Таным

Дейл Карнегиден 10 кеңес

Дейл Карнегиден кеңестер

Дейл Карнегиден көп нәрсе үйренуге болады. Ол 1888 – 1955 жылдары өмір сүрген американдық педагог, дәріс беруші, жазушы, оратор және психолог. Дейл Карнеги қарым-қатынас психологиясын зерттеді. Көпшілік алдында сөйлеу курстарын ашып, көптеген кітаптарды шығарды.

Өмірбаяны

Дейл Бреккенридж Карнагей Миссури штатының Мэривилл қаласында кедей фермерлер отбасында дүниеге келген. Ол Джеймс Уильям Карнагейдің және Аманда Элизабет Харбисонның екінші ұлы болды. 1904 жылы ол отбасысымен бірге Варренсбург қаласына көшті. Күн көру үшін үйдегі сиырларын түнгі 3-те тұрып сауатын болған. 16 жасында Дейл ақысыз Уорренсберг білім беру колледжіне түсті. 1908 жылы латын тілінен емтихан тапсырмай, колледжді тастап кетті. Сол кезде ол мұғалім болғысы келмейтінін түсінді. Armor & Company компаниясында шошқа еті, сабын сатумен айналысқан.

500 доллар жинаған Карнеги 1911 жылы сауда ісін тоқтатып, мұғалім болу арманын қайта жандандырады.

1947 жылы «Қоғамдағы Джиггс және Мэгги» фильмінде өзінің рөлін сомдайды.

Дейл 1955 жылы 1 қарашада Нью-Йорк штатындағы Форест-Хиллзде ходгкин ауруынан қайтыс болды. Жазушы Миссури штатының Бельтон қаласында жерленген.

Карнагейден Карнеги болуы        

1922 жылы Карнеги өзінің тегін Карнагейден Карнеги деп өзгертті. Ол бұны жарнамалық мақсатта істеген болуы мүмкін. Өйткені сол кезде миллионер бизнесмен Эндрю Карнегидің аты танымал болды.

Дейлдің кітаптарында осы бизнесмен туралы бірнеше рет айтылған.

Институт ашуы

Дейл Карнеги өзінің «Шешендік және адами қарым-қатынас» институтын құрды. Көптеген елдерде филиалдары ашылған. Дейл Карнеги университеті қазіргі кезде Сент-Луисте жұмыс істейді, онда жыл сайын он мыңдай адам сертификат алып шығады.

Дейл Карнеги Dale Carnegie Training компаниясын құрды. Бүгінде ол 80-нен астам елде кеңсесі мен 2800-ден астам жаттықтырушысы бар халықаралық ұйым.

Карнеги-Меллон университеті Дейл Карнегиге қатысы жоқ. Оны жоғарыда аталып өткен Эндрю Карнеги ашқан.

Кітаптары

Автордың эссе, дәрістері көп. Оның танымал 5 кітабы бар.

1926 жылы «Шешендік және іскерлік серіктестерге әсер ету» кітабы жарық көріп, 1931 жылы  қайта өңделеді.

Лоуэлл Томаспен бірлесіп, 1934 жылы «Әйгілі адамдардың өмірінен біле бермейтін фактілер» кітабын шығарған.

«Достарды өзіңе қаратып, адамдарға қалай әсер етуге болады» кітабымен әйгілі. Автордың көзі тірісінде кітаптың 5 миллион данасы сатылған.

«Мазасыздықты қалай тоқтатып, өмір сүруді бастау керек», «Өзіңе деген сенімділікті қалай дамыту керек және көпшілік алдында сөйлеу арқылы адамдарға әсер ету»  кітаптары бар.

Дейл Карнегиден он кеңес

  1. Егер сіз бақытқа ие болғыңыз келсе, ризашылық пен өкініш туралы ойламаңыз. Ішкі қуанышқа бөленудің өзі – бақыт.
  2. Ешқашан дұшпандарыңызбен жарыспаңыз, өйткені өзіңізге көбірек зиян тигізесіз.
  3. Жалпы Эйзенхауэр сияқты әрекет етіңіз: сізге жағымсыз адамдар туралы бір минут та ойламаңыз.
  4. Сын айтпаңыз, айыптамаңыз, наразылық білдірмеңіз.
  5. Сіздің қарсыласыңыздыкі қате болуы мүмкін. Бірақ ол олай санамайды. Оны айыптамаңыз.
  6. Басқа адамның позициясын түсінуге тырысыңыз. Сізге емес, оған не қажет екені маңызды. Мұны істеген адамды бүкіл әлем қолдайды.
  7. Егер адам сізді өз мақсатына пайдаланғысы келсе, оны достарыңыздың қатарынан алып тастаңыз.
  8. Егер тағдыр сізге лимон сыйласа, одан лимонад жасаңыз.
  9. Әрдайым бір іспен айналасып, бос уақыт қалдырмаңыз. Бұл жанды емдейтін ең арзан және тиімді дәрі-дәрмек.
  10. Өзіңізді бақытты адам сияқты ұстасаңыз, бақытты боласыз.

Дайындаған: Қырмызы Скендирова

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Close