Табыс

Джордан Белфорт: Сауданы өзіңізді маман ретінде сатудан бастаңыз

Джордан Белфорт – Уолл стрит қасқыры

Джордан Белфорт – америкалық кәсіпкер, оратор-мотиватор. 1980 жылдардың соңында брокерлік қызметі арқылы миллионер атанған. «Уолл-стрит қасқыры» фильмінен кейін аты әлемге танымал болды.

Balbal.kz мотивациялық сайты Белфорттың сату өнеріндегі атақты кеңестерін сіздермен бөлісіп отыр.

Сатудың түзу сызығы

Белфорт сатуды кезең-кезеңге бөлмейді. Оны түзу сызық түрінде көрсетеді: сызықтың басы – сатылымның басталуы (сатып алушымен алғашқы байланыс), соңы – мәмілеге келуі.

Сатып алушы сізді тыңдап, келісім жасаса – түзу сызық бойымен жақсы сауда жасалғаны. Алайда үнемі олай бола бермейді. Адамдар тақырыптан ауытқып әртүрлі сұрақтар қоюы мүмкін. Сізді сынау мақсатында пікір де айтылады. Егер ойыңызды жинақтай алмай, қисынсыз сұрақтарына жауап берсеңіз, саудаңыз күйреді дей беріңіз.

Саудада нокаут алмау үшін

Сізді клиент тыңдап, 20-30 секундта ақшасын қалдырғанын қалайсыз. Мұндай шешімге келуі үшін сатып алушы сенетіндей дос болуыңыз керек. Алайда сенімге кіру сіз қалағандай тез бола қоймайды.

Сатып алушымен сенімді, нәтижелі байланыс орнатқыңыз келсе, сіз:

  1. Алмастай өткір болыңыз. Әр сөзіңіз анық, әсерлі болғаны жөн. Ойды жүйелеп, сөзді тура жеткізіңіз.
  1. Ерекше құлшыныспен түсіндіріңіз. Бұл – сіздің энергияңыз. Адамдар сізбен сөйлескісі келе беретіндей оң әсер қалдырыңыз.
  1. Маңызды тұлға екеніңізді сезіндіріңіз. Сатып алушы сізбен ақылдасатындай ойда болуы керек. Беделіңіз рөл ойнасын. Мәселен, дәрігерге барғанда дипломын сұрамайсыз ғой?! Сіз оған сенесіз. Ұсынған дәрісін қабылдайсыз. Ал медбикелерге (білімді болса да) бейсаналы түрде өзгеше көзқарас танытасыз. Сондықтан адамдар сізді сынайтын емес, сізге сенетін маман екеніңізді дәлелдеңіз.

Сатуды бастамай тұрып бойыңыздағы осы қасиеттерді оятыңыз. Әйтпесе сатып алушы жағдайды басқарады. Ал сіз рингте тек қорғанып жүретін боксшыға айналасыз.

Уолл-Стритке жеткіңіз келсе…

Кейде «Мұны неге айттым, неге істедім?!» дейтін сәт болады. Мағынасыз жұмыс істеп жүргендей боласыз. Ал келесі күні жұмысыңызға риза болып қуанасыз. Өзіңізді бір күні ақылды, бір күні ақымақ сезінесіз. Алайда бұл сіздің жақсы не жаман маман екеніңізді білдірмейді. Тек құбылмалы ішкі жағдайыңыз ғана. Ең басты қасиетіңіз – жан-дүниеңіздегі сезімді ісіңізге сай басқара алғаныңыз. Айталық, егер сіз ата-ана болсаңыз, сіздегі басты қасиет – шыдамдылық.

Уолл-Стритке жеткіңіз келетін бизнесмен болсаңыз, мына қасиеттер бойыңыздан табылуы тиіс:

  • Сенімділік (өз ісіне сену);
  • Нақтылық (эмоцияға берілмей анық, дәл ойлау);
  • Батылдық (байлар да қорқады, бірақ істейді).

Жеңілмейтіндей жұмыс істеңіз

Белфорт барлық сауданың бірдей екенін қайталап айтудан жалықпайды. Тек кеңестерді іс жүзінде жасау керек. Басынан бастап жеңілмейтіндей жұмыс істеңіз. Сонда сатып алушы сізге, сіздің саудаңызға үстемдік етпейді. Сатуда шеберлікпен қатар жоспарлы түрде әрекет жасау керек. Джордан Белфорт жоспар құратынын және бұл мықты нәтиже беретінін айтады.

Дайындаған: Құндызай Әмірбекқызы

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!