Біліп жүр

Бенуа Лекомт – мұхитты жүзіп өткен адам

Бенуа Лекомт және оның мұхитты жүзіп өту оқиғасы

Бенуа Лекомт – француз кәсіби жүзушісі, марафоншы. Мұхит жиі дауыл болатын, акула, улы медуза сынды қауіпке толы аумақ. Адамдар өз қол-аяғымен жүзіп өту былай тұрсын, мұхитты қайықпен кесіп өтуге жүрексініп жатады. Balbal.kz мотивациялық сайты ешқандай қиындықтан қорықпай, Атлант мұхитын жүзіп өткен Бенуа Лекомттың таңғажайып оқиғасын ұсынады.

Атлант мұхитын жүзіп өту

Француз жүзушісі Бенуа Лекомт 1998 жылы Атлант мұхитын толығымен жүзіп өткен әлемдегі бірінші адамға айналды. Ол 6 жыл дайындықтан кейін марафонды АҚШ-та, Массачусетс штатының жағалауынан бастаған. Жүзу кезінде 1 апта Азор аралдарында демалыс жасап, марафонды Франция жағалауына жетуімен аяқтайды. Жалпы есеппен француз 6400 км қашықтықты жүзіп, Атлант мұхитында 73 күн өткізді. Бенуа Лекомттың Франция жағалауына жетіп, құрлыққа шыққан кейін айтқан алғашқы сөздері «енді ешқашан» болды.

Лекомт Атлант мұхитын жүзіп өткен марафонын әкесі мен онкологиялық ауруларды зерттеу тақырыбына арнады.

Мұхитты қалай жүзіп өтті?

Оқыраманда «Мұхитты демалыссыз қалай жүзіп өтті?» деген заңды сұрақ туындауы мүмкін. Әрине, Лекомт мұхитты демалыссыз жүзіп өткен жоқ. Марафон кезінде француз жүзушісіне арнайы кеме еріп отырды. Лекомт күніне 8 сағаттай жүзіп, қалған уақытта кеменің ішінде тамақтанып, демалды. Ал кеменің ішінде акулаларды жақындатпауға арналған арнайы құрылғылар болды. Спортшы алыс қашықтыққа қиналмай жүзу үшін таңертең және кешке тамақтанып, күніне 8000 калория қабылдады.

Бенуа Лекомт Атлант мұхитын жүзу барысында жинаған тәжірбиесі туралы:

Ашық мұхитта жүзген кезде, сенің физикалық жағдайың қатты маңызды емес. Психологиялық тұрғыда мықты болу керек. Себебі адам денесі біраз уақыт өткеннен кейін күнделікті қиындыққа бейімделіп алады. Ал ойыңда дұрыс нәрсе болмайтын болса, сол кезде қиындық басталады. Сондықтан әр күні миыңды позитивті ойлармен толтыру керек.

Тынық мұхитын жүзіп өтуге талпыныс

Лекомт 1998 жылы Атлант мұхитын жүзіп өткеннен соң, бұл тәжірбиесін ешқашан қайталамауға уәде берсе де, 20 жылдан кейін тағы бір рет мұхитты жүзіп өтуге бел буды. Тек бұл жолы француз Тынық мұхитын таңдады.

2018 жылы 5 маусым күні 51 жастағы Лекомт Тынық мұхитын бағындыру үшін Жапонияның Теси қаласынан марафонын бастады. Француз жүзушісінің мақсаты 180 күннен кейін Сан-Франциско жағалауына жету болатын. Алайда межеленген 9100 км-дің 2700 км қашықтығын жүзіп өткеннен кейін тоқтауға мәжбүр болды. Оған Лекомтпен еріп жүрген кеменің дауылдан кейін бұзылуы себеп болды.

Бенуа Лекомт мақсатының орындалмау туралы:

Менің көңілім қалды. Себебі мен рухымның да тәнімнің де шегіне жеткен жоқпын. Бірақ біз мұхит пен ауа-райына әсер ете алмаймыз. Сондықтан мен мұны қабылдауым керек. Бастысы жақындарымның бәрі аман.

Француз жүзушісі бұл жолы мұхитты бағындыра алмаса да, өз марафонын табиғат пен мұхиттың ластану тақырыбына арнады.

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!