Таным

Сәбит жазықты ма?

Мағжанның ұсталуына Сәбит Мұқановтың рөлі үлкен

Белгілі мағжантанушы Бақыткамал Қанарбаева бір сұхбатында: «Ең сұмдығы Сәбит Мұқанов болды. Сәбит неге соңына түсті? 1919 жылғы соғыс кезінде жетім бала Сәбитті Мағжан атасы Жұмабай қажыға жібереді. Жұмабай қажының жылқысында Көкдауыл деген сетер аты болады. Бірде Сәбит шанаға сол Көкдауылды жегіп, байдың балаларын қыдыртып жүреді. Сонда Көкдауылдың аяғы інге кіріп, мертігеді. Атпаз Жұмабай Сәбитті бишікпен сабап-сабап, уәде еткен киімін де бермей, қуып жіберген ғой. «Өмір мектебінде»: «Бекен деген оңбаған, уәде берген киімін бермеді» деп айтады. Ал себебін қозғамайды. Сол күннен бастап Сәбит Жұмабаев әулетіне өшіккен, соңына түскен. Мағжанның ұсталуына Сәбит Мұқановтың рөлі үлкен» деген пікір білдірген екен.

Қанарбаеваның «Мағжанның соңына түскен үш адам бар» сұхба­ты­нан кейін әлеуметтік желі­лер­де Сәбит Мұқановты қаралаған пікірлер көбейді. Тіпті кейбірі «Сәбит Мұқановқа берілген көше аттарын, мекеме атауларын алып тастау қажет» дегенді де жазып жатыр. Өткен ғасырдың 30-жылдарындағы ақиқатты айт­қан­да, біреуді қаралап, біреуді ақтап жататынымыз анық. Бұған дейін де Сәбит Мұқанов туралы талай-талай мақала жазылды. Тіпті оның «сатқындығын» бетке басқандар да бар. С.Мұқанов пен Ғ.Мүсірепов әдеб­и мемориалдық музей кеше­ні­нің директоры, белгілі ақын Әділғазы Қайырбековтің бір сұхбатында: «Сәбең советтік идеяға құлай берілген, шын жүрегімен сенген. Алашорданы қабылдамаған. Сондықтан да Мағжанды да, Ахмет Байтұр­сын­ұлын да, Міржақып Дулатовты да, басқаларын да таптық тұрғыдан аяусыз сынаған. Бұл мәселеде пікір­лерін жасырып-жаппаған, ашық айтып отырған. Сәбеңнің бұл пікірлері баспасөзде де ашық жарияланған, кітаптарында да бар. Яғни, олардың бағытының дұрыс емесіне шын көңілмен сеніп, тура жолға салғысы келген, жаны ашыған. Бірақ оларға қастық ойла­маған, жамандық тілемеген. Оған қатысты мына мысалды алайықшы. Мәскеуде қызыл профессурада оқып жүргенінде айдаудағы Мағжанға «Райыңнан қайт, Совет үкіметін қабылда» деп хат жазады. Кейін оқуын бітіріп, Алматыда қызмет етіп жүргенінде айдау­дан оралған Мағжаннан «Орта­ларыңа алмайсыңдар ма?» деген мағынадағы хат алып, Сәкеннің ақылымен сол кез­­­дегі республика басшысы Мир­зоянға барады. Бұл кезде Мағжан Қызылжар жақта жүрсе керек. Мирзоян: «Мағжанға көмектесіңдер, бірақ оған шығар­ма жаздырмаңдар. Дүние­жүзі классиктерінің шығар­ма­ларын қазақшаға аудартып, қалам­ақы төлеңдер, баспана беріңдер» деп тапсырма береді. Осыдан соң Сәбең Мағжанды Алматыға шақыртып, теміржол вокзалынан күтіп алады. Міне, Мағжанға шын жанашыр болып, сол үшін рес­­публика басшысының алдына бар­ған Сәбең оған қастандық жа­­сады деу – қисынсыз әңгіме», – дейді.
Белгілі ғалым, сыншы Құл­бек Ергөбек: «Соңғы кездері Сәбит Мұқановтың 1937 жылғы Алаш­­ордаға жасаған сын-пікір­ле­рі­не қатысты оның атын көше­­­лерден өшіру, мекемелерден алып тастау туралы мәселе қойы­­лып жатыр. Бұл – меніңше, бір­жақ­тылық. Тарихқа қарасақ, архив деректеріне ден қойсақ, 1937 жылдың кесапатынан аман шыққан қазақ жоқ. Сонда қалай етеміз? Солардың бәрінің атын көшеден алып тастап, атындағы мекемелерден атын өшіріп, қоя береміз бе? Бұл – дұрыс принцип емес. Ондай жағдайда бізде кейінгі жас ұрпақ сенетін, шығармасын оқып, үлгі тұтатын тұлға қалмауы мүмкін. Енді не істеу керек? Менің ойымша, Сәбит Мұқанов ұстаз тұтқан Тұрар Рысқұлов, ол ұстаз санаған Сәкен Сейфуллиннің есімін көшелерден өшіру, кейінгі ұрпақтың жадынан аластау – бұл шешім емес. Бұларды қатты сынап, жетістіктерін жетіс­тік­т­ей, кемшілігін кемшілік­тей түзіп қана қойып, олардың атындағы бар жайларды орнында қалдыра беру керек. Мүмкін, бірі қатты сыналар, бірі аздап сын естір, мұның бәрі олардың 1937 жылы қалай қызмет етуіне байланысты. Ал Мұқановқа келер болсақ, ол 1929 жылдан бастап, 1980 жылдарға дейін қазақ әдебиетінің даму тенденциясын айқындап берген жазушы.
1929 жылдан өмірінің соңына дейін әдебиетке еселей-еселей үлес қос­ты. Әрине, Сәбит Мұқанов – со­­­циалистік реализмнің төл пер­­­зенті. Жазушының «со­циа­лис­­тік қоғамның жетіс­ті­гін наси­хат­тадым» деп жазған шығар­ма­ларының өзінде халық­тың қаншама ой-арманы, асыл мұрасы сәулеленді. Қазақ әдебиетінде Мұқанов араласпаған, ол жемісті еңбек етпеген сала жоқ. Оның бәрін тарихтан өшіріп тастау обал болады. Сәбит Мұқановтың еңбектері – дәстүр түзген, мектебі бар шығармашылық. Олай болса, қазақ әдебиетіне ол еңбектерімен ғана емес, өзінің дәстүрімен де айрықша еңбек сіңірген, аса көр­нек­ті жазушымыз. Ол әдебиет тари­хына еркін енетін бірсыпыра рухани қазына қалдырды. Оның үстіне 1932 жылы ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетін, яғни ұлтшылдық-байшылдық дәуірі деп аталатын Алаш саясатының жетістігін айта отырып, қатты сынайтын монографиясын жазса да, жазушы көзі тірісінде жылымық кезеңде Қазақстан Жазушылар одағына хат жазып, «Қиын-қыстау заман­да осындай ғылыми зерттеу еңбе­­гін жазған едім. Дүние бір орын­да тұрмайды. Оны білемін. Сондық­тан жаңарған жылымық заманына орай, осы еңбегімнің қаншалықты тарихи рөлі бар. Осының сәтсіздігі мен кемшілігі неде екенін комиссия құрып, анық­тап беріңдер. Мүмкін, сол комиссия шешімінен кейін, оны қайта жасармын. Бұл – менің 1937 жылы партиядан шығарылып, үй қамағында отыруыма себепкер болған еңбек еді. Мұнда Алаш­орда­мен дүниетаным мәселесі жөнінен сынасқаным рас. Ал бірақ оны сынап отырып, олардың жетістігін де, әдбиетке қосқан үлесін де тартынбай айтқан едім. Соның өзі өзіме бәле болған еді» дегені бар. Осындай әрекетіне қарағанда, Алашорданың түптің түбінде ақталатынын білген адам. Керек болатын болса, Шәкәрімді ақтауға Орталық комитетке хат жазып, өзі басшылық жасаған. Сәбеңнің өзі де: «Совет үкіметіне қарсы оқ атпаған, көзқарасы сәл басқалау болған Шәкәрімді біз әдебиетіміздің тарихына қоса алмай отырмыз. Бұл – аса зор қателік» деп мәселе қояды. Тәуел­­сіздік алып, әдебиетіміздің тари­хын­дағы ақты ақ, қараны қара деп айтатын тұста Сәбит Мұқановқа ревизия жасаған дұрыс шығар. Бірақ әділдікті қалпына келтіреміз деп отырып, әділетсіздікке жол беріп алмауымыз керек. Оның әде­биет тарихындағы бағасы айты­луы тиіс. Оның атына беріл­­ген көшелерден есімін алып тастау – бұл «артық етемін деп, тыртық ету». Болмаса, қас түзейміз деп, көз шығарып алумен бірдей болмақ. Сондықтан Сәбит Мұқанов жөнін­де де, онымен айтыс­қан-тар­тыс­қан тарихи тұлға­лар жөнінде де адал әрі әділ болуы­мыз керек», – дейді.
Ал ғалым, филология ғылым­дары­ның докторы Күләш Ахмет: «Алаш азаматтарын ұстатты, атқыз­ды» деп пікір айтатынның барлығы да – Мұқанов мұрасынан хабарсыз, деректерді білмейтін жандар. Солардың арасында әдебиет­ші-ғалымдар да бар. Олар Сәбит Мұқанов саясаттың дүрмегімен айтылып кеткен кей пікірлеріне кейін қайта оралды ма, жоқ па, одан да хабарсыз. Қарапайым оқырмандар айтса, кешіруге болатын жағдай. Ал оны ғалымдар, жоғары оқу орын­да­рын­да дәріс беріп жүрген ғылым канди­даттары өздерінің шолақ ойла­рын оқушыға жеткізер болса, онда ұрпақ үшін трагедия болар еді. Біле білсеңіз, Алаш азамат­тары­ның ешқайсысын да Сәбит Мұқанов көрсетпеген. Егер оны КГБ өзіне шақырып, сұрақ-жауап алмаса, қайдан көрсетеді? 1988 жылдан бастап, Алаш азамат­тары­­ның алды ақталды. Алаш аза­­маттарын зерттеп жүрген ғалым­­­дар­дың он пайызы тергеу ісін қараған болса, сол тергеу ісін­де Мұқановтың аты аталған болса, осы кезге дейін жария болар еді. Демек, мұндай ақпар жоқ. Архив дерегіне сүйеніп, Сәбит Мұқанов мына азаматты ұстап берген деген фактіні айта ал­майды. Себебі, Мұқанов КГБ-нің есігінің қайда екенін біл­мей кеткен адам. Оның өзі де Жазушылар одағынан, пар­тия қатарынан қуылды. Сәбит Мұқа­нов ешуақытта ешкімнің атын атап, «осындай едің ғой» де­­генге бармаған. Екінші мәселе – Сәбеңе айтылатын айыптардың бірі, 1932 жылы жарық көрген қазақ әдебиеті. Ол кітап шыққан бойда таратылмастан, түрмеге қамалды. Алаш азаматтары ақталған тұста Сәбит Мұқановтың сол кітабын М.Әуезов атындағы Әдебиет институты пайдаланды. Алаш ары­­старының шығармаларының барлығын сол әдебиет тарихы­нан алды. ХХ ғасырдың басын­да­ғы қазақ әдебиетіндегі, тари­­хындағы зия­л­ылардың кереметі, артық­шы­лы­ғы қазақ ғылы­мына қатысты дүниенің бәрін әрқайсысы жазып кетті. ХХ ғасырдың әдебиетін жазған адам – Сәбит Мұқанов. Шығар­­машылық портретті ең бірін­ші жасаған да – осы кісі. Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Сәбит Дөнентаев, Сұлтан­­махмұт Торайғыров, Мағ­жан Жұмабаев, Ғұмар Қараш, Бер­нияз Күлеев, Жүсіпбек Аймауы­тов, Мұхтар Әуезовтің портретін жасады. Олардың шығармашылық портретін жасағанда, олардың өмірбаяны толық емес еді. Мұны ешкім айтпайды. Ал Мағжанға келер болсақ, ол – Сәбиттің ұста­зы. Екеуінің бір үйде жатқаны рас. Мағжанға көмек қолын созды. Қаламақы алып берді. «Абай – ақылдың ақыны, Мағжан – ақын­ның ақыны» деген сөзді елдің бәрі айтады. Бұл сөзді айтқан кім? Оған ешкім мән бермейді. Ол сөздің авторы Сәбит Мұқанов екенін айтқымыз келмейді. Неге? Өйт­кені оған қимаймыз. Алаш аза­маттарының ешқайсысына «Ха­лық жауы» деген сөзді айтпа­ған адам», – деген пікірді алға тар­тады.
Қазақтың батыр ұлдарының бірі Бауыржан Момышұлы өз есте­лігінде: «Қайран, Сәбең! Аңқыл­даған, аузын ашса, көмейі көрі­нетін, ақпейіл, керемет те адал азамат, ағаға іні, ініге аға, бауырмал кісі еді-ау. Сол алғашқы кездесудің өзінде-ақ Сәбеңді солай танып, ұғып, біліп, отыз жыл бойы сол пікірден ауытқымай, адал досы, сыйлас інісі болуға күш салдым. Сәбең ақылдылығына қоса, өте кішіпейіл, ретті жерінде әзіл-оспақшыл болатын. Ол қазақ әдебиетіне үлкен қамқоршы еді» деп жазған екен.
Сәбитті зерттеген, оның көзін көрген азаматтардың ешқайсысы да жазушыға күйе жаға алмайды. Тіпті оның «жазықты» екенін айғақ­тайтын нақты деректер де жоқ. Демек, Сәбит «сатқын» деп, біржақты пікір айту дұрыс па? Сыншы Құлбек ағамыз айтқандай, «әділдікті қалпына келтіру – әділетсіздікке жол беру» емес шығар. Не айтсақ та, не жазсақ та, әділін, турасын айтайықшы…

Гүлзина Бектас, aikyn.kz

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Close