Біліп жүр

Жастар практикасы: Талаптары, сұрайтын құжаттары мен берілетін айлық

Жастар практикасы бағдарламасына қалай қатысуға болады?

Оқу орнын аяқтап жұмыс орнын табу қиын екені бәрімізге белгілі. Жұмыс берушілер бұл жағдайда жұмыс өтілі бар қызметкерлерді алуға мүдделі. Осы орайда, жас түлектер не істей алады? Мемлекеттің оларға көмектесуге арналған қандай бағдарламалары бар? Оның бірі – жастар практикасы. Төменде осыған байланысты сұрақтарға жауап береміз.

Жастар практикасы дегеніміз не және оның басты талаптары қандай?

Жастар практикасы дегеніміз – бұл техникалық және кәсіптік орта білімнен кейінгі, жоғары, жоғары оқу орнын кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының түлектері кәсібі бойынша, бастапқы жұмыс тәжірибесін жинақтау мақсатында жүзеге асыратын еңбек қызметінің түрі. Яғни, жұмыс өтілі жоқ мамандардың жұмысқа орналасуын көздейтін мемлекеттік бағдарлама.

Жастар практикасының 3 ерекшелігі

1) оқуды аяқтаған соң кейінгі 3 жыл ішіндегі және жиырма тоғыз жастан аспаған түлектерге арналған;

2) жастар практикасына қатысушылардың сыйақысы республикалық немесе жергілікті бюджеттердің есебінен жүзеге асырылады;

3) жұмыс орындарының саны шектелмейді, жұмыс уақытша сипатта болады.

Түлектер үшін жастар практикасының қандай пайдасы бар?

Ең алдымен, әрине ол – кәсіби тәжірибе алу. Содан кейін, өзін көрсету арқылы жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болу. Жұмыс ақысы мемлекет тарапынан төленеді.

Жастар практикасына қатысу үшін

  • Қала әкімдігі мен аудан әкімшілігіндегі халықты жұмыспен қамту орталығына хабарласады;
  • Сол жерге уақытша жұмыссыз деп тіркеледі;
  • Жұмыспен қамту орталығы жастар практикасын өту мәселесі бойынша консультация беріп, келіскен жағдайда жастар практикасына жолдама ұсынады;
  • Жұмыс беруші халықты жұмыспен қамту орталығына жұмысқа қабылдағаны туралы хабарлайды;
  • Жұмыс беруші мен жастар практикасына қатысушы арасында еңбек шарты жасалады.

Ол  үшін келесі құжаттарды ұсыну қажет:

  • Өтініш;
  • жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
  • банк реквизитінің көшірмесі;
  • техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің болуын растайтын құжаттың көшірмесі.

Жұмыс беруші практикантқа келісім жасалған еңбек шартының мерзімі аяқталғанда немесе жаңа жұмыс орны ашылғанда тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етеді.

Айлық сомасы

Бекітілген айлық сомасы  – 69 450 теңге.

Дайындаған: Медина Дүкенбаева

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!