Таным

Фотоның фейк екенін анықтап беретін плагиндер

Фото фейк пе?

Фотоның өміріміздің ажырамас бөлігіне айналғанына қай заман. Сондықтан да оның түпнұсқалылығы, қашан және қайда түсірілгені туралы ақпарат бізге әртүрлі жағдайда қажет болып қалуы мүмкін.

Бұл түпнұсқа фото ма, жоқ па?

Оған дейін біреу оны бұрынырақ жүктеген бе? Google Image Search немесе TinEye сияқты программалар фотоның фейк екенін анықтауға көмектеседі. Google Image Search ұқсас суреттерді табады және оларды өлшемі мен күні бойынша сұрыптауға мүмкіндік береді. TinEye табылған суреттерді бір-бірімен салыстыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар файл өлшемі мен оның интернетте пайда болған күнін көрсетеді. Суреттің өлшемін неғұрлым жақсы қолдансаңыз, түпнұсқаны тезірік табу мүмкіндігі жоғары.

Суреттерді іздеудің ең пайдалы плагиндерінің бірі Google Chrome және Firefox үшін RevEye плагині. Оның көмегімен сіз барлық негізгі іздеу жүйелерінен фотоны желідегі кез келген беттен суретті екі рет басу арқылы тауып ала аласыз.

RevEye плагині қалай жұмыс істейді?

Мүмкін сіз іздеген сурет екі бөліктен тұратын шығар. Суретті кез келген графикалық редактордан бөліп, әр бөлікті іздеңіз. Сондай-ақ, ол сурет фотоға түсірілген көшірме болуы мүмкін. Сондықтан оны графикалық редактор арқылы өзгертіп, қайта іздеуге тырысыңыз.

Ал суреттің сандық өңдеуден қаншалықты өткенін Foto Forensics сайты арқылы тексеруге болады. Ол суреттегі «сызылған» аймақтарды немесе өңдеу кезінде оған енгізілген жерлерді табады. Өңдеуден кейін бағдарлама фотосуретті шығарады, онда өңделген фрагменттер басқалардан ерекшеленеді.

Маңызды! Фотосуретте берілген жазуға назар аударған дұрыс. Екі бірдей суреттің астында екі түрлі сипаттама болуы мүмкін. Көшірме жасаушылар көбіне осы әдісті қолданады.

Фотосуреттің авторы кім?

Автордың аккаунтын келесі параметрлер бойынша тексереміз:

Аватарға не қойған? Бөліскен суреттері түпнұсқа ма?

Фото қашан тіркелді? Ол қаншалықты көп қаралым жинады?

Адамдар оның постына қандай пікірлер қалдырған? Ол өзінің суретін сала ма әлде басқа адамдардың суреттерімен блогты толтыра ма? Сайттың немесе блогтың иесі кім (егер блог жеке доменде болса)? Сіз оны whois қызметі арқылы тексере аласыз.

Басқа әлеуметтік желілерге, блогтарға, сайттарға, шоттарға сілтемелер бар ма?

Пайдаланушы туралы қандай ақпарат бар? Пайдаланушы туралы ақпарат Spokeo, Pipl.com, WebMii немесе LinkedIn сайттарында бар ма?

Егер аккаунт Twitter-де тіркелген болса, Discover Twitter First Tweet арқылы, ал Vkontakte желісінде болса, vkreg.ru. арқылы ақпарат жинауға болады.

Кейде фотосуреттің қайдан алынғанын файлдың атауынан білуге болады. Егер бұл сандардың ұзақ жиынтығы болса, онда фотосурет әлеуметтік желілерден алынған болуы мүмкін. Мысалы, Facebook-тің кейбір фотосуреттерінде оны жариялаған пайдаланушының жеке куәлігі бар. Мәселен: https://scontent-fra3-1.xx.fbcdn.net/hphotos-xtf1/v/t1.0-9/11201814_10205461106940119_1410813217263058502_n.jpg?oh=81a37240658c3d38e2f96385299ae6a9&oe=563E6830 сияқты сілтемелер.

Фотосурет қайда және қашан жасалды?

Суреттің EXIF деректерін қараңыз. Мұнда фотосуреттің өлшемінен бастап жасау уақытына дейін, сонымен қатар фото түсірілген камераның моделі және басқалары туралы ақпараттар сақталады. EXIF деректерін Adobe Photoshop сияқты графикалық редактор арқылы немесе Fotoforensics немесе Findexif сайттары арқылы оқуға болады. Олардан басқа jpegsnoop бағдарламасы бар (тек Windows үшін жұмыс істейді). Ол тек суреттердің ғана емес, сонымен қатар AVI, DNG, PDF, THM форматтарының метадеректерін көруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар кескіннің өңделгенін, зақымдалған файлдағы қателерді анықтауға және т. б. мүмкіндік береді.

Алайда EXIF деректерін әрдайым анықтау мүмкін емес немесе олар дұрыс емес болуы мүмкін. Әсіресе әлеуметтік желілердегі фотосуреттерде EXIF деректері болмауы мүмкін. Мысалы, Facebook суреттерді жүктеу кезінде оларды өшіріп жібереді.

Геолокация

Визуалды белгілерге: жол, автомобиль және басқа белгілер, үйлер, киім, ерекше пейзаждар, көпірлер, таулардың болуы немесе олардың болмауына назар аударамыз. Оларды шамамен бір уақытта сол жерде түсірілген фотосуреттермен салыстырамыз. Сонымен қатар оны Google Maps Street View немесе Wikimapia опциясы арқылы да жергілікті көрініспен салыстыруға болады.

Тағы бір пайдалы геолокациялық ресурстың бірі – Geofeedia. Ол әлеуметтік желідегі посттарды көрсетілген мекенжай бойынша іздейді. Twitter, Flickr, Youtube, Instagram және Picasa-дан GPS арқылы жіберілген хабарламаларды өңдейді, содан кейін оларды коллаж түрінде ұсынады. Geofeedia ақылы ресурс болып табылады.

Фотоның түсірілген уақытын білу үшін ауа райы туралы ақпаратқа жүгінеміз. Бұл ақпаратты біз Wolphram Alfa сервисінен аламыз.

Материал factcheck.kz-тегі «Инструкция: Как проверить фото на достоверность?» мақаласының қазақ тіліндегі аудармасы.

Аударған: Дидар Сұлтанбекқызы

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!