Таным

Мәтін жазу: онлайн табыс, 5 қулық және зор мүмкіндік

Мәтін жазу машығын қалыптастырғыңыз келе ме?

Мәтін жазу немесе копирайтинг – бүгінде сұранысқа ие қызмет түрі. Мәтінсіз кез келген бизнестің күні қараң. Себебі адам құлақпен естісе де, көзбен көріп шын сенгісі келеді. Алдымен ол белгілі бір ақпаратпен танысады. Белгілі бір шешім қабылдамас бұрын өз сұрақтарының жауабын алғысы келеді. Сол кезде бизнес иесі оған өз қалауын мәтін арқылы жеткізеді. Егер мәтін түріндегі ақпараттан кейін клиенттің қызығушылығы оянса, ол келесі қадамға көшеді. Сондықтан да мәтінді қызықты, сауатты жаза білу кез келген бизнес үшін маңызды. Қарапайым адам үшін мәтінді жаза білу оны басқаларынан ерекшелейтін қарым-қабілеті. Қызықты мәтін жазу үшін жазушы болудың қажеті жоқ. Balbal.kz мотивациялық сайты қызықты мәтін жазуға көмектесін кеңестерді оқырман назарына ұсынады.

Сөйлемдеріңіз қысқа болсын

Мәтініңіздегі әр сөйлем бір ойдың қорытындысы болсын. Қысқа болған сайын оқырман да оны тез әрі жеңіл қабылдайды. Солай ғой?

Студент кезіңізде реферат, курстық не дипломдық жұмыс жазғаныңызды еске түсіріңізші. Бір сөйлемге сиятын ойды 10 есе ұзартуға тырысқан шығарсыз. Сол арқылы парақ санын көбейтіп әрі ақылдырақ көрінгіміз келетін.

Мына мәтін ғылыми жұмыс емес. Біреуден ақылдырақ болып көрінудің қажеттілігі жоқ.

Басты мақсатыңыз – ойыңызды оқырманға жеткізу. Болды.

Статистикаға көз жүгіртсек:

Ғылыми журналдағы сөйлемдердің орташа ұзындығы– 60 сөз;

Хәрри Поттер жайлы кітаптағы сөйлемдердің орташа ұзындығы – 12 сөз;

Айтыңызшы, қайсысын оқыған қызығырақ?

Сіз жазатын мәтін Хәрри Поттер туралы ғажайып оқиға емес. Сондықтан сөйлемдеріңіз 10-20 сөзден көп болмасын.

8 сөзден тұратын сөйлемді оқырман 100%-ға;

8-14 сөзден тұратын сөйлемді оқырман 90%-ға;

40 және одан да көп сөзден тұратын сөйлемді 10% ғана қабылдайды екен.

Ұзақ мәтін жазуға үйреніп қалған болсаңыз, қалайша қысқа жазуға болады деп бас қатырып отырған шығарсыз. Алаңдамаңыз, бұл мүмкін дүние. Ол үшін мына 2 кеңеске құлақ түріңіз:

  1. Керек емес сөздерден құтылыңыз. Егер сөйлем ол сөзсіз-ақ мағынасын жоғалтпаса, онда сол сөзді өшіріп тастаңыз. Әдетте, «мысалы», «әрине,», «белгілі болғандай» деген қыстырма сөздер аса маңызды рөл ойнамайды.
  2. Бір ойдан екінші ойға ауыспаңыз. Ойсыз, мағынасыз мәтін жазыңыз демейміз. Тек әр сөйлеміңіз бір ойдың қорытындысы болсын. Ал екінші ойыңызды екінші сөйлемге арқау етіңіз.

Мұның бәрі қатып қалған ережелер емес. Дегенмен мәтініңізді қысқарта алмай дал болсаңыз, мүлдем қозғамаңыз. Қысқартуға болады деген жерін міндетті түрде қысқартыңыз.

Сұрақтарға жауап беріңіз

Сіз жазған мәтінді оқырман аяғына дейін оқып шыққанын қалайсыз. Ол үшін оқырманды елітіп әкету керек. Мұны қалай жасаймыз?

Оқырманға сұрақ қойыңыз. Сосын оған жауап беріңіз. Жаңа ғана мен сізге сұрақ қойдым. Тура солай.

Сұрақтар неге өтімді келеді?

Себебі оқырман жауап беруге тырысады. Тіпті кейбірі іштей сізбен диалог құрастырады. Өз жауап нұсқасының дұрыстығына, бұрыстығына көзін жеткізгісі келеді. Сол үшін де мәтініңізді аяғына дейін оқиды. Ал егер жауап нұсқасы болмаса, сұрақтың жауабын алғысы келеді. Бұл жағдайда да оқырманыңыз болып қалады.

Оқырман/клиенттеріңіздің қоюы мүмкін сұрақтарын болжауға болады. Мысалы, осы мақаланы жазарда мынандай сұрақтар қойылатындығын білдім:

Сөйлемде қанша сөз болуы керек?

Оқырман мәтінді аяғына дейін оқуы үшін не істемек керек?

Мәтіннің сапасын қалай арттырамыз?

Зерттеу нәтижелерін қосыңыз

Зерттеу нәтижелерінің қорытындысы кез келгенімізге қатты әсер етеді. Мақаланың басында сөйлемнің ұзындығы адамға қалай әсер ететіндігі туралы статистика ұсындым. Сізге ерекше әсер етті ғой?

Сондықтан белгілі бір ойды жеткізгіңіз келсе, солай істеңіз. Зерттеу нәтижелерін тауып, қысқа-нұсқа етіп мәтін ішіне келтіріңіз.

Бұл арқылы сіз оқырманыңызға пайдалы боласыз:

Оқырман сенімді дереккөзден пайдалы білім алады;

Тексерілген ақпаратты ұсына отырып, оқырманның сеніміне кіресіз;

Мақалаңыздың/мәтініңіздің тақырыбына сай зерттеу нәтижелерін Google арқылы табасыз.

Google-дың кеңейтілген іздеу жүйесін пайдаланыңыз. Керек деген файлдардың ішінен PDF форматында сақталғандарын ғана іздеуге тапсырма бересіз. Мұндай ақпарат көбінесе PDF форматында болады.

Қарапайым сөздерді қолданыңыз

Копирайтинг гурулары күрделі сөзді қарапайыммен ауыстыруға кеңес береді. «Коммуникация» дегенше «қатынас», «араласу», «әңгімелесу» деуге рұқсат.

Алайда кейде терминдермен жазған дұрыс. Мысалы, сіздің мәтініңіз бухгалтерлерге арналған болса, «аккредитив» дей беріңіз. Себебі кез келген бухгалтер өз саласына қатысты терминдерді жатқа біледі.

Қай жағдайда қандай сөз жазу керек?

Мәтінді оқып отырған адам терминді білмесе де мағынасын түсінуі мүмкін. Ондайда терминмен жаза беріңіз. Мысалы, «Бұл тәсілді қолдану арқылы сіз потенциалды клиенттерді клиент конверсиясына 20%-ға көтере аласыз». Оқырман конверсия не екендігін білмесе де, іштей мұның «клиентке айналу» екендігін сезіп отырады.

Аудиторияңыз бұл терминді түсінетіндігіне сенімді болсаңыз. Мысалы, мен копирайтинг сөзіне синоним іздемедім. Себебі сіздің копирайтинг туралы естігеніңізге күмәнім жоқ.

Ойды анық жеткізетін сөзді қолданыңыз. Мысалы, практикалық кейстер туралы сөз қозғаймыз. «Кейс» сөзін «тәжірибе», «мысал» сөздерімен алмастыруға болатын еді. Бірақ бұл сөздердің аясы кең.

Екі нұсқа да жарамды болса, ең қысқасын таңдаңыз. «Интернет-ресурс» дегенге «сайт» дей салыңыз. Екінші сөйлемде «сайт» сөзі қайталанып кетпес үшін интернет-ресурспен алмастыруға болады.

Грамматика ережесінен алшақтаңыз

Қатемен жазыңыз демеймін! Жоқ!

Алайда грамматиканы білетініңізді көрсеткенше аудиторияның жүрегін жаулап алғаныңыз маңыздырақ. Сондықтан толқынға ілесіңіз. Мысалы, жастар аудиториясы қолданатын сөздер бар. Олар әдіби тілге жатпайды. Бірақ мәтініңіз оларға арналса, солардың тілінде сөйлеңіз. Сонда олар жазғаныңызға көңіл бөледі.

Осы 5 қулыққа салып, мәтін жазып үйреніңіз. Сонда сіз болашақта үйде отырып-ақ тапсырыс орындай аласыз. Компаниялардың, жеке тұлғалардың сұраған мәтінін жазып бересіз. Нәтижесінде онлайн түрде мәтін жазу арқылы табыс табасыз.

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Close