Таным

Александр Селькирк —  шын өмірдегі Робинзон Крузо

4 жыл аралда жалғыз өмір сүрген Александр Селькирктің оқиғасы

Александр Селькирк – адам тұрмайтын аралда 4 жыл 4 ай жалғыз өзі өмір сүрген шотландиялық теңізші. Даниэль Дефоның әлемге әйгілі «Робинзон Крузо» әдеби романындағы басты кейіпкердің прототипі болған. Шын өмірдегі Робинзон Крузо болған Александр Селькирктің өмірінен қызықты деректерді ұсынамыз.

Аралға қалай келеді?

Робизон Крузо дауылдан кемесі бұзылып, өзі ғана аман қалғандықтан аралда жалғыз өмір сүреді. Әдеби шығарманың кейіпкеріне қарағанда Александр Селькирктің аралға келу оқиғасы тіпті басқаша болған.

Селькирк бала кезінен теңізде саяхаттауды армандайды. Тіпті 1695 жылы үйінен қашып кетіп, тек 1701 жылы қайтып келген. 6 жыл оның қайда болғандығы туралы нақты деректер жоқ.

Селькирк 1703 жылы Оңтүстік Америкаға баратын «Сэнк пор» кемесінің теңізшілер құрамына кіреді. Кемедегі журналға есімі қате жазылған Селькрейг осы күннен бастап Селькиркке айналады. Тәкаппар әрі ашушаң жігіт жол бойы экипаж құрамындағы адамдармен сөзге келе беретін. Әсіресе, лейтенант Томас Страдлингпен жақсы қарым-қатынаста болмаған.

Кеме белгісіз аралдардың жанынан өтіп бара жатып, Селькирк өзін сонда қалдырып кетуді талап етеді. Ол Чилиден 640 км қашықтықта орналасқан Мас-а-Тьерра аралы болатын. Кеме капитаны Селькирк өтінішін қуана орындайды. Александр соңғы сәтте бұл ойынан бас тартады. Бірақ капитан оны қайта кемеге алмай қояды. Александр Селькирктің жабайы аралдағы 4 жылдық өмірі осылай басталады.

Оқи отырыңыз: «Робинзон Крузо өмірде болған ба?»

Жалғыз қалай өмір сүрді?

Селкирк кемеден түскен кезде өзіне керек құрал-жабдықтарды алып қалады: мылтық пен оқ, пышақ, балта, қазан, кітаптар және т.б. Алғашқы кезде ол өсімдік, теңіз моллюскаларын жеп күн көреді. Алайда айналасын дұрыстап зерттегеннен кейін аралда ешкілердің бар екенін анықтайды. Бұл ешкілер осы аралда бұрын өмір сүрген испан экспедициясынан қалған екен.

Жабайыға айналған үй жануарларын Селькирк бастапқы кезде мылтығымен ататын. Уақыт өте ешкілерді қолға үйретіп, сүтін сауып алды. Селькирктің алғашқы тұрағы арал ішіндегі үңгілердің бірі болды. Дегенмен ол қолындағы құрал-жабдықтардың арқасында пимента ағашынан өзіне 2 лашық-үй жасайды. Мұндай күйде 4 жыл 4 ай өмір сүрген Александр Селькиркті 1709 жылы «Герцог» кемесінің адамдары тауып алады. Вудс Роджерстің басқаруындағы кемемен шотландия азаматы үйіне оралады.

Оқи отырыңыз: ««Робинзонада» бағытында түсірілген фильмдер»

Қызықты деректер

  • Селькирк үшін аралдағы басты қауіпті аш тышқандар төндірген. Бірақ оның бақытына орай арал ішінде испан экспедициясынан қалған мысықтар да болған. Селькирк оларды қайта қолға үйретіп, түнде бірге ұйықтауды әдетке айналдырыпты;
  • Александр Селькирк сөйлеуді ұмытып қалмас үшін қолындағы кітаптарын дауыстап оқыған;
  • Мылтықтың оғы біткен соң Селькирк ешкілерді жаяу аулайтын. Бірде ешкі қуалау барысында қатты жүгіргені сонша, жардан құлап кеткен. Селькирктің айтуынша, осы оқиғадан кейін ол 10 күн тұра алмай жатқан.
  • Селькирк киімі тозған кезде, ешкі терісінен жаңа киім тіккен. Ал аяқ-киімі жыртылғанда жалаң аяқ жүре беретін.
  • «Ағылшын» газетінде Ричард Стилдің аралда жалғыз өмір сүрген адам туарлы мақаласын оқыған Даниэль Дефо Александр Селькиркпен жеке кездеседі;
Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!