ТабысТаным

Ербол Серікбай: Baribar.kz сайты қалай пайда болды?

Ербол Серікбайдан кеңестер

Ербол Серікбай – Baribar.kz сайтының негізін салушы. Ол Қазақстандағы танымал сайттардың бірі. Ербол Серікбай сайттың тарихы мен өз тәжірибесімен бөлісті. Balbal.kz мотивациялық сайты назарларыңызға осы сұхбат негізінде жазылған материалды ұсынамыз.

Ербол Серікбай:

Бала күнгі арман

Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданы, Темірлан елді мекенінің тумасымын. Үйдің үлкені болғасын әке-шешем менің тәрбиеме ерекше көңіл бөлді. Жан-жақты болуыма күш салды деп айта аламын.  Мені музыка мектебіне беріп, 4 жыл баян тартып үйрендім. Алайда оған еш қызығушылығым болмады. Техникаға жақын екенімді білетінмін.

7-сынып оқып жүрген кезде мектебімізде информатика кабинеті ашылды. Компьютерлер келе бастаған. Сол кездері сыныпта көбіміздің қызығушылығымыз осыған ауды. Компьютерді зерттеп, кіріп, программист болам деп шештім. Үйдегілер мені музыкант болады деп жүрді де, бұл шешімімді қолдай қоймады. Колледжге түсуге рұқсат бермеді. Сөйтіп 11 сыныпты түгел оқуыма тура келді. ҰБТ кезінде физика пәнін таңдап, дегенімнен қайтпай, үйдегілерді көндірдім. Шымкент қаласындағы М. Әуезов атындағы ОҚМУ-де ғылыми информатика мамандығына оқуға түстім.

Студент кездегі әрекеттер

Технологияға қызыққаным сонша — математика мен логикалық ойлау жағынан әлсіз екенімді ескермеппін. 1 курстың өзінде қарапайым үшбұрыштың ауданын шығаратын есепті, тригонометрия формуласын бағдарлама тіліне енгізе алмай жүрдім. Сондықтан менен программист шықпайды деген ойға келдім.

«Неге қазақша жазбасқа?»

3-курста бізде дипломдық және курстық жұмыс ретінде жоба қорғау керек болды. Жоба ретінде өзім бір termin.kz сайтын жасап шықтым. Онда бағдарламалауға қатысты барлық терминдерді қазақ тілінде жүктейді.

Біз оқып жүргенде барлық терминдер орыс тілінде болды. Қазақша баламасын табу қиын. Осы мәселені шешкім келді. Контентті жалғыз өзім жасадым, бірақ ол ісімнен нәтиже шықпады.

Сайтты дамыту үшін интернеттен осындай ресурстар туралы ақпарат іздей бастадым. Сол кезде  «Ответы Mail.ru» сайтында қазақ қыздың қазақша қойған сұрағына орыс тілінде жауап берілгенін көрдім. Сайт аудиториясының 99% -ы орыс тілді адамдар. Осының қазақша баламасын неге құрмасқа деген ой келді. Сөйтіп surak-zhauap.kz пайда болады.

Сайтты дамыту әрекеттері

Мен Questions2Answers сервисін тауып алдым. Бұл интерфейсті кез келген тілге аударуға мүмкіндік беретін ашық платформа. Екі күн ішінде қазақ тіліне аударып, қазақ тілді аудиторияға бейімдедім. Бірақ сайттың бастан-аяқ кодын жазған емеспін.

Тағы бір маңызды мәселе – контент болған жоқ. Адамдар сайт туралы білмеді, ешкім сұрақ қоймады.

Сол үшін өзім сұрақ қойып, соған жауап жаздым. Түнімен түрлі форумдарға кіріп,  сайттың сілтемелерін қалдырдым. Қызықты сұрақтар іздедім.

Группаластарыма кіруге кеңес бердім. Олар менен кейбір математикалық есептердің шешімін сұрайтын. Мен оларды бірден Сұрақ-Жауапқа салып, сол жерде жауап бердім.

Бес жыл бойы веб-сайтта жалғыз жұмыс істедім. Редактор, контент менеджер және әзірлеуші болдым. Техникалық сипаттамаларға назар аударылды. Дизайн бір типті шаблон болды, өйткені макетті әзірлеу көптеген ресурстарды қажет етеді.

Сайттың ерекшелігі

Университетті бітірер кезде сайтта белсенді қолданушылар пайда бола бастады. Тек сұрақ қоятындар емес, басқаларға жауап беретіндер пайда болды. Оқушылар мен студенттер реферат, үй жұмысына көмек сұрады.

Егде жастағы аудиторияның танымал категориясы «Заң» саласы болды. Содан кейін адвокаттар ақысыз кеңестер бере бастады.

Белсенді аудитория пайда болғаннан кейін сайт дами бастады. Тіркелу, жеке хабарлар жазу және «таңдаулыларға қосу» функциясы пайда болды.

Сайттың мақсатты аудиториясы — 18-34 жас аралығындағы жастар. Олар сайтқа кіретіндердің 80%-ын құрайды.

Қазақ тілді аудиторияның ерекшелігі

Қазақы тәрбиеленген адамдар өзгеше келеді. Мысалы, қазақтар ұялшақ. Қыз өзінің жеке немесе жыныстық өміріндегі мәселені анасымен талқыламайды. Психологиялық мәселелері жауапсыз қалады. Сондықтан бұл жасырын түрде сұрақ қоюға және жауабын алуға болатын орта болды. Мұнда көптеген адамдар өз сезімдерін білдіріп, қолдау алды.

Сайтта ескеретін жайттар

Алғашқыда қиындықтарға тап болдым. Сайтқа 10 000 қолданушы кірген кезде хостинг провайдері жүктемені көтере алмады. Хостингтік компаниялар VPS серверлеріне ауысуды сұрайды. Осыған байланысты VPS-серверде жұмыс істеуге үйреніп, содан кейін сайтты ауыстыруға мәжбүр болдым.

Сайттың екінші мәселесі — бәсекелестік. Көре алмайтын жандар пайда болды. Қолданушыларды қызықтыру үшін ұқсас сайттар құрып, DDOS шабуылдарын жасағандар да болды. Осылардың арқасында компьютер, бағдарламмалауды жақсы меңгеріп алдым.

Команда жинау

Сайтқа кірушілер саны 100 000-ға жетті. Дәл осы сәттен бастап кәсіби деңгейге көтеріліп, сапалы редакторлық мазмұнды құруды бастау керек екенін түсіндім.

Қазақстандық БАҚ-тың көпшілігі сарыжағал басылым,  жаңалықтардан кісі өлтіру және педофилия туралы естисіз. Мен сапалы контент жасағым келді.

ҚазҰУ журналистика факультетінің профессорларына белсенді перспективалы журналистерді ұсынуын сұрадым. Мен жастарды жалдап, оқытқым келді.  Осылайша сегіз апталық журналистика мектебін құрдым. Онда жаңа медиа саласындағы қазіргі заманғы тенденциялар туралы сабақ өтті.

Команда жиналғаннан  соң Сұрақ-Жауап жобасын қосалқы доменге көшіріп, мақалаларды басты параққа жүктей бастады.

Бәрібар болып өзгеру себебі

Бастапқыда сайт surak-zhauap.kz ретінде құрылды, біраз уақыттан кейін ол szh.kz-ке қысқарды.

Мен ұзақ уақыт ребрендинг туралы ойладым. Baribar.kz доменін кезіктіріп, оны миллион теңгеге сатып алдым. Атау біздің тұжырымдамамызға толық сәйкес келеді – «Бізде барлық сұрақтарға жауап бар».

Команда дизайн әзірлеуді IGRAPHIC бюросына тапсырды. Жаңа логотиптің ерекшелігі — «а» әрпінің үстіндегі екі нүкте. 2020 жылға қарай қазақ тілі латын әліпбиіне көшуі керек еді. Сол үшін ерекше етіп латын қаріпін қолдандық.

Сайт қалай ақша табады?

Бастапқыда сайт баннерлік жарнамадан ақша тапты, ал сұраныс азайған соң контекстік жарнамаға көшті.

Біз «Қазақстанның жас ғалымдары» бөлімін құрдық, содан кейін оны қаржыландыратын Kcell компаниясына қолдау көрсету туралы ұсыныс жасадық.

Қазір The Steppe сайтымен бірігіп, Atom media деген компания құрдық. Бұл компанияның мақсаты – жарнама берушілермен жұмыс істеу. Компанияда жарнамамен айналысатын қызметкер бар. Оған жарнамадан түскен қаржының белгілі бір бөлігі беріледі. Алдағы уақытта бірнеше компаниямен бірлескен жобалар пайда бола бастайды. Сауалнама, ойын, тест, фоторепортаж контенттерін ұсынып, компаниялармен серіктес болып жұмыс жүргізетін  боламыз. Мейлінше мемлекеттік тапсырыстардан шығып, жарнама беруші компаниялармен жұмыс істеуге тырысып жатырмыз. Atom Media компаниясының тағы бір тиімді жағы – қос тілді жарнама. Baribar.kz сайты қазақ тілінде таратса, The Steppe орыс тілінде жарнама жасайды.

Жарнама жасағанда ескеретін жайт

Ербол Серікбай: «Көп жарнама жасаушының басты қателігі — коммерциялық ұсыныс жасай алмауында»

Ұсыныста жобаның аты, жарнама берушіге қандай пайда әкелетіні,  аудитория қандай екені, компанияны жарнамаласа, қанша адам оқитыны, оқырмандардың жас ерекшелігі, жарнаманың қанша уақыт жүретіні, қанша материал шығатыны туралы жазылу керек.

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!