Таным

«Құпия» кітабы «Екінші болманың» жалғасы емес

«Құпия» кітабы қозғайтын мәселелер

«Құпия» кітабы – 2019 жылдың 6 қазанында Алматыдағы Балуан Шолақ сарайында тұсауы кесілген Қуаныш Шонбайдың жаңа авторлық туындысы. Онлайн негіздегі қазақ тілді Shonbay үздіксіз даму университетінің құрушысы Қуаныш Шонбай осыған дейін «Екінші болмасын» жарыққа шығарып, ыстық ықыласқа ие болған еді. Білмеген құпияларды ашқан Жаратқанға алғысын айтып, шүкірлік еткен кіріспе сөзден басталатын «Құпия» кітабы да қалың көпшілікке арналған. 247 беттен тұратын «Құпияда» бізге айтылмаған қандай құпия бар деген сұраққа balbal.kz сайты жауап іздеп көрді.

"Құпия" кітабы
«Құпия» кітабы @instahu.net

Эмоционалдығы

«Құпия» кітабы «Екінші болмадан» қарағанда эмоцияға толы. Алладан кейін менторы Артем Овечкинге алғыс айтқан автор оқырманды кітап оқу барысында әртүрлі сезімге бөлейді. Алғашқы бетінде Қуаныш Шонбай 2019 жылдың қаңтарында Испанияда жүріп жазған хаты назарға ұсынылады. Онда ол екі рет банкротқа ұшырап, қайта тұруға күш тапқан өзінің «Құпияны» жазудағы негізгі себептерімен бөліседі. Үшінші рет банкротқа ұшыраймын ба деп уайым жеп, тіпті өз-өзіне қол жұмсауды ойлаған Қуаныш Шонбай «мен жасаған қателіктерді өзгелер қайталамасын» дегенді мақсат тұтқанын жасырмады. «Құпияны» оқып отырып табысты адамдарды табысты ететін – олардың рухы мен жігері екендігіне тағы бір мәрте көз жеткіземіз.

Қуаныш Шонбайдың екі құпиясы

Өмірден түңіліп, өзін қоярға жер таппай жүрген оқырманына «Бәрі де уақытша» және «Бұл жағдай сенің басыңда ғана емес» деген екі құпиясымен бөліседі автор. Осы екі құпияның қаншалықты өмірді өзгерте алатындығына куә болған ол дәл осы тұста кітапты жаба салуға да болатындығын меңзейді. Себебі біреу үшін қарапайым дүниелерді түсіну әрі қабылдау жеткілікті екендігін айтады. Әйтпесе түймедейді түйедей етіп, «мен бақытсызбын», «неге менің ғана жолым болмайды» деп жылап жүргендер қаншама. Ал егер мәселесі одан тереңірек жатқан, өмірде өз орнын іздеп жүрген оқырман болса, автор терең дем ала отырып келесі парақты ақтаруға кеңес береді.

Ашылмаған қанаттың үлкендігі білінбейді

Міне, осы ойды Қуаныш Шонбай кітабының тұсаукесер шарасында бірнеше рет қайталаудан жалықпады. Кітабында да тұтас бір тарау осы тақырыпқа арналған. Ең қызығы, бұл қарамағындағы қызметкерінің оқиғасы. Қысқасы, ешқашан жүгірумен кәсіби түрде айналыспаған адам алматылық марафонға қатысқысы келеді. Тіркеледі. Алайда ол марафонның ережесіне сәйкес әртүрлі қашықтыққа жүгіруге болатындығынан хабарсыз болып шығады. Сөйтіп ең ұзақ дистанция яки 42 шақырым 195 метрге жүгіруге жазылып қояды. Шындықты кейін білген ол «шешінген судан тайынбас» дегендей ештеңе қарамастан сол дистанцияны жүгіріп өтуге шешім қабылдайды. Бүгінде Саламат (оқиғаның кейіпкері) еуропалық марафонға қатыспақшы. Ең қызығы, өмірінде мұндай қолымнан келеді деп ойламаған адам өзінің мүмкіндіктері қаншалықты мол екендігіне көз жеткізеді. Қуаныш Шонбайдың бұл оқиғаны кітапқа қосудағы мақсаты не екендігін жақсы түсіндік. Ол –  тәуекелге бел бумай жатып «істей алмаймын», «бұл мүмкін емес» деуіміздің барып тұрған құр қорқынышымыз бен ақымақтығымыздың бір көрінісі екендігі.

 «Аққала» техникасы

«Екінші болмада» соңғы ақшасына ресторанға барып тамақ ішкенін тілге тиек еткен автор осы жолы жастардың несие алғыш болып кеткеніне мән беріп, қарыздан құтылу мәселесіне көңіл бөлгендігі қуантты. Шын мәнісінде, елімізде тұрмыстық техниканы несиеге алғыштар көбейіп кеткендігін ескере отырып, Қуаныш Шонбай ұсынған техникаға ерекше тоқталуға негіз бар.

Жалпы, кітаптың рецензиясы жазылған тұста мынандай бір ескерту бар. Оған сәйкес кітапта айтылған құпияларды біз автордың рұқсатынсыз оқырман қауыммен бөлісе алмаймыз. Сондықтан да қызығушылықты оятып қойып, құнды ақпарат бермегеніміз үшін кешірім сұраймыз. Алайда негізгі мақсатымыз кітап оқуға деген құлшынысты арттыру екендігін еске салғымыз келеді.

Ақшасыз бизнес бастау

Кәсіп бастау десе, көбіміз ақшасыз бизнес бастау мүмкін емес дегеніне кәміл сенгендіктен бастамаудың мың сылтауын іздеп табамыз. Осы бір күрделі мәселеге Қуаныш Шонбай өз басынан өткен оқиғаны мысал келтіруі ұнады. Бірде Тараздан ауылы Асаға жол жүрмек болған автор такси ұстайды. Күн болса, ерекше суық. Ауа-райының қолайсыздығын пайдаланғысы келген таксист жол ақысын көтеруді ұят санамайды. Мұнысына ашуланған Қуаныш Шонбай өзінің эмоциясын жасырмайды. Қақап тұрған күнде таксидің бағасын көтеру адамдықтан аттау екендігін айтудан тайсалмайды. Бұл ойын қайта-қайта жеткізумен болады. Жолаушының жанайқайына басында үн қатпай отырған таксист ақыр аяғында өзінің негізі электрик екендігін жайып салады. Ауа-райының бұзылғанын өз пайдасына айналдыра білетін таксисті ұялтқан Қуаныш Шонбай жүргізушінің айына қанша ақша тапқысы келетінін сұрайды. «Алпыс мың теңге» деген жауап та алады. Алайда диалог құруға зауқы соқпай отырған таксист жігіттің мазасын әбден кетірген «Құпия» кітабының авторы соңында мынандай ақыл-кеңес береді.

Тараздық таксистің алғысы

«Айына алпыс мың теңге дегеніміз, аптасына он бес мың теңге. Газетке хабарлама бер: «Вызов электрика 5000 теңге». Аптасына үш клиент тапсаң болды. Айына алпыс мың шығады» дейді кәсіпкер. Арада біраз уақыт өтеді. Қуаныш Шонбай ауылына тағы бет алады. Таксистер тұратын бекетте әлгі тараздық жігіт оны бірден танып, алдынан жүгіріп шығады. Осы жолы ол Асаға дейін тегін жеткізуге дайын екенін айтады. Жолда тараздық таксист Қуаныш Шонбаймен болған әңгімеден кейін өмірінің өзгергендігін әңгімелеп береді. Қысқасы, сол оқиғадан кейін таксист шынымен де қолынан келетін қабілетті кәдеге жаратуға болатынына көзі жетіпті. Ең қызығы, ол көліктің пешін де жөндеудің шебері екен. Бірде көлігінің пешін жөндеп жатқан кезін көріп қалған танысы өз пешін де жөндеп беруге ұсыныс тастайды. Содан бері әлгі таксист автопешті жөндеуге тапсырыс қабылдай бастапты. Әр жөнделген пешке 5000 теңге алады екен. Сапардың соңы тараздық таксистің Қуаныш Шонбайға алғыс айтуымен аяқталады.

«Құпияда» қандай құпия бар?

Шындығында, біз бұл сұраққа жауап таба алмадық. Бұл жай ғана кітапқа жазылған рецензия болып қала бермек. Әр адамды мазалаған әртүрлі жайт болатындығын біле отыра оның жанын жеген ойлардан арылтатын, бақытты әрі табысты өмірдің құпиясы да әртүрлі болуын заңдылық деп білеміз.

«Құпия» кітабы мотивация алғысы келетін кез келген жастағы қазақ тілді оқырманға арналған. «Екінші болмамен» салыстыратын болсақ, мұнда арнайы тапсырмалар жоқ, көруге кеңес берілетін кинолар тізімін де кездестірмейміз. Есесіне «Құпия» мобильді қосымшасы бар. Онда ақылы курстар «Құпия» кітабы оқырманы үшін ақысыз негізде ұсынылады. Мысалы, «Идеалды күн» техникасы, «Ұйқы» марафоны сияқты бірнеше әдіс-тәсілдің видеодәрісін тыңдап көріп, тапсырмаларын орындай аласыз.

Дайындаған: Жазира Байдалы

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Close