Кітап

Роберт Кийосакидің «Бай әке, кедей әке» кітабы не туралы?

Бай әкенің Робертке айтқан нақылдары

Әлдекім Кийосакидің атын әлемге мәшһүр еткен кітабымен бес жыл бұрын танысып, өмірін түбегейлі өзгертсе, базбіреу қалың кітапты кемірсем бе, кемірмесем бе деп күмәнданып, екі ойлы күй кешіп жүр. Баюдың жолдары айтылатын бұл кітапты «Бай менен жарлы әке» деп те аударып жатады. Әлемнің 51 тіліне аударылып, 109 мемлекеттің кітап дүкендерінде сәтті сатылып жатқан бұл кітаптың мазмұнымен сіз де таныс болыңыз.

1994 жылы жарық көрген «Бай әке, кедей әке» бестселлерінің негізгі кейіпкерлері кім?

Басты кейіпкер автордың өзі;

Кедей әке – әкесі;

Майк – сыныптас досы;

Бай әке –  Майктың әкесі;

Ким – әйелі;

Кітапты қандай жанрға жатқызуға болады?

27 миллион данасы сатылған бұл кітапты авторлық биография деуге толықтай негіз бар. Себебі бәрі Роберт Кийосакидің басынан өткен дүниелер. Сонымен қатар жеке қаржы мәселесі, жетістікке жету жолдары, ақша үнемдеудің тәсілдері қамтылған мотивациялық туынды.

Роберт бай әкемен қандай жағдайда танысады?

9 жасында мектептегі қатарластарынан (ауқатты отбасынан шыққан балалардан — ред.) қалмас үшін Роберт пен оның досы Майк қалай да баюды көздейді. Сөйтіп Майктың әкесіне яки бай әкеге армандарын айтып, ақыл-кеңес сұрайды. Бай әке балалардың қиялына қанат бітіріп, арқаларынан қағудың орнына аз ақшаға жұмыс жасауға ұсыныс тастайды. Сол арқылы екеуінің мінезі мен болмысын танымақшы болған бай әкенің ойы іске оңай асады. Аз ақшаға көнген Роберт пен Майк араға көп уақыт салмай ауыр еңбектен шаршап, айлықтарын көтеруді сұрап бір күні бай әкелерінің алдына келеді. Алайда бай әке айлық мөлшерін көтерудің орнына оларды толықтай тегін еңбек етуге көндіреді. Дәл сол сәттен бастап бай әке бар білгенін екі баласымен бөлісе бастайды. Роберт болса, бай менен кедей әкесінің өмір сүру салтын салыстыра отырып, тұлға ретінде қалыптасады. Бай әкенің берген білімін мектеп сізге бере алмайды деп жазады Кийосаки.

Өзінің туған әкесін неліктен кедей дейді?

Әкесі оқыған-тоқыған азамат болғанымен (оның тіпті докторлық дәрежесі болған) айлықтан айлыққа өмір сүргенін жасырмай жазады. Роберттің әкесі жақсы бір беделді компанияға тұрақты жұмысқа тұруды тағдырдың сыйы деп қабылдаған. Зейнетақы қорындағы ақшаға мәз болған. Тегін медициналық ем алуды қуаныш көрген. Күн сайын жұмысқа барып, талмай еңбек етіп, сосын айлықты зарыға күтіп өмір сүруді қалыпты жағдайға балаған. Айлығын алған бетте қарыздарын қайтарумен, есепшоттарды төлеумен әлек болған әкесін Роберт аяған. «Ол қатты жақсы көрген өкімет ол қайтыс болған күні оның мойнына қарыз іліп қойды, оның жазған еңбектерінің отбасының қолына түсуіне қарсы болды» деп ашынып жазады Кийосаки.

Досының әкесі шынымен де дәулеті асып-тасыған бай болған ба?

Иә, бұл 100% шындық. Бірақ ол кісі ақшасын оңды-солы шашатын кісі болмаған. Тіпті жұмыс алға басса да, жұмыскерлеріне көп ақша төлеуді ақымақтыққа балаған жан.

Бай әкенің Робертке айтқан ақылы сонымен қандай?

  • Мектепте озық болып, күн сайын жоғары баға алып, ата-ананы қуантуға ұмтылма!
  • Басты мақсат – тәжірибелі болу. Ол үшін тіпті тегін жұмыс жаса!
  • Әртүрлі салада жұмыс істеп көріп тәжірибе жина!
  • Мемлекетке сенбе, зейнетақыдан күдеріңді үз!
  • Ақша деген сен екеуміз таңдап алған көзге көрінбейтін құрал. Ол арқылы есеп айырысамыз. Болды.
  • Кедейлер ақша үшін қызмет етеді. Ал, ақша шын мәнісінде байлар үшін жұмыс жасайды.
  • Айлық алған күні қарыздардан құтылуға асықпа! Ең бірінші өзіңді ойла, өз қалтаңды толтыр!
  • Айлық алған бетте несиесін жауып, коммуналдық төлем жасайтындар – әлсіз адамдар.
  • Бай болу үшін қаржы интеллектісі 4 негізден тұратынын білу керек. Олар: Бухгалтерлік есеп, инвестициялау, нарықты түсіну, заңды білу.
  • Айлықтың көлемі сенің жұмыстан кетіп қалмауыңа жетеді. Қаншаға келіссең, соншаға бағаландың деген сөз. Жұмыс берушің көп ақша төлемейді. Ерікті түрде мәжбүрлі күй кешуіңе жететіндей ғана қолыңа ақша ұстатады;
  • Күнде жұмысқа барып келу – бұл егеуқұйрықтар жарысы! Қаржылай дербестікке жетуге ұмтыл! Сонда сен бұл шеңберден босап шығасың.

Бай әкенің берген білімінен кейін Роберт Кийосакидің өмірі қалай өзгереді?

Роберт Кийосаки 26 кітаптың авторы, бестселлер жазған жазушы, инвестор, кәсіпкер, оратор-мотиватор. Сәуірдің сегізінде жетпіс екіге келетін миллионердің активтерінің өзі 80 млн долларға бағаланып отыр.

 

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!