Тони Роббинс – әлемге әйгілі американдық бизнес-тренер, оратор, жазушы, кәсіпкер. Лайф-коучинг жайлы жазған кітаптары бестселлерге әлдеқашан айналып үлгерген. Тони Роббинс өзін-өзі дамыту, мотивация беру тақырыптарындағы аудиобағдарламаларымен де дүние жүзіне танымал. 2007 жылы Тони Роббинс Forbes журналының «Ең беделді 100 адам» тізіміне енді. Қолдағы бар ақпаратқа сенсек, Тони Роббинстің клиенттерінің арасында Билл Клинтон, Леонардо Ди Каприо, Серена Уильямс болған.
Бүгінде жасы 59-ға келген Тони Роббинс дүниенің шет шетін аралап, жетістікке жеткісі келетін адамдарға ақыл-кеңес айтып, шабытын оятудан шаршамайды. Қазақстанға да бірнеше мәрте рет келіп, семинар өткізген ол әсіресе сылтау тақырыбын көп қозғайды.
Тони Роббинс дейді:
Кез келген істе жетістікке жеткіміз келсе, бірден іс-әрекетке көшуге асықпайық. Бастысы – көңіл-хошының болуы. Ол үшін өзіңіздің көңіл-күйіңізді көтеріп жүруді үйреніңіз. Бәріміз денсаулығымыздың мықты болғанын қаламыз, алайда америкалықтардың 70%-ы артық салмақтың зардабын шегуде. Неге? Олар қалай арықтауды білмейді деп ойлайсыз ба? Жоқ, біледі ғой, тек соған шыңдап кірісуге эмоциялық тұрғыдан дайын болмайды. Сондықтан ол адам ертеңге қалдыра береді, бітпейтін сылтауды өзіне де, өзгелерге де айта береді. Демек кез келген салада жетістікке жеткісі келетін адам өз ойын, көңіл-күйін бақылап үйренсе, жетістік көп күттірмейді. Себебі ол адам іске кіріспес бұрын «бәрі жақсы болатынына, көп пайда табатынына» сенімді жүреді. Міне, осы көңіл-күй оны жетістікке алып келеді.
Стреске ұшырадым
Кейбіреулер мені мұңсыз адам деп ойлайды. Адам болғаннан кейін неше түрлі эмоцияға ерік беретініміз рас. Мен де кезінде көп стреске ұшырағанмын. Алайда мен жағымды эмоцияны дененің бұлшық еттерін шынықтырғандай шынықтыруға болатынына көзімді жеткіздім. Мен кез келген ситуацияда салқынқандылық танытып, «бәрі жақсы болатынына» өзім сендіріп үйрендім. Көзімді жұма бердім де жаман ойларға ерік бермей, жақсы ойлар ойлай бердім, ойлай бердім. Мұны әдетке айналдырдым. Жағымды ойларды, шабытты, құлшынысты оятып үйрендім.
Шыдамның шегі бар
Көп адам көп нәрсеге қанағат қылады. Шыдап, шүкірлік етеді. Білесіз бе, дәл қазіргі сіздің жағдайыңыз – сіздің шыдамыңыз бен қанағатыңыздың нәтижесі. Жұмысыңыз сізге ұнамаса да, сіз шыдап келдіңіз. Артық салмағыңыз сізді ыңғайсыз жағдайға қалдырса да, сіз шыдадыңыз. Кім айтты сізге осының бәріне төзіп, шыдау қажет деп?! Шабытыңызды, құлшынысыңызды оятыңыз да іске кірісіңіз. Жайлы жұмыс та табылады, салмағыңыз да азаяды.
Мотив табыңыз
Шабыт пен құлшыныс ояну үшін сізге мотив керек. Былайша айтқанда, жақсы өмір сүруге деген себепті іздеп табасыз. Сіздің бар ойыңыз тек көбірек ақша табуда болса, онда ертең немесе арғы күні сіз бәрібір стреспен достасасыз. Ал отбасының, қоғамның қамын жеп, табысты болғысы келетіндер жайнап жүреді. Себебі өзіңмен қатар өзгені ойлау адамды рухани жағынан байыта түседі.
Ортаңызды өзгертіңіз!
Лос-Анджелестен Дель Мар сарайын сатып алғанда менің қуанышымды шек болмады. Өзімді дүниедегі ең бақытты адам деп сезіндім. Бір күні танысым қонаққа шақырды. Жертөлеге түсіп, шарап таңдадық. Оның неше түрлі қымбат шараптарға толы жертөлесін көріп мен біртүрлі болып қалдым. Одан оның байлығын, дәулетін қызғанғаным жоқ. Керісінше мен не істеп жүрмін, неге бір сарайға сонша мәз боламын деп өзіме өзім сұрақ қойдым. Ертесіне «мен сарайдан артық дүниеге лайықпын, менің қолымнан келеді» деп өзіме айттым. Кейде адамның мотиві ояну үшін оның ортасы соған ықпал етуі керек. Ол үшін сіз дос, таныс таңдағанда абай болуыңыз шарт. Жетістікке жеткен жандармен жиі бас қосып отырсаңыз, сіздің де жақсы өмір сүруге деген құлшынысыңыз артады. Ал өсек-аяң, бір саяси жаңалықты талқылаудан ауыздары босамайтын адамдардан сіз үлгі-өнеге алмайсыз, өзгермейсіз. Осыны білгейсіз!