Таным

Сұхбат алудың тактикалары: «Ағашты» да сөйлетуге болады

Сұхбат алудың өз ережелері бар

Сұхбат тек журналистика мамандары үшін ғана қажет емес. Кез келген адаммен қарым-қатынас құру бәрімізге қажет қасиет. Қызықты әңгіме-дүкен сіз үшін табысты болары сөзсіз. Әрбір адам ақпарат тасымалдаушысы болып табылады. Қызықты дискуссия мен сұрақ-жауап барлық сұрағыңызға жауап алуға септігін тигізеді. Бұл үшін бірнеше әдіс пен құпияны білуіңіз керек.

 «Дұрыс адамды» таңдаңыз

Ең бірінші, сұхбат табысты болуы үшін «дұрыс адамды» таңдауыңыз қажет. Айтары көп, ақпараттың көзі болып табылатын тұлғаны таңдап алыңыз. Көпшілігі егер адам танымал болса немесе теледидар мен газет беттерінен көп көрінсе, онда сұхбат қызықты өтеді деп қателеседі. Көп сұхбаттасатын адамның өзінен интервью арқылы жаңа дүниені алу қиын. Егер эксклюзив шықпаса, бәрі жақсы өтті деп есептеудің қажеті жоқ.

Дайындықсыз болмайды

Екінші, үлкен дайындық керек. Кейіпкердің соңғы жылдары қай тақырыптарды қозғап, не туралы айтып жүргенін біліп алыңыз. Көп адаммен тілдесіп, сол адам жайлы ақпарат жинаңыз. Себебі барлық жағдайға дайын болуыңыз қажет. Сіз кейіпкеріңізбен болған арадағы әңгімені естіген немесе көрген адам сол интервьюданөзіне қажетті ақпарат алуы керек. Еңбек далаға кетпейді, сіздің дайындығыңыз өз жемісін міндетті түрде береді.

Сұрақтар реттеу стратегиясы

Үшінші, сұрақтар ретін реттестіріп алыңыз. Әңгіме бұл – психология. Кейіпкер сұхбат басынан бастап жасырынып қалуы мүмкін. Бұдан сіз еш пайда көрмейсіз.Сол үшін сұрақтарды реттеп алыңыз. Мысалы, бастапқы уақытта кейіпкерге жылы сөйлеп, оның нағыз бейнесін ашатын сұрақтарды қойыңыз. Әлемді құтқару немесе өзге проблемаларды айтып, оны өзінің ойындағы батырға айналдырыңыз. Содан кейін бірден шабуылға шығуға болады. Өзіңізбен бірге алып келген «қаруларды» қолданып, өткір сұрақтарды қойыңыз. Есіңізде болсын, «қаруыңызды» еш уақытта бірден қолданысқа салмаңыз. Сонымен қатар өз қақпандарыңызды дайындаңыз. Кейіпкеріңіз бұл қапқанға түскен соң шыға алмай, сіздің сұрақтарыңызға өзі-ақ жауап береді.

Біреудің атағынан қаймықпаңыз

Төртінші, ешнәрседен қорықпаңыз. Өте қарапайым ереже. Бірақ үлкен маңызға ие. Барлық адам бірдей. Оның қызметі, жетістігі мен айлық табысы сіздің және кейіпкеріңіздің арасында ешқандай бөліністі тудырмайды. Қояндай қорқып, кейбір сұрақтарды қоймай кетуге болмайды. Жас ерекшелігін сыйлаңыз. Дөрекілік емес, сыпайылық танытыңыз. Сізден талап етілетіні осы ғана.

Шешенсімеңіз

Бесінші, сұхбат кезінде өзіңізді алдыңғы шепке шығарудың қажеті жоқ. Ұзақ сұрақ қоймаңыз. Бұл сұраққа қатысты өз ойыңызды білдіріп, уақытты созудың қажеті жоқ. Себебі сіздің пікіріңіз артықтау.  Сұхбат алушыны даяшымен салыстыруға болады. Даяшының қалай тапсырыс қабылдағанын, оны қалай тез дастарханға әкелгенін біз байқамай қаламыз. Сұхбат алушы да сондай болуы қажет. Басты назар кейіпкерде болуы шарт.

Кейіпкермен шайқаспаңыз

Алтыншыдан, сұхбаттың сәтсіз шығуынан қорықпаңыз. Бастысы – қызықты өнім жасап, көрермен мен тыңдарман, оқырмаңға тың ақпаратқа толы дүние ұсыну. Сіз сұхбат барысында кейіпкеріңізден жеңілуіңіз мүмкін, бірақ сіз анықтаған ақпарат алтынмен тең.

Ақпарат есте қалуы керек

Жетіншіден, есте қаларлық сұхбат шығаруға тырысыңыз. Мысалы, кейбір сұхбаттарды көргеннен кейін ештеңе есте қалмайды. Жақсы сұхбат – оқырман не көрерменнің есінде қалған сұхбат.

Бұрмаламаңыз

Сегізінші, сұхбат барысын бұрмаламаңыз. Әңгіме немесе сұхбат барысында бағыт сіздің басқаруыңыздан шығып кетуі мүмкін. Жай ғана сұрақтар арқылы бұрынғы арнаға бұрыңыз.

Бәрін редакторламаңыз

Тоғызыншы, сұхбатты өзгертпеңіз. Кейбір журналистер өз кейіпкерінің сөздерін өзгертіп тастайды. Кейіпкеріңіз әңгіме барысында инверсия мен жаргон сөздерді қолданса, оны сол қалпында қалдырыңыз. Өйткені оқырман сұхбатты оқу барысында сол адаммен өзі тілдескендей әсерде болуы керек.

Соңында бір тексеріңіз

Оныншы, сұхбат барысын тексеруді ұмытпаңыз. Сұхбат немесе әңгіме барысындағы ақпараттарды тексеріңіз. Мұның үлкен маңызы бар. Газет бетіндегі сұхбатты жариялау кезінде бірнеше өзгерістер енгізілуі мүмкін. Сұхбатыңыздың ең маңызды тұсы мен жемісті бөліктері сол қалпында сақталуы үшін бір рет тексеріп өту артықшылық етпейді.

Материал Юрий Дудьтің ««Ағашты» қалай сөйлету керек» шеберлік сағаты барысында студенттермен бөліскен ақпарат негізінде дайынлды.

Дайындаған: Назархан Уән

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!