Таным

Қашықтықтан жұмыс істеудің плюсі мен минусы

Қашықтықтан жұмыс істеудің пайдасы

Қашықтықтан жұмыс істейтін адамдардың саны күннен күнге арту үстінде. Ғаламтордың дамуы қашықтықтан атқарылатын жұмыстар түрінің өсуіне алып келері сөзсіз. Мұндай жұмысты фриланс қызметімен шатастырып алмаған жөн. Себебі фрилансер компанияға толық штатты жұмысшы ретінде бекітілмейді. Ол тек қосалқы жұмыстарды атқарушы ғана. «Superjob» орталығының зерттеуі бойынша компаниялардың 22 пайызында қашықтықтан қызмет істейтін жұмысшылар бар екен. Әрине, таяқтың екі ұшы болады. Бұл жұмыс түрінің де өзіндік пайдасы мен әкеле зиянды тұстары бар.

Артықшылықтары

Өз еркіңіздегі жұмыс уақыты

Қашықтықтан жұмыс істейтін жандар өз жұмыс уақытын басқаруға мүмкіндік алады. Егер шаршаса, үзіліс жасайды. Тіпті жұмыс уақытын екі бөлікке: таңертең және кешке бөліп қоя алады. Ал қалған уақытты өзіне арнайды. Асықпай ұйқыны қандырып не болмаса ерте жұмысты бастап, түстен кейін толығымен босай алады.

Қаржы мен уақыттың үнемділігі

Егер күнделікті жұмыс орнына қатынау үшін кемінде 2 сағат жұмсалатын болса, айына 44 сағат зая кетеді. Ал жылына бұл 528 сағат немесе 22 тәулік. Бұған тағы үзіліс уақыты мен әріптестермен әңгімені қосыңыз. Енді қаржы мәселесі. Сіз өз көлігіңізбен немесе қоғамдық көлікпен қатынағаныңызбен ақша жұмсауға мәжбүрсіз. Түскі асыңыз бен кофеңіз бар. Ал үйде мұның барлығы қолжетімді.

Достарыңыз бен отбасыңызға бөлінетін уақыт

Сыртқы байланыстар мен отбасымен қарым-қатынас – әрбір адам үшін маңызды. Өкінішке орай офисте өткізілген уақыт сізге мұндай мүмкіндік бермеуі мүмкін. Қашықтықтан атқарылатын жұмыстың артықшылығы да осыда – сіз барлығына үлгеретіндей күн тәртібін жасайсыз.

Саяхаттауға мүмкіндік

Жаңа технологиялардың дамуы кез келген жерде және кез келген уақытта жұмыс істеуге мүмкіндік берді. Түрлі әлеуметтік желілер мен платформалардың көмегімен алаңсыз жұмысыңызды аяқтай аласыз. Тіпті, әлемді аралап жүріп те.

Ой жинақтауға мүмкіндік

Сіз қандай жұмыс орнында отыратыныңыз маңызды емес. Кіші не үлкен болсын, әріптестеріңіздің сұрағы мен әңгімесі ойыңызды бөлуі ықтимал. Күйзелістік жағдайлар да болып тұрады. Ал үй жағдайында өз ойыңызды жинақтап, жұмысқа толығымен кірісе аласыз.

Жұмыс берушілер үшін пайдасы қандай?

Қашықтықтан атқарылатын жұмыс тек жұмысшыларға ғана емес, жұмыс беруші үшін біршама тиімді. Мысалы, үй жағдайында жұмыс істеуге мүмкіндік беру компанияңыздың атағын шығарады. Жұмысшылар саны көбейе түседі. Сонымен қатар жұмыс өнімділігі артады. Ғалымдардың зерттеуі бойынша, жұмысшылар өз жұмысын тез атқаруға тырысады. Себебі өздеріне көп уақыт қалғанын қалайды. Жұмысшыларыңыз үй жағдайында қызмет етсе, офистің қажеттілігі шамалы. Бұл шығынды азайтады.

Кемшіліктері 

Офистен тыс жұмыс істейтін адам өз бастығымен сирек кездеседі. Кейбірі үшін бұл жақсы болуы мүмкін. Алайда басшылықпен кері байланыстың болмауы кәсіби дамуыңызға кедергі келтіреді. Басшыңыздан кемшіліктеріңізді естімеу кәсіби өсуіңізді тоқтатады. Жаңа дүниелерді үйрену мүмкіндігі азаяды. Үйде отырып вице-президент атану мүмкін еместігін түсініңіз.

Екіншіден, үйден жұмыс істеу әріптестеріңізбен қарым-қатынасыңызды шектейді. Бұл жұмыс жылдамдығын азайтуы мүмкін.

Үшіншіден, жұмыс орынын жасау өз қаражатыңызды қажет етеді. Сонымен қатар кейбір аймақтарда интернер ұстамайды.

Төртіншіден, өзіңізді бақылауда ұстап отыруыңыз керек. Себебі қашықтықтан жұмыс істеу жауапкершілік пен өзіндік тәртіпті қажет етеді. Сол үшін офистен бас тартпай тұрып оң және кері жақтарын саралап алыңыз.

Дайындаған: Назархан Уән

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Close