Біліп жүр

Торғын Тасыбекова сахнадағы 60 жылдығын атап өтті

Көрнекті тұлғаның мерейтойына арналған салтанатты шара

Бүгін Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрында Қазақстанның халық артисі, көрнекті тұлға, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің лауреаты, театрымыздың актрисасы Торғын Тасыбекованың «Сахнада 60 жыл» атты мерейтойына арналған салтанатты шара өтті.

Шара мерейтой иесі туралы деректі фильм көрсетілуден басталды. Артынша «Абай — Айгерім» спектаклінен үзінді қойылды. Абай рөлінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театр актері Жалғас Толғанбай, ал Айгерім рөлінде – мерейтой иесі Торғын Тасыбекова ойнады.

Театрдың директоры Асхат Маемиров Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының Торғын Тасыбековаға жүрекжарды лебізін жеткізді.

— Құрметті Торғын Жылқышықызы! Сіз, Ұлттық мәдениетіміз бен руханиятымыздың дамуына сүбелі үлес қосып, саф өнердің ауыр жүгін абыроймен арқалап,  театр саласына бүкіл қажырлы еңбегіңізді арнап келесіз.

Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында «Абай» (М. Әуезов) трагедиясында Мағыш, «Сенек қорыған ит» (Лопе де Вега) спектаклінде Марселла және тағы басқа рольдерімен сәтті тұсаукесер жасап, жүзден аса сан тағдырлы әйелдер бейнесін сомдадыңыз. Сондай-ақ, театрда ұлттық, әлемдік классика мен заманауи драматургияның әртүрлі қойылымдарында жоғары деңгейде өнер көрсеткен талант иесі екендігіңіз баршаға аян.

Сіздің әнші Майраның прототипі Сәбира рөлін орындаған «Ән қанатында» фильмі қазақ кино өнерінің алтын қорына енді. Актриса ретінде нәзік лиризм, шынайы сахналық ойын, әуезді дауыс, әншілік әсем үн Өзіңіз кескіндеген бейнелерді бірден ерекшелендіреді.

Актерлық шеберлігіңізді шыңдап, қара шаңырақтағы артыңыздан ілесіп келе жатқан жастарға шынайы өнер мен жауапкершіліктің жүгін көрсетіп, жол нұсқап жүргеніңіз – мәдениет пен өнерге деген жанашырлығыңызды, ал радио мен телевидение, кино өнеріне де атсалысқаныңыз – ізденімпаздығыңызды аңғартса керек. Бүгінгі кемелді жасыңызбен құттықтай отырып, отбасыңызға амандық, деніңізге саулық, шығармашылығыңызға толағай табыс тілеймін! — делінген министрдің құттықтау хатында.

Қазақ өнері мен мәдениетінде қанатын қатар қаққан Торғын Тасыбекованың талантына тәнті болып, әр кезеңде өз өлеңдерін арнаған қаламгер достары баршылық. Солардың ішінен мерейтойға қазақтың арқалы ақындар Қазақстаның еңбек сіңірген қайраткері, «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, ақын, аудармашы Шөмішбай Сариевті, Қазақстаның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын, драматург Иран-Ғайып та бар. Олар шара барысында сахнаға шығып, арнау өлеңдерін оқыды.

Торғын Тасыбекованың өмірі мен өнері жайлы сөз қозғалғанда өмірде асыл жары, өнерде әріптесі, қолдаушысы – танымал актер, сахна өнерінде өшпестей із қалдырған Қазақстаның халық артисі Әшірәлі Кенжеев туралы  айтпасақ болмайды.

Әшірәлі аға бір сұхбатында: «Шығармашылық тұлға үшін ең маңыздысы – жаныңда өзіңді түсінетін адамның болуы екені даусыз. Бұл орайда Торғын екеуміздің сырымыз да, жырымыз да бір, ол – театр. Кім де болса өзінің көңілі сүйген ісін діттеген жеріне жеткізуді, абыроймен атқаруды көздейді ғой. Бізді осынау қара шаңыраққа тартып тұратын да – сол сезім» — деген еді.

Кезінде Абай рөлімен халық қошеметіне бөлеген Әшірәлі ағамыз бен Айгерім бейнесімен ел аузында қалған Торғын апамыздың жүрегімен сүйіп орындайтын әндерінің бірі Абайдың «Айттым сәлем Қаламқас» және «Көзімнің қарасы» әндері еді. Қазіргі таңда осы әндерді нақышына келтіре орындап жүрген, өнерде де өмірде де бірге келе жатқан театр актрисасы Гүлнұр Шыңғысова мен Мемлекеттік Абай атындағы опера және балет театрының салисті Дәулет Ерекешов шырқады.

Торғын Тасыбекова драмалық, комедиялық және трагедиялық рөлдерде бірдей өнер толғаған, әр қырлы диапазоны кең суреткер. Өзі ойнайтын кейіпкерлерінің ішкі сезім дүниесін, қайшылыққа толы күрделі ой мінезін терең ашып көрсетумен қатар, оның сахналық бояуын әсем етіп бейнелеушілік өнерімен ерекшеленеді. Қазақ сахнасы барда, ұлы мәртебелі театр өнері барда Торғын Тасыбекова шығармашылығы мәңгі жасай бермек!

 

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!