам болу үшін жаратылдық. Сол себепті адами қасиеттер мен рухани құндылықтарды сақтап қалу – біздің ең басты парызымыз деп ойлаймын.

***

Менің әрбір ісім, жасаған әрбір әрекетімнің ұшқыны тікелей ата-анама келіп тиеді. Димашқа ата-анасы дұрыс тәрбие бермеген деген сөзден аулақ болу үшін өзімді барынша дұрыс ұстауға тырысамын.

***

Бір әншіден журналистер: «Сіз 40 жылдан астам уақыт бойы көптің көңілінен шығып келе жатқан ірі «жұлдызсыз». Сізге қиын емес пе?» деп сұрапты. Сол кезде ол «Өте қиын» деп жауап береді. «Шаршаған жоқсыз ба?» деген журналистердің сұрағына «Қатты шаршайсың, қиналасың, егер сен өзіңді шынымен де «жұлдызбын» деп санасаң» деп жауап береді.

***

Менің де ашуланатын кездерім, бетке айтып қалатын сәттерім болады. Мен де кәдімгі адамдардай таңертең ұйқыдан тұрамын, тамағымды ішемін, достарыммен қалжыңдасамын. Барынша қарапайыммын.

P.S Материал Димаш Құдайбергеннің түрлі арналарға, басылымдарға берген сұхбаттары негізінде дайындалды.

Дайындаған: Маржан Сәбет

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Close