Таным

Наталия Преслер. «Балаға нені қалай түсіндіреміз?»

Наталия Преслер баланың тілін табуды үйретеді

Наталия Преслер – психолог, психотерапевт, ресейлік lozhkameda.org психологиялық сайтының блогері. Ол өзінің «Балаға нені қалай түсіндіреміз?» («Как объяснить ребенку что») еңбегінде және интернет блогында балалардың тәрбиесі мен дамуы туралы сөз қозғайды. Наталия бүгінгі заман балаларының өзімшіл, манипулятор келу себептері мен сол қасиеттермен қалай күресу қажеттігіне мән береді.

 Балалардың өзімшілдігі

Тәй-тәй басып жүрген кішкентай бала өзін әлемнің қожайыны іспетті сезінеді. Ол біреудің жағдайына түсіністікпен қарай алмайды. Тек өзіне қажеттісін  ештеңеге қарамастан талап етеді. Бұл әдет-мінез көбіне жалғыз өскен балаларда өмірбақи сақталады. Баланы өз қатарластарымен, бауырларымен ойнатып өсіру керек. Ата-ана балаға сұрағанының барлығын алып беруге тырысады. Бұл өрескел қателік. Баланы бағалай білуге тәрбиелеу маңыздырақ. Ол әр заттың өз құны болатынын білгені жақсы. Оған ойыншықтарына ұқыпты қарауы керектігін асықпай, байыппен түсіндіріңіз. Ұнатқан ойыншығын жоғалтып не сындырып алса, оған бірден басқа ойыншық сатып алып келуге асықпаңыз.

Тәрбиелеймін деп ұрысып, айқайға басудың да қажеті жоқ. Сол ойыншықты мерекені күндері сыйлық ретінде не белгілі бер тапсырманы орындағаны үшін марапат ретінде беріңіз. Бала ойыншықтың да еңбекпен келетінін түсінгені игі.

Әкенің бала тәрбиесіндегі рөлі

Бала дүниеге келгеннен кейін ер адам алғашқы айларда өзінің рөлін, одан не талап етілетіндігін білмеуі мүмкін. Барлық шаруаны әйелі тындырып жүргендей көрінеді. Ол баланы тамақтандырады, бесікке бөлейді, жөргегін жуады. Бала оған толығымен тәуелді және өзгені қажетсінбейтіндей келеді. Сол кезде кей ер адам өзін қажетсіз сезінуі мүмкін. Шын мәнісінде, бала үшін әкенің қызметі қандай? Әке ана мен бала арасындағы байланысты одан сайын берік қыла алады. Ана баланың физикалық қажеттіліктерімен айналысса, әке нәрестеге сүйіспеншілік, махаббат сезімдерін білдіру керек. Ол баланы қолға алып, оның сыртқы әлемді тануға деген қызығушылығын оятуы қажет. Әке тәрбиеге араласпаса, бала тым жасқаншақ болады. Баланың болашақта сыртқы ортамен қандай қарым-қатынаста болатындығы, өзін  көпшілікте сенімді не сенімсіз ұстауы әкенің осы кездегі тәрбиесіне тікелей байланысты.

Ата-аналарға кеңес

Бала тілі шыққаннан кейін көп нәрсеге қызығады, көп сұрақ қояды. Бала үшін ең ақылды адам – ол ата-ана. Сондықтан баланың сұрағын ешқашан жауапсыз қалдырмаңыз. Балаңызды шынымен тыңдаңыз: ол сөйлеп жатқанда телефонға не телевизорға қарап, тамақ дайындап жатпаңыз. Баланың көзіне қарап,  оның әңгімесін мұқият тыңдап шығыңыз. Балаларды дастархан басындағы отбасылық әңгімелерге қатыстырып отыру да маңызды. Олар осы кезде өздерін маңызды сезіне бастайды.  Есесіне болашақта өзін-өзі лайықты бағалап, қоғамда өзін еркін ұстай алатын болады.

Бала кез-келген іс-әрекетті бірінші рет жасауға талпынғанда оған көмектесіңіз. Бірге сурет салыңыз, ермексаздан неше түрлі дүние жасаңыздар. Өйткені балалар сәтсіздікті көтере алмайды.

Бала мазасызданып жылай берсе…

Баланың сізге сабырлы дауыспен сөйлегені ұнайтынын атап өтіңіз. Мысалы, «Осыны жыламай, сабырлы күймен айтқаныңды қалаймын, әйтпесе саған не керек екенін түсіне алмай қаламын» деп айтыңыз.

Егер эмоциялардың көрінісі көмектеспесе, «Сені құшақтап алғанымды қалайсың ба?» деп жай ғана сұрақ қоя аласыз.

Есіңізде болсын, баланың мазасызданып жылауы –  бұл әзіл немесе жай еркелік емес, олар үшін қиын тәжірибені жеңу тәсілі, өзін-өзі ұстай алмауы, дағдылардың жетіспеуі.  Баланың өзін-өзі эмоционалды түрде басқаруына көмектесу – ересектердің міндеті.

Манипуляция: үлкендерге айтқанын істету

Кей отбасыларда балаға жанашырлық, ұят сезімін өтірік кінәлау арқылы оятуға тырысады. Егер бала дөрекілік танытып немесе сәлемдеспесе, онда олар: «Сен  анаңмен осылай сөйлесуге ұялмайсың ба?», «Анаңа өкініш білдір, ол қатты ренжіді», «Егер менің айтқанымды істемесең, ойыншық алып бермеймін» дегендей сөздер айтып тәрбиелейді. Бірақ бұл қате тәрбиелеу формасы. Кейін бала бұл стратегияны сізге қарсы қолданатын болады яғни көше ортасында жылау арқылы қалағанын алдырады. «Атама, әжеме айтып қоямын» деп сізден үлкен адамды қорғаныш ретінде қолданады. Сіз оған басқа адамдардың сезімдерін басқаруға болатындығын және мақсатқа жету үшін ренішті қолдануды үйретесіз.

Баланың теріс қылығына қалай жауап беру керек?

Өтірік ренжімеңіз. Егер ренжіген болсаңыз, оны тікелей айтқан дұрыс: «Сен менімен бұлай сөйлескенде мен жаман болдым. Мен енді сенімен ойнағым келмейді. Енді мұны істеме» деңіз ашық. Баланың жасы үлкенірек болса: «Сен қазір маған дөрекі болдың. Мен сені ренжітетін нәрсе жасадым ба?» деп сұрақ қойыңыз.

Бала тәрбиесіне салғырт қарамау керек. «Қайын ағашының түзу болып өсуі күтімнен» демекші баланың да жақсы болуы ата-ана берген тәрбиеге байланысты.

Дайындаған: Қырмызы Скендирова

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Close