Таным

Есей Жеңісұлының өлеңдері

Айтшы, балам, әлгі шешең қайда жүр?..

Есей Жеңісұлының ақындық қыры, әдетте, оның коментаторлық қызметінің көлеңкесінде қалып қойып жатады. Оның осы уақытқа дейін бірнеше жыр жинақ шығарып үлгергенін қарапайым оқырман білмейтін шығар. Сіз де солардың қатарынан болсаңыз, коментатор-ақынның өлеңдерін оқып көріңіз.

***
Иә, мен бөлек жанмын сенен, ізгім,
Арамыз сонша қашық неге біздің?
Есікке қарағыштап күні бойы,
Сен кіріп келетіндей елегіздім.

Жанымды ойлар менің көп ұрлайды,
Әйтеуір, еш дауасы табылмайды.
Елегіздім, сен кіріп келе қалып,
Әңгіме бастайтындай өмір жайлы.

Қарысқанмен көлденең бақыр алмай,
Тұрмайды екен тірліктің таты қалмай…
Елегіздім, «еһ, өмір осы ғой» деп,
Мені өзің сабырға шақырардай.

Бұл күнде ішім – жалғыз, өзім – өлең,
Тірліктің тез-ақ көндім тезіне мен.
Арқамнан қақпады ешкім «ерсің ғой» деп,
Ешкім де аймаламай көзіменен.

Саған да, маған мынау бөлек ғалам,
Жаныма медеу іздеп, өбек қағам…
Елегіздім, бәрібір келмейсің-ау,
Жер бетінде барсың, сол медет маған…


***

Ардақ тұтушы ем есіміңізді…
Кеудеде жүрек те иеге көнбек…
Ойлағаным үшін кешіріңізші,
Сіз әлемді менше сүйеді екен деп,
Сіз адамды менше сүйеді екен деп.

Мен сізді қатты қадірлеп едім,
Адам біткеннің асылы екен деп.
Тас болып шықты Тәңір дегенім,
Сұрланып тұрсыз «басып өтем» деп,
Сенбеймін сонда да әзіл екен деп.

Енді байқадым амалдың жоғын…
Ежелден менің досым ед мәңгі ой…
Жау демеңізші адамның бәрін,
Ең сорлысында да қасиет бар ғой,
Ең мықтысында да қасірет бар ғой…

Өмірден мынау татар мұңымды,
Қоңыр күй етіп шертіп өтермін.
Өзім қаламас қаталдығымды,
Енді мен сізге тарту етемін…
Өртпін деуші едім… салқын екенмін…


***

Мен ешкімнен дауламаймын ақымды,
Мен ешқашан дауламаймын ақымды.
Өмір кешем құлақ салып арыма,
Өмір кешем ақылды.

Күндемеймін біреу озып кетті деп,
Тырыспаймын болу үшін ептірек.
Білген жандар Адам десе болғаны,
Одан басқа жоқ тілек.

Аяғынан шалмаймын мен ешкімді,
Таңым – арай, болса деймін кеш нұрлы.
Амалсыз-ақ, айласыз-ақ өткерем,
Мына жалған бес күнді.

Тұта берсін тіршіліктің қармағы,
Әр күніме алданамын алдағы.
Ең ғажабы – мынау ғазиз дүние
Керек етсе болғаны…


“Балама сыр”

Білмеймін мен – кім болады есімің,
Қашан өмір ашар саған есігін?
Бірте – бірте әкелікке жақындап,
Теріп келем талайымның несібін.

Бір күнімнің қызығы асып бір күннен,
Шақтарым көп босқа жүріп, құр күлген.
Сен түгілі, саған шеше болатын,
Жанға әлі кездесе алмай жүрмін мен.

Қадам сайын мына өмірді танып мен,
Алға бастым жөн деп тапқан бағытпен.
Саған Ана болар жанның есімі,
Жазылды екен маңдайға қай әріппен?

Бақыт ала келетіндей таң маған,
Әр күніме тәтті үміт арнағам.
Кездестіре алмай жүріп Анаңды,
Сен жайлы да ойлап қоям, жан балам…

Әзірше тек қағазға айттым бар сырды,
Әр ұзақ түн жанарыма тамшы ілді.
Саған Ана болатын сол адамда,
Мендегі жоқ қасиеттер бар сынды.

Қиялыма арманымды тең бөлеп,
Ойлар басып отырады төрге кеп.
Сырт адамға арқаланып қоямын –
«Жұбым жолда, бала деген белде» деп.

Өмірімде сыры өзгеше жай ма бұл,
Алыстаса ажарланар айда нұр.
Сонша ұзақ күттіргені несі екен,
Айтшы, балам, әлгі шешең қайда жүр?..


«Жанкүйер қыз»

Футбол ойнап жатырмыз, шуақ нұрлы,
Жанкүйерлер шуынан құлақ тұнды.
Жұртпен бірге қолдарын шапалақтап,
Білдірместен бір сұлу жылап тұрды.

Қарамайтын жанбыз ғой шамасына,
Сіңіп кеттік достардың арасына.
Көзілдірік киіп ап жылаған қыз
Неліктен жас толды екен шарасына?!

Сол сұлу қыз неліктен алаңдады?
Жұмбақ болып барады маған бәрі.
Арман бар ма, әттең-ай, сол бір ару
Жылап тұрса мен үшін алаңдағы…


«Купеде»

Мына өмір серуен десек те,
Дәл қазір қызықтан алыспыз.
Купеде, үстіңгі төсекте
Ұйықтап жатыр бір орыс қыз.

Көздерін кірпігі көмкеріп,
Пысылдап жатқаны сүйкімді.
Сан ойлар санамды төңкеріп,
Ұрлады менің де ұйқымды.

Бұлт ауып, батысқа күн көшкен,
Уақыттың білінбей дерегі.
Ал пойыз ештеңе білместен
Сол қызды тербетіп келеді.

Осыдан дәл екі ай бұрын,
Өзімді түсінбес шақта мен.
Жанымның жандырып ай-күнін
Сол жерде сен ұйықтап жатқан ең.

Сезім кеп жанымды кеш өпті,
Сағыныш өзіңе ізгі анық.
Купені, үстіңгі төсекті
Келемін сол қыздан қызғанып…


«Ұсақтап барамыз, жігіттер»

Жеңілге ұмтылдық желікпен,
Маңдайдан шығармай тұнық тер.
Ұсақтап барамыз неліктен?
Ұсақтап барамыз, жігіттер…

Күн үшін бет арын бес төгіп,
Боп алдық бәріміз саудагер.
Арманы, үміті еш болып,
Еңкейіп барады қайран ел…

Даңғырлақ, даурықпа бос кеуде,
Өзін зор көреді өзгеден.
Қос езу көпіріп, бөскенде,
Сарайлар соғамыз сөзбенен.

Атадан өнеге көрген кім?
Жармаса саламыз жағаға.
Ел үшін еңіреген ерлердің
Ізінен кетейік садаға.

Түк емес бейқамға соқтығу,
Бос күлкі – әр күннің ермегі.
Дос пенен бауырға жоқ жылу,
Қос өкпе қысады кеудені.

Кім болдық арманы күйелеш,
Кездейсоқ ғажаптан үміткер.
Би емес, би түсер үй емес…
Ұсақтап барамыз, жігіттер…


***

Сағынып, аңсап күтетін,
Ештеңе қалмай барады.
Сапар ғой өмір бітетін,
Аттаған сайын – жаралы.

Шақырған мың-сан арманға,
Жолдарды кеттім тегістеп.
Үмітке қоймай алданған,
Жүректің түбі беріш боп.

Қалған-ау бәрі жырақта,
Толқынын қанша күтті айдын…
Шуаққа, сыңғыр бұлаққа,
Мен мүлде алабұртпаймын.

О, неге қуаң шөлдеймін?
Тербеген қайда күй алуан?
Бұлттардан сурет көрмеймін,
Таппаймын рахат қиялдан.

Жанымнан тәнім бір бөлек,
Қыбырлап басып келемін.
Тіршілік қана құр медет,
Осы екен өмір дегенің…


Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Close