Біліп жүр

Күз туралы өлеңдер

Жылдың ерекше мезгілі

Күз — табиғат сан алуан түске боялып, күн райы жиі құбылатын, соған орай адам көңілі де әртүрлі күйде болатын жылдың ерекше мезгілі. Көп ақын өздерінің үздік шығармаларын осы күзде жазғандарын айтады. Кім білсін, бұл мезгілдің бір тылсым қасиеті бар болар?

«Сап-сары жапырақтар», Мұқағали Мақатаев

Сап-сары жапырақтар…
Сал-сары жапырақтар…
Саудырап құлап жатыр атырапқа.
Біреудің жанарында,
Біреудің табанында,
Сап-сары жапырақтар жоғалуда.
Қаусаған қаңқасы тұр ағаштардың,
Жасыл бақ тоналуда, тоналуда.
Естілмей құстың әні,
Естілмей құстың үні,
Жалғанның кетті сәні, ұшты гүлі.
Сырғасынан айрылған ақ қайыңның,
Басына бар ғаламның түсті мұңы.
Сап-сары жапырақтар,
Сап-сары жапырақтар,
Саудырап құлап жатыр атырапқа.

«Күз. Көңіл күй», Бауыржан Бабажанұлы

Осы күздің аспаны жылауық тым,
Сәл жымиса қайтеді бірауық Күн.
Көз жасыңды қайтсін ел…
Боқтайды кеп, құлаған мас шетіне бір арықтың.

Ұйқы қашып, мәңгірсе бір басыңыз,
Ұзақ түнге терезе — сырласыңыз.
Өршелене оны да сабалайды
Әлденеге ызалы ұрғашы-күз.

Неге сонша жылайды, (тұспал ма екен?…)
Бағын әлде байлады, іштар бөтен.
Әлде бәрі бір күнде кетіп қалып,
Кеулін әбден босатқан құстар ма екен?

Жаңбыр ғана шаяр деп мына шерді,
Содан ақыл берді ме, мұң әсерлі.
…Мені-дағы көп достар сатып кетті,
Өлгем жоқ қой, (жылағам, рас, енді…).

Мөлдір бұлттан пәренжі жамылды Ай да,
Шаршады ғой… аспан сәл дамылдай ма?
“Жылама енді, сүрткін деп, көз жасыңды”
Ақыл айтар күзге ешкім табылмай ма?

Мен-ақ ақыл айтар ем, түсін, бірақ…
Біреу алып кеткендей күшімді нақ.
Айқайлаймын, дауысым шығар емес,
Тұр, өйткені, менің де ішім жылап.

Көңілдің көп бояуы оңар шерден,
Бізге-дағы көп адам болар сенген.
Сол сенімнен шығайық, жылама, Күз,
…Алдыменен сен тоқта, содан соң мен.

«Күз екен ғой…», Ерлан Жүніс

Әлдекім атымды атап шақырғандай,
Әлдекім қасыма кеп отырғандай,
Тұрамын жалт қарауға дауаламай,
Көзімді ашуға да дәтім бармай.

Білемін, сіз емессіз, бөтен де емес,
Бөтен жан басын бұрып «көкем» демес.
Жүректі сағынышпен дуалайды ол,
Сол сезім кетер емес, кетем демес.

Елегзіп, жоқ нәрседен тыз етер бой,
Күмәншіл дүниені күзетер ме ой?!
Іңірде елеңдеткен сіз бе десем,
Сіз емес, күз екен ғой, күз екен ғой…

«Күз екеуіміз», Асылбек Жаңбырбай

Жолығып күзге қоңыр күрсіндім,
Жылау үшін де Күз керек.
Жолымен жүріп өмірдің сүргін,
Жоғаламыз ғой біз кенет.

Жоқ Күздей досым қалада мынау,
Жоқ сенер басқа ешкімім.
Жетім жүректі жараладым-ау,
Жарамның аты — ескі мұң.

«Жабықпа» — дейді ол жұбатқан болып,
Жалқындап тұрып үздіге.
Жаратқан жерге жұмақтан бөліп,
Жіберген болар Күзді де.

Жазған Күз содан Хауаны сүйед,
Жақсы да көред Адамды…
Жазмышым берген дауалы сый ед,
Жүректен жазған жарамды.

Жұмбақ қой менің жаратылысым,
Жалқылық жұқса Күзден де.
Жаралдық баста дала-қыр үшін,
Жоғаламыз ғой біз демде…

«Күзгі мұң», Алтыншапақ Хауатай

Сар дала мылқау…
Жамылғысын жалмап жатыр ақ.
Суық жүзінде сұрланған сұсты ақырап.
Қоштаса алмай қоңырқай сәтпен тұрғандай
Дірілдеп ана үзілгелі тұрған жапырақ.

Күйрек жүректің жүйрік қиялы бел асқан
Бел асқан сайды айымен орайды кең аспан.
Суық күздегі семіз сұлулық әуені
Білмедім дәйім, нені бекітіп, нені ашқан?!

«Этюд», Ақберен Елгезек

Күз.
Алтын шашты ұстаз-­абыз,
Сіз бізге айтыңызшы қысқаша аңыз.
Бәрі енді ап­-айқын, бәрі таныс,
Енді кіммен, не үшін ұстасамыз?

Күз.
Тоғызыншы ай шығатын кез.
Өмірге үнсіз қарап, ұғатын кез.
Кірпігінде жаңбыр емес, жаңбыр емес,
Ащылау бір тамшылар тұнатын кез.

Дегенмен күз!
Бақытты ғой бұл кезге жеткен деңіз,
Тағдыр, бізге ендігі кектенбеңіз!
Бояулар жайқалатын бұл сұлу шақ –
Көктемге егіз!

«Ұрламашы күзімнен», Жұлдыз Ілебаева

Жапырақ ем тағдырымнан үзілген,
Ұрламашы, ұрламашы күзімнен.
Неге келіп мазалайсың түсіме,
Бірге бола алмаймыз ғой біз мүлдем.

Ақ шәлі едім, ақ бұлт жерге түсірген,
Аппақ қардай көз алдыңа тізілген.
Қарайтпашы, қарайтпашы жанымды
Қабағыңда қатқан мұздың жүзімен.

Жаңбыр ма едім жолдарыңа жауатын,
Талып кетті, талып кетті қанатым…
Мен қонатын биік енді белгісіз,
Мен киетін киім де енді қара тым.

Құс тартатын ноталарын қайғы – әнім
Жүрегіңде болған едім… Қайдамын?..
Жылатпашы, жылатпашы жанарды
Жанар отым сөнгеннен соң айтамын.

Самал ма едім бағыңда есіп тұратын,
Мен шығармын жауабы жоқ сұрағың.
Ғайып болғам, өзім күзбен көшкенмін,
Өмір сүріп жүрген менің құр атым.

«Күз. Алматы.», Маралтай Райымбекұлы

Мен секілді сағына ма түсінде,
Сезе алар ма әкімі әм тұрғыны.
Түсінгеннің бірге кетер ішінде
Алматының бір мұңы бар, бір мұңы!

Күрең шашын, алтын сары кірпігін,
Бауырыма басып дел-сал реңін.
Бірге жамап жүрегінің жыртығын
Көшесінде мең-зең болып жүремін.

Алматының аспанында бір мұң бар,
Кімдікі ол, соны білмей далмын мен.
О дүние мен бұ дүниелік тұрғындар,
Сенікі ме, әлде, Аллам – алды кең?!

Алматының бір мұңы бар, бір мұңы,
Түсінгеннің бірге кетер ішінде.
Сезе алар ма әкімі әм тұрғыны
Мен секілді сағынар ма түсінде!?

Түсіндіре алмаса да өлеңім,
Күз де оған кінәлі емес тегінде.
Тек сол ғана біледі деп себебін,
Раушановтан сұрауым жөн менің де!

Алматының көшесінде арман жүр,
Күз келгенін ертең құстар сездірер.
Сонда айтылар, ал әзірге қалған жыр –
Соры қалың жүрегіңді ездірер.

«Күзгі көрініс», Қалқаман Сарин

Көңілді қоңыр салқын саз жүдетіп,
Көз жетті кеткеніне жаздың өтіп.
Құлайды жапырақтар құба талдан,
Күрең күз құдіретіне тағзым етіп.

Кеші еді солқылдаған күздің суық,
Не шара, жасыл жаздан үздірсе үміт?
Базары тарқап кеткен бақ ішінде
Күтіп тұр әлдекімді қыз күрсініп.

Жас талдың аптыққан жел есін алды,
Құрғырдың қылығы жоқ еш ұнамды.
Жылаған жапырақтың жетім күйі,
Әп сәтте көңіліме көшіп алды.

Арқаның өңменімнен өтті желі,
Күдерін қайтқан құстан көк те үзеді.
Бозбауыр бала бұлттар боздап тұрып,
Бораған қыстан хабар жеткізеді.

Бәлкім бұл кездесу ме тұңғыш, әппақ?
Бақтағы қыз да сабыр тұрды сақтап.
…Бір жігіт сұр көшеге көрік беріп,
Келеді қызыл-жасыл гүл құшақтап.

Елемей қырды гүлсіз, күнді нұрсыз,
Кездесіп тұрды екеуі. …Тұрмын үнсіз.
Батырған мені мұңға қоңыр Күз бен
Жігіттің қолындағы гүл ғұмырсыз…

«Күз жыры», Ұларбек Дәлейұлы

Сарым мұңлығым!
Сағыныштан күзде сен,
Махаббаттан, менен күдер үзбесең.
Сары жапырақ арасынан табылам,
Егер мені есіңе алып іздесең.

Қуанышы құм астына көмілген,
Ақын ем мен аянбаған өмірден.
Күздің сары жапырағы ем төгілген,
Күздің суық жасы едім мен егілген.

Бейуақта қарсы алдыңды кес-кестеп,
Бейуаз бақты жұлқыласа кешкі өкпек.
Саған деген сағынышым деп ойла,
Жылап жатқан жапырақты етбеттеп.

Сайтан мезгіл сарқып айтып тәтті әнді,
«Бәрі менің еркімде» — деп мақтанды.
Мекеніне мұңын шағып соңғы рет,
Жыл құстары қошын айтып аттанды.

Жыл құстары сап түзеді түстікке,
Көрдің бе, әне, өткізгендей істікке.
Ең соңында барады ұшып үш аққу,
Ең соңында барады ұшып үш нүкте…

Сары мұңлығым!
Сәт тілеймін саған да,
Сәт тілеймін, сағыныш толы ғаламға.
Сен әкелген сағынышым сан жетпес,
Сілкілесіп мәңгі кетер санамда,
Сілкілесіп мәңгі кетер жағамда!!!
Қош, оралмайтын жыл құсым…

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!