Таным

Nokia: құрылу тарихы және құлдырауы

Nokia қалай пайда болды?

«Nokia» телефондары барлығымыздың алғашқы байланыс құралымыз болған шығар. Монофондық мелодиялар мен ақ-қара түсті экран бәріміздің есімізде. Бірақ бұл компанияның құрылу тарихы мен оның дамуы жайлы барлығымыз біле бермейміз.

Қағаз, электр көзі, резеңке және кабель (1865-1967)

1865 жылы инженер Фредрик Идестам Финляндияның Тампере қаласында қағаз зауытын ашады. Бұл кезде Финляндия толығымен Ресейдің құрамында еді. Бірнеше жылдан соң Идестамның кәсібіне оның ескі досы тарихшы Леопольд Мехелин қосылады. Зауыт орналасқан Нокия өзенінің құрметіне олар өз зауытын «Nokia» деп атайды.

ХІХ ғасырдың соңында Идестам зауыт басшылығынан кетіп, басқарма толығымен Мехелиннің қолына өтеді. Ол кәсіпті өзге де бағыттарда дамытуды жолға қояды. Осы кезден бастап зауыт қағаз ғана емес, электр энергиясын өндіре бастайды.

1922 жылы зауыттың акцияларын Эдуард Полон негізін салған «Finnish Rubber Works» резеңке жасаумен айналысатын өнеркәсіп сатып алады. Сонымен қатар олардың қатарына «Finnish Cable Works» атты кабель шығарушы зауыт та қосылады. Бұл үш компания 1967 жылға дейін ажырамастан жұмыс істейді.

Телекоммуникация кәсібі (1968-1995)

60-жылдардың ортасынан бастап «Nokia» «Salora» өнеркәсібімен қосылып, жоғарғы сапалы радио хабарлар тарату ісін қолға алады. Нәтижесі «ARP» атты телефон байланысы. Бұл байланыс негізінде автомобильдерге арналған «Autoradiopuhelin» радиотелефоны пайда болады.

1970-жылдары зауыттың алғашқы телекоммуникациялық тауары – автоматты телефон станциясына арналған «DX200». Бұл уақытта «ARP» телефон байланысы барлық Финляндия жеріне тараған еді.

1979 жылы «Nokia» коммуникация бөлімі «Salora»-мен тағы бір рет қосылады. Олар біріге отырып, «Мобира» кәсіпорынын құрады. Ал бірнеше жылдан соң «Salora»-дан компанияның тиісті бөлігін сатып алады.

1984 жылы «Nokia» алғашқы жылжымалы телефон – «Mobira Talkman»-ді жасап шығады. Оның салмағы 4,7 килограмм болды және  антенна арқылы жұмыс істеді. 3 жылда өнеркәсіп телекоммуникация саласында үлкен серпіліс жасады. «Nokia Cityman» телефоны 750 граммға дейін кішірейді.

Уақыт өте «ARP» стандартынан «NMT-900» байланысына, одан кейін «GSM»-ге толығымен ауысты. Ал 1992 жылы әлем алғаш рет «GSM»-телефоны -«Nokia 1011» құрылғысымен танысты. Дәл осы жылы компанияда «Connecting People» слоганы кең тарай бастады. 1994 жылы «Nokia 2100» модельді телефонын шығарады және танымал «Nokia Tune» мелодиясын таныстырды. Әлем бойынша бұл үлгінің 20 миллион данасы сатылады.

Алтын ғасыр (1996-2009)

ХХ ғасыр соңында «Nokia» ірі мобильді телефон шығарушы компанияға айналды. Оның нарықтық үлесі 40 пайызды құрады. 2000 жылдардың басында кәсіпорын бірнеше белгілі үлгілерді шығарды. Ал 2008 жылы «Apple» компаниясына жауап ретінде алғашқы сенсорлы телефонын «5800 Express Music»-ті ұсынды. Бұл үлгінің сатылымы өте жақсы болды және алтын ғасырдың басына айналды.

Элоптың қайта құруы (2010-2013)

2010 жылдың күзінде басшылыққа «Microsoft» компаниясынан шыққан Стивен Элоп келеді. Элоптың келуімен компанияның дамуы басқа бағытқа бұрылды. «Nokia» «Windows Phone» мобильді платформасын жасауды қолға алады.  Ал оның нарықтағы сатылымы 29 пайыздан 3 пайызға төмендейді. Ал 2013 жылы қыркүйекте «Microsoft» «Nokia»-ның телефон шығаратын бөлігін сатып алғандығын жариялайды. Бірақ компания бірнеше телефон үлгілерін жарыққа шығарып үлгереді.

Дайындаған: Назархан Уән   

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Close