Таным

Виктор Франкл. «Концлагерьдегі психолог»

Виктор Франкл несімен әлемге әйгілі?

Виктор Эмиль Франкл (нем. Viktor Emil Frankl, 1905-1997) – австриялық психолог, психотерапевт, философ әрі невропотолог. Логотерапияның (оймен емдеу терапиясы) негізін салушы. Нацистік концентрациялық лагерьдің тұтқыны болған. «Концлагерьдегі психолог» еңбегімен әлемге әйгілі. Виктор Франкл жалпы 32-ден астам кітап шығарып, олардың көпшілігі 10-20 тілге аударылғаны белгілі. Франкл сонымен қатар көптеген елдерде дәрістер мен семинарлар өткізді. 29 рет құрметті доктор атағын алды.  

Виктор Франклдың өмірбаяны

Франкл Вена қаласында мемлекеттік қызметшілердің отбасында дүниеге келді. Ұлты – еврей. Жас кезінен психологияға қызығушылық танытты. Гимназияны бітірер кезде дипломдық жұмысын философиялық ойлау психологиясына арнаған. 1923 жылы Вена университетіндегі медицина факультетінде оқыды, содан кейін ол неврология және психиатрия мамандығын таңдады. Ол депрессия мен суицид психологиясын терең зерттеген. Франклдың алғашқы тәжірибесі Зигмунд Фрейд пен Альфред Адлердің әсерінен қалыптасты, бірақ кейінірек Франкл олардың көзқарастарын қолдамады.

Виктордың қызметтегі жетістігі

1924 жылы Sozialistische Mittelschüler Österreich мектебінің директоры болды. Осы лауазымда жұмыс істей отырып, Франкл сертификат алу кезеңінде студенттерге арнайы қолдау бағдарламасын жасады. Франклдың осы бағдарламасының арқасында веналық студенттер арасында бірде бір суицид оқиғасы орын алмаған.

1933-1937 жылдары Франкл Вена клиникасындағы Selbstmörderpavillon деп аталатын суицидтің алдын-алу бөлімшесін басқарды. Франклдың пациенттері ретінде өз-өзіне қол жұмсауы мүмкін 30 000-нан астам әйел болды. Алайда 1938 жылы нацистердің билікке келуімен Франкл еврей болғандықтан науқастарды емдеу құқығынан айырылды. Жеке тәжірибемен айналысты. Ал 1940 жылы ол Ротшильд ауруханасының неврологиялық бөлімшесін басқарды, онда ол нейрохирург болып жұмыс істеді. Бұл еврейлерге қызмет етуге рұқсат етілген жалғыз аурухана болатын.

Нацизмнің құрбаны

1942 жылы 25 қыркүйекте Франкл, оның әйелі мен ата-анасы Терезенштадт концлагеріне жер аударылды. Франкл концлагерьдегі барлық уақытын медициналық іс-шараларға арнады, әрине, бұны СС-тен жасырып істеді. Ол басқа Еуропаның барлық психиатрларымен және әлеуметтік қызметкерлерімен бірге тұтқындарға арнайы көмек көрсетті. Қызметтің міндеті – күйзеліс кезінде қолдау көрсету болды. Өз сұхбатының бірінде «Лагерьдегі кезекті күн. Аштыққа, аязға және аяғымдағы ауырсынуға енді шыдай алмайтындайға халге жеттім. Мен өмірімнен әрі қарай үміт күтпедім. Содан кейін мен өзімді үлкен, әдемі, жылы және жарқын дәріс залында қызығушылық білдіретін аудиторияның алдына тұрғандай елестеттім. «Концлагердегі топтық психотерапиялық эксперименттер» тақырыбында дәріс оқыдым. Маған сеніңіз, мен үшін бұдан маңызды күн жоқ сияқты сезілді»,- дейді Виктор Франкл. Бұл  логотерапияның техникасы болатын.

1944 жылы 19 қазанда Франкл Аушвиц концлагеріне ауыстырылды, онда ол бірнеше күн болды. 25 қазанда Дахау жүйесіндегі лагерьлердің бірі – Тюркхаймға жіберілді. Мұнда ол алты айын қара жұмысшы ретінде өткізді. Әйелі Берген-Белсен концлагерінде өлтірілді. Франклдің әкесі Терезинштадта өкпе ісінуінен, ал анасы Аушвиц лагерінде көз жұмды.

1945 жылғы 27 сәуірде Франклды американдық әскерлер концлагерден босатты.

«Концлагерьдегі психолог»

1945 жылы Венаға оралған ол әлемге әйгілі «Өмірге «иә» деп айту. Концлагерьдегі психолог» кітабын шығарды. Кітапта қамаудағы адам әрекеттері психиатр көзқарасынан баяндалады.

Виктор Франкл
Өмірге «иә» деп айту кітабы

Психикалық кезеңдер

Кітап үш бөлімнен тұрады –  ол тұтқындардың психологиялық реакциясын үш кезеңі: лагерьге келу, онда болу және босап шығуы.

Бірінші кезеңді «келу күйзелісі» деп сипаттайды. Өлім жазасына кесілген адам өлім жазасы кесілгенге дейін оның ақырғы сәтте кешірілетіндігіне сенетіндігі. Бірнеше күннен кейін психологиялық реакциялар өзгере бастайды. Алғашқы соққылардан аман өтіп, тұтқындалушы біртіндеп екінші сатыға – салыстырмалы апатияға көшеді. Бұл кезде адамның жан дүниесі, рухани мәдениеті өледі. Тіршілік үшін күрес басталады. Барлық ойлар мен сезімдер бір мақсатта шоғырланады: ол қалайда тірі қалу!

Соңғы кезең – автордың аман шығуы.

«Өмірге «иә» деп айту. Концлагерьдегі психолог» кітабынан 

Сонымен адам деген не? Бұл кім екенін әрдайым өзі шешетін тіршілік иесі. Бұл газ камераларын ойлап тапқан тіршілік иесі. Әрі сол камераларға бойын тік ұстап кіріп, ерніне дұға бағыштаған тіршілік иесі.

Бақыт дегеніміз – жамандықтың бұрылып кетуі.

Егер өмірдің мағынасы болса, онда азаптаудың да мәні бар. Азап шегу – тағдыр мен өлім сияқты өмірдің бөлігі. Қайғы-қасірет пен өлім өмірге сән береді.

Достоевскийдің «Адам бәріне үйренеді» деген сөзі рас. Егер бізден мұның қаншалықты рас екендігі сұралса, біз: «Иә, ол солай. Адам бәріне үйренеді. Бірақ қалай болатынын бізден сұрамаңыз» дейміз.

Мен тек бір нәрседен қорқамын @ ол себепсіз, лайықсыз азап көру.

Дайындаған: Скендирова Қырмызы

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Close