Табыс

Дропшиппинг бойынша кәсіп бастаудың жолдары

Дропшиппинг туралы не білесіз?

Дропшиппинг деген не? Күрделі атау болғанымен, мағынасы сіз бен бізге жақсы таныс. Ағылшын тілінен аударғанда Dropshipping «тікелей жеткізу» дегенді білдіреді. Яғни тауарды өндірушіден тапсырыс берушіге тікелей жеткізуші.

Өндіруші мен тапсырыс берушінің арасында міндетті түрде делдалдар жұмыс істейді. Делдал дегеніміз – негізінен арада сауда-саттықпен айналысуға шешім қабылдаған кез келген кәсіпкер. Дропшиппингпен айналыспас бұрын ең алдымен интернет-дүкенді іске қосқан жөн. Бұл ең алдымен тұтынушылар үшін  тауарлар тізімін жасақтап, ұсынуға мүмкіндік береді. Алайда интернет дүкен болғандықтан, өзінің арнайы қоймасы болмайды. Сонымен қатар арнайы тауарлар да сатып алынбайды. Ал дропшиппингпен жұмыс істеу төмендегідей кезеңдерден тұрады: 

  • Интернет-дүкеннің парақшасында тауар туралы ақпарат жарияланады.
  • Клиент тапсырыс береді және қажетті төлемдерді жасайды.
  • Дүкен иесі қажетті өнім туралы деректі жеткізушіге/өндірушіге береді.
  • Ол өз қоймасынан тапсырысты сатып алушыға жөнелтеді.
  • Дүкен иесі соманың бір бөлігін өзінде қалдырады, ал өндірушіге тауардың таза құнын төлейді.

Бұл кәсіпті бастамас бұрын ұсақ-түйек жұмыстардың барлығын толық қарап шыққан жөн. Сол кезде ғана жеткізу барысында кідірістер болмайды.

Дропшиппингтің артықшылықтары мен кемшіліктері қандай?

Дропшипингті қалың оқырманға таныстыра отырып, оның артықшылықтары мен кемшіліктері туралы айта кеткеніміз жөн болар. Кез келген кәсіп түрі сияқты оның да артық-кем тұстары бар. Ол тура бізге дропшиппинг бойынша сөмке және бижутерия сатумен айналысатын кәсіпкерлер Әсел Сапарбаева мен Айнұр Жәнібекова өз тәжірибелерінен баяндап берген болатын.

Әсел Сапарбаева: 

Дропшиппинг бойынша кәсіп бастаудың жолдары, Әсел Сапарбаева
Әсел Сапарбаева @atyraubags интернет-парақшасының иесі

Менің бұл кәсіппен айналысып жатқаныма көп уақыт өте қойған жоқ. Десе де декреттік демалысқа шыққаннан кейін міндетті түрде бір істі бастауым керек деп көп ойландым. Ойлана келе ісім міндетті түрде өзіме ұнауы керек деп шештім. Кез келген қыз-келіншек сияқты мен де әсемдікті жақсы көремін. Қазір таңда атыраулықпын. Сонымен сөмке сатуға кірісіп кеттім. Барлығын интернет арқылы жүргіземін. Яғни инстаграм әлеуметтік желісінде арнайы парақшам бар. Сол жерге сөмкелердің үлгісін, бағасын күн сайын салып отырамын. Ал клиенттерім ұнатқан сөмкесін таңдап, маған хабарласып жатады. Мен оны Алматы қаласынан алдыртып, тапсырыс берушілерге тегін жеткізіп беремін. Әлбетте, мен де өз тәжірибемде байқағандай артықшылықтары мен кемшіліктері жоқ емес. Олар:

Артықшылықтары

  1. Сөмкелерді алдын ала дайындайтын арнайы орын керек емес;
  2.  Жұмыс жүргізу үшін белгілі бір кеңсенің қажеті жоқ:
  3.  Таза табысқа шығуға болады;
  4.  Бастау үшін көп қаражатты керек етпейді.

Кемшіліктері:

  1. Бәсекелестер өте көп;
  2.  Кейде тапсырыс берушілер сөмкенің сапасын алдын ала білмедік деп жатады.
Дропшиппинг бойынша кәсіп бастаудың жолдары, Әсел Сапарбаева
@atyraubags

Иә, кемшіліктері көп емес. Оның да алдын алуға болады. Бәсекелестік кез келген халыққа қажетті саланың бәрінде бар. Ал сапаны уақыт өте келе басты орынға қойып келемін. Бастысы көп шығындалмайсың. Қаражат тек инстаграм парақшасын жүргізуге қажет. Өйткені бұл салада парақшаның сапалы болуы, оқырмандардың көптеп жазылуы маңызды.

Айнұр Жәнібекова:

Дропшиппинг бойынша кәсіп бастаудың жолдары, Айнұр Жәнібекова
Айнұр Жәнібекова @aishu_silver интернет-дүкенінің иесі

Мен күміс алқалар, сақиналар мен білезіктерді әлеуметтік желі арқылы сатумен айналысамын. Оларды негізінен шетелден алып келеміз. Яғни шетелдік өндірушілердің тауарларын осында жеткіземіз. Бастамас бұрын, әрине, инстаграмнан бизнес аккаунт аштым. Мен күнделікті бижутерия туралы жазбалар салып отырамын, оларды барынша жарнамалаймын.

Айнұр жәнібекова
@aishu_silver

Ең бастысы, тұтынушыларды зерттеймін. Біздің тұтынушыларымыз 16-35 жас аралығындағы қыз-келіншектер. Тұрақты клиенттерім де бар.

Мен барлығына жоспар құрып, дамытуды нақты қадамдармен жүзеге асырдым. Ашқаныма аз уақыт болса да өз нәтижесін беріп жатыр.

Дропшиппингті дамытудың 3 қадамы

1. Нарықты зерттеу

Сіз ұсынатын өнімнің қаншалықты қажеттілігі бар екенін анықтау керек. Тіпті қызмет көрсету сапасы да қандай деңгейде жүргізілуі керектігін алдын ала білген жөн. Нарықты зерттеу арқылы сіз неге қол жеткізесіз?

  • бәсекелестік деңгейін анықтайсыз;
  • негізгі бәсекелестеріңізді танисыз;
  • олардың жұмыс жүргізу барысымен танысасыз.

2. Өндірушіні табу

Өндірушіні іздеу бұл ең маңызды бөлім. Өндірушілермен жұмыс істемес бұрын олар туралы пікірлерге құлақ асыңыз. Қазіргі таңда өндірушілермен дропшиппинг бойынша жұмыс істеу тиімді әрі олар үшін де пайдалы болмақ.

Жауапты өндіруші жеткізуге, ақша аударымдарын қорғауға және т.б. қызмет түрлеріне міндетті түрде кепілдік береді.

3. Сайт немесе әлеуметтік желіден парақша ашу

Сайт немесе әлеуметтік желіні жүргізу тауарды тұтынушыларға таныстырудың негізгі құралы. Оны жүргізу аса қиын емес. Ол үшін:

  • мақсатты аудиторияны дұрыс анықтау;
  • сату ұсынысын жасау;
  • интернет-дүкеннің парақшасын сапалы контенттермен толтыру қажет.

Дайындаған: Маржан Сәбет

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Close