Миллионер

Мұхтар Сыздықов. «Baursak City» — ұлттық асханамыздың айнасы

Мұхтар Сыздықов кәсіп ашудағы негізгі мақсатымен бөлісті.

Мұхтар Сыздықов – кәсіпкер, «Baursak City» мейрамханасының иесі. Алматы шаһарындағы алдыңғы қатарлы мейрамханалардың біріне айналған «Baursak City» қалай ашылды? Мейрамхананың ерекшелігі мен қоғамдағы миссиясын білу мақсатында balbal.kz сайты Мұхтар Сыздықовты әңгімеге тартқан болатын. 

Әр ұлттың, яғни, өзін ұлтпыз деп есептейтін халықтың сонау бағзы заманнан қалыптасқан менталитеті, тамақтану мәдениеті бар. Ал бізде белгілі бір ереже қалыптаспаған. Бірде жолым түсіп Францияға бардым. Онда Поль Бокюздың атақты мейрамханасы бар. Жалпы, Франция мейрамханаларының негізін қалаушы да сол Поль Бокюз болған. Атақты мейрамханаға кез келген уақытта кіріп бару мүмкін емес. Үлкен мейрамханаға қонақ болу үшін,алдын-ала 3-4 ай бұрын жазылуың қажет. Менде 3 ай бұрын жазылып қойдым. Сөйтіп, барсам, «Поль Бокюзданың» ішінде ешкім жоқ. Француз мейрамханасының ережесі бойынша, өздігіңнен кіріп, отыра беруге болмайды. Ал біз 20 минут ерте барғанбыз.

Орнымызға жайғаса берсек болмай ма деп сұрақ қойдым. Сонда мені апарған ГИД қызметкер: «Жоқ болмайды, бәрі өз уақытымен. Бұл сыйламағандық болып саналады», — деді. Мен: «Бұл атақты мейрамхана, қаншама ай бұрын жазылдық. Бірақ мұнда жан баласы жоқ қой», — дедім. Сөйтсем, француздар  тек уақытымен тамақ ішеді екен. Мен секілді жазылып қойған қонақтар дәл уақытында, сағат 7-де келетін көрінеді. Ешқандай әсірелеусіз, минимализммен жасалған, жайлы, тартымды. Өте үлкен тарихи ресторан шынында да кешкі сағат  7 мен 8 аралығында адамға лық толды. Және бәрі бір уақытта шығып кетеді екен. Мейрамханаға келген қонақтың туған күні болса, тәтті торт әкелініп, құттықтау айтылады. Ал оған бүкіл мейрамхана қонақтары орындарынан тұрып, ән айтып, қошемет көрсетеді. Ол жерде бай да бар, спротшы да, өнер адамы да, қарапайым шаруа да отыр. Бірақ бәрі де бір деңгейде, өздерін қарапайым ұстайды.

Қасаң қағидадан қашан құтыламыз?

Менің де мақсатым сондай. Өзіміздің ұлттық асханамыздың менталитетін қалыптастыру. Неге қазақта тамақтану үрдісі жоқ десеңіз, біздің отырықшы халық болғанымызға көп дегенде жүз жыл болды. Ал, кейбір өзге ұлттарда ас ішу мәдениеті ғасырлар бойы қалыптасқан. Өйткені, тамақ — сауда-саттықтың, күнкөрістің бір бөлігі болып есептелген. Асханасы танымал  ұлттарда –  кавказ, жапон, француз, үнді, италия, өзбек асханаларындағы аспаздар көбіне ер адамдар.

    Патриот болу — ұлттық тағамның қадір-қасиетін сезінуден басталады

Біз еркектер — соғысқа құмармыз. Біз өз идеямыз үшін өлуге де бармыз. Яғни, ерлер өзі дұрыс деп есептегенді дәлелдеуге дайын. Ал жоғарыда айтқан ұлттардың барлығында қазанның басында еркектер жүреді. Бізде ше? «Қазан-ошақ тек қатынға тән» деген өте жаман стереотип бар. Міне, мендегі миссия — осындай қатып қалған қағидамен күрес жүргізу, өзіміздің ұлттан жақсы балаларды тәрбиелеп шығару. Себебі, мейрамхана ол —  тұтас бір мәдениет. Біз шыр етіп дүниеге келгеннен кейін, ана сүтімен қоректенеміз, анамыздың қолынан тамақтанамыз. Ал ұямыздан жыраққа ұзаған сәтте, шешеміздің әзірлеген асын сағынып, аңсарымыз ауа бастайды. Негізі, ананың қолынан шыққан астың дәмі ауыздан кеткен ұлттан, ұрпақтан патриот шықпайды. Елін сүймеген, туған топырағын сағынбаған перзенттен нағыз азаматтың шығуы да екіталай.Міне, ұлттық тағамның қадір-қасиетін білу – осы мәдениеттің бастауы деуге болады. Елдің жанашыры болып қалыптасуға да ұлттық тағамдарымыздың ықпалы зор.

    Қазақтың мұрасы, тарихы мен тәлімі, өнері мен ілімі тұрмыс-салтында жатыр

Бастапқыда қатты қиналдық әрине. Біздің өзгелерден ерекшелігіміз —  өз ұстанымы мен ұсынысы бар мейрамханамыз. Безендірілу жағынан ерекшеміз. Мұндағылардың барлығы тарихи құнды жәдігерлер. Бұл жерде жүз жылдық тарихы бар кілем де, одан да ұзақ ғасырлар жасаған дүниелер де өз орнын тапқан. Шағын музей десек те болады. Бәрін де өзім маңдай термен іздеп тауып әкелдім. Және қай-қайсысының да тарихы бар. Негізі мейрамхана дизайны киіз үйден алынған. Яғни, мұнда тұрғандардың барлығы қазақтың байырғы тұрмыс-тіршілігінің көрінісі. Шеттен келген қонақтар осы дүниелер мен туындыларға қатты риза болады. Бірде, Baursak City-ге үлкен жастағы Жапон ғалымы келді. Сонда ол: «Сендерде үлкен кілем фабрикалары бар шығар иә?» — деді. «Қазақтың карпет фабрикалары өкінішке қарай жоқ, бірақ қазақтың карпеті мына ұршықтан шыққан», — дедім мен. Сосын диірмен, кебеже-сандық туралы, қалай жасалғанын, оның қандай рөл атқаратынын айтып бердім. Сонда жапондық: «Гений! Менің аталарым ақылды ма десем, қазақ ұлты тіптен данышпан екен», — деп таңырқаған болатын. Әрине, кеудеңді мақтаныш кернеп, мәртебең көтеріліп қалады.

Өзге ұлттан өте ұят!

Алматы орталық қала ғой. Халықтың тығыз орналысып, көп қоныстанған жері болғандықтан барлық мәдениет те, өркениет осы жерден бастау алады. Жастардың қаласы. Осы жастарға жол көрсетіп, бағдаршам болып жүрген жандардың, оқу-ағарту, өнер, денсаулық т.б. салалардың да түп-тамыры осы жерде. Бұрын астанамыз болған ордада, ұлттық нақыштағы ас ішетін жайлы демалыс орнының, бабалар салған жолдар, олар кешкен ғұмырдың көрінісін көріп, сол заманның атмосферасын сезіндіретін жердің болмауы қателік. Сырттан келген меймандарға қазақ деген халықтың кім екендігін көрсететін жердің жоқтығы маған ой салды, идеяға түрткі болды.

Мен ұлтшыл емеспін, ұлт жанды адаммын. Барлық ұлт өкілдерінің біздің жерімізде болғаны жақсы, әрине. Олардың кеткені емес, келгені жақсы. Онымен бірге жаңа күш, мәдениет, жаңаша көзқарас пен талпыныс келеді. Бірақ, өзіңнің мәдениетіңді сақтап қала алмауың — өте ұят. Сондай-ақ, Алматы бизнес орталығы. Барлық жаңалықтар да бірінші осы қалаға жетеді, сосын басқа аймақтарға таралады. Барлық компаниялардың шетелмен байланысы бар. Олар келгенде өзіміздің кім екенімізді көрсете алмау  — бұл да біздің ең кемшін тұсымыз болар еді.

              Арманыма адалмын!

Мейрамхананың ашылғанына 3 жыл ғана болды. Осының өзінде атқарылған жұмыстарға көңілім толады. Мақсат-мүддеміз жүйелі түрде, сапалы қарқынмен жүзеге асып келеді. Тіпті, сұқбат берудің өзі жақсы жұмыс істеуге талпыныс, үлкен күш, энергия сыйлайды. Неге десеңіз, мұндай істің негізін қалап, бастамашы болу – мен үшін үлкен жауапкершілік әрі мәртебе. Өйткені мен өз кәсібім арқылы нәсіп тауып отырмын. Ал сол бейнетімнің зейнетін өз тарихымды насихаттап, ел-жұртқа қазақы тектің болмысын беру арқылы көріп отырмын. Мен үшін ең бастысы да осы!

Сұқбаттасқан: Бекзат Ғажапбекқызы

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!