ТанымТарих

Ойраттарға от қару жасап берген швед

Иохан Густав Ренат Жоңғарияға қалай тап болды?

Қазақ-жоңғар соғысы — өз заманындағы аса маңызды тарихи оқиғалардың бірі. Оның барысы мұңға толы, ал нәтижесі аса қайғылы және тек қазақ пен жоңғардың ғана емес, Орталық Азия және көршілес аймақтарды мекен еткен барлық халықтардың тағдырына әсер етті. Бір ғасырдан астам уақытқа созылған соғыс аяқталған шақта Жоңғар мемлекеті Қытайға жұтылып, Қазақ хандығының бірқатар өңірі Ресей Империясының құрамына енді. 

Байқағанымыздай, бұл соғыста қазақ та, жоңғар да жеңген жоқ. Тарихшылар әрдайым осы оқиғаға «Бөліп ал да билей бер!» саясаты қолданылғанын айтады. Нақтылайтын болсақ, қазақ пен жоңғардай екі көшпелі ұлысты бір-біріне айдап салған Ресей мен Қытай мемлекеттері делінеді. Бұл жайында Қожаберген жырау өзінің «Елім-ай» дастанында былай жырлайды:

«Әз Тәуке болса-дағы достыққа ынтық,
Сатпады Ресей, Қытай бізге мылтық.
Жоңғарлар қорғасын оқ боратқанда  
Найза ұстап, садақ асып, қарсы шықтық.
Соғыстан Ресей, Қытай босамаған,
Сонда да жерімізге көз тастаған.
Өздері бізге жорық жасамаған,
Халхилар солар үшін іс бастаған.
Бастаған Ойрат ісі ұрыс болды,
Бұл соғыс Ресей үшін дұрыс болды.
Қалмақты жабдықтаған қос көршінің
Әуелден көздегені қоныс болды.
…Босаған соң қуанып талай қоныс,
Қалмаққа алғыс айтқан билікті орыс.
Тоқтатып сол арада қалмақтарды, 
Оларға сыйлық берген ұлық орыс».

Сол заманды өз көзімен көрген тұлғаның сөзінен ұққанымыздай, Ресей мен Қытай жоңғарларды қазаққа айдап салып қана қоймай, сонымен қатар оларды демеп тұрған. Шумақтарда қалмақ атқан қорғасын оққа қазақтың найзамен, садақпен қарсы шыққаны жазылады. Осы ретте ол қорғасын оқты қазақ неге таба алмады деген заңды сұрақ туындайды. Ендеше, әңгімемізді осы бағытқа бұрайық.

«Тұтқындағы шведтер Мәскеуде», швед суретшісі Гёте Горанссонның туындысы.

Ойраттардың қорғасын оққа иелік етіп, қазаққа отты қарумен шабуылдауына швед Иохан Густав Ренаттың тікелей қатысы бар. Швеция әскерінде сарбаз болған ол 1709 жылы Полтава түбіндегі шайқаста орыс әскерилерінің қолына түсіп, Сібірге айдалады. Ол жерде Бухгольц экспедициясының құрамына қосылып, Ямышевка бекінісінің салынуына көмектеседі. Ямышевка (Жәміш) қазіргі Қазақстан жерінде орналасқан. Павлодар облысында бекіністің орнында тұрған аттас ауыл әлі бар. 1716 жылы сол Ямышевкаға қалмақтар шабуыл жасайды. Иохан Густав Ренат шабуыл кезінде тұтқынға түсіп, Құлжаға жөнелтіледі. Бұл уақытта Жоңғар мемлекетін Сыбан Рабдан (Цэван-Рабдан) басқарып отырған болатын.

Жазушы Сәбит Мұқанов бұл оқиға жайлы: «Швед офицері Иохан Густав Ренат Бухгольцтің экспедициясы құрамында Ертіс бойын өрлеп келіп, Ямышевка көлінде ойрат шерігі мен орыс солдаттарының қақтығыс кезінде жоңғарлардың қолына түседі. Сөйтіп, ойрат шерігіне темір қортып, зеңбірек құюды, оқ-дәрі жасауды үйретеді. «Ақтабан шұбырынды» кезінде ойраттар осы от қаруды қазақтарға қарсы қолданды», — дейді. Ал, тарихшы Бердіхан Құсайынов швед сарбазының жоңғарлар қолына түсуі әдейі ұйымдастырылған шара екенін айтады: «Бұл оқиға Ойрат пен Ресей арасында құпия келісіммен іске асып отыр. Мұндағы мақсат: Ренат ойраттарға сапалы зеңбірек жасап береді, торғауыттар ол зеңбірекпен қазақтарды қырады. Мына жақтан «қазақтарды қырмаңдар» деп Ресей билігі өтірік ара түскен болып, Қазақ ордасының алдында өздерін «құтқарушы» ретінде көрсете алады. Келесі бір мәселе, қарулы ойраттар шығыстан қыса түссе, қазақтардың барар жері тарылып, іргесіндегі Ресейдің қолтығына еріксіз тығылуға мәжбүр болады. Дәл осы сәтте орыстар қолтығын кең ашып, өзі келген қазақтарды қыса қояды».

Иохан Густав Ренат Жоңғарияда жүріп салған екі картаның бірі.

Иохан Густав Ренат ойраттар арасында 17 жыл ғұмыр кешеді. Тұтқыннан босау үшін оған Жоңғар мемлекетінің әскери күшін жақсарту талабы қойылады. Шведтің көмегімен елде артиллериялық, қару-жарақ және кен өндіруші зауыттар салынады, соғыс өнерінің түрлі тәсілдері меңгеріледі. 17 жылда уақытта Ренат тұтқындағы швед қызы Бригитта Шерзенфельдке үйленіп, Жоңғарияның картасын сызады және Сыбан Рабданның өмірден өтіп, Қалдан Сереннің (Галдан-Цэрэн) таққа отыруына куә болады. Ол Жоңғариядан 1733 жылы жіберіледі. Айта кетерлігі, шведті тұтқыннан алып кеткен орыс елшісі майор Леонтий Угримов болатын. Сол Угмиров Иохан Густав Ренат ойраттарға 4 фунттық 15 зеңбірек, кіші калибрлі 5 дана зеңбірек, 10 фунттық қысқа стволды 20 зеңбірек жасап беріп, оларға қалай қолдануды үйреткенін айтады. Еліне оралғаннан кейін Ренат әскери қызметін жалғастырып, капитан лауазымына дейін қол жеткізген. Бүгінде ол Әлем халқына Жоңғарияның екі картасын сызған адам ретінде белгілі.

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Close