Біліп жүр
Біздің «Абай» итальяндықтарды тәнті етті
«Астана Опера» театры әлем бойынша салтанатты шеруін жалғастыруда.
«Астана Опера» театры әлем бойынша салтанатты шеруін жалғастыруда. Осы жолы Генуяның басты өнер ордасы «Карло Феличе» залында «Абай» операсын қойған олар, кешке жиналған қауымды тәнті етті.
«Карло Феличе» залының сыйымдылығы 2500 орын – 8 қараша күні мұнда ине шаншар орын болмады. Ұлттық классика жауһары А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсын генуялық көрермен ерекше шаттықпен қабыл алды: әртістерге «Браво» деп қол соғып, спектакльден соң жетекші солистерден қолтаңба алу үшін ұзын-сонар кезекке тұрды.
Спектакльді тамашалауға Италиядағы Қазақстанның Консулы, жетекші бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен осы елде тұрып жатқан қазақстандықтар келді.
Ұлттық өнердің озық үлгісі – «Абай» операсы қазақ халқының бай дәстүрін, еуропалық режиссураны және қазақстандық әртістердің шебер ойыны мен керемет вокалын өн бойына тоғыстырды. Атақты маэстро Алан Бөрібаев музыкалық материалдың барлық өзгешелігі мен нақышын жеткізе алды. Оның жетекшілігіндегі Симфониялық оркестр мен хор асқан шеберлігін танытып, қуатты да жарқын шырқады.
Жалпы алғанда, опера, ең алдымен, адами құштарлықтарды бейнелейтін көрініс ретінде ұсынылды. Мәселен, бұл өз махаббаты үшін күресіп, қуғыншылар мен өлім жазасынан қашып құтылған Айдар мен Ажарға және әділдікті арындай көрген, ұлттың рухани ұстазы Абайға қатысты. Спектакльде ұлттық билер кеңінен көрініс тапқан. Айта кету керек, тартымды хореография көзі қырағы итальяндық көрерменді керемет әсерге бөледі.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сүндет Байғожин басты партияны жоғары деңгейде орындап шықты. Осынау жан-жақты күрделі партияны әртіс оңай бағындырады, ол өз рөліне бірден төселіп, жұмсақ әрі терең тембрімен кейіпкерінің тектілігін дөп жеткізеді. Өзі жас болғанымен Сүндет Байғожин Абайдың кемел шағын жете сезініп, оның түпсіз терең рухани әлемін аша білді. Айдар рөлін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Бекмұхамбетов тамаша сомдады. Ажар рөлінің орындаушысы Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, опера примасы Майра Мұхамедқызының шеберлігін жеке-дара атап өткіміз келеді. Оның дауысы биік обертондар күшіне ие, әншінің үні бұл кештің сән-салтанатын еселей түсті. Бұдан бөлек, Майра Мұхамедқызы керемет актерлік қырын паш етті. Әзім – Бейімбет Таңарықов; Жиренше – Евгений Чайников; Қарлығаш – Татьяна Вицинская; Көкбай – Талғат Ғалеев; Сырттан – Арменияның Халық әртісі Барсег Туманян; Нарымбет – Рамзат Балакишиев; Мес – Шыңғыс Расылхан. Барлық әртіс вокалдық әрі актерлік шеберліктерін лайықты дәрежеде көрсетіп, өз қаһармандарының жан толғанысы мен тебіренісін жеткізе білді.
Сахна жабдықтары Ұлы даланың көркемдігін әспеттей түсті. Алтынмен әшекейлеп тігілген киіз үйлер, шайдай ашық аспан халықтың таңғалысын тудырмауы мүмкін емес. Итальяндық өнерсүйер қауымға Абайдың үлкен кітапханасы керемет әсер қалдырды. Заманауи технологиялар сахна үстінде көлемді декорацияның ашылуына мүмкіндік берді. Мұндай жағдайды күтпеген көрермен тамсанысын жасыра алмады. Кейін ұзақ уақыт ғажап кітапхананың жеке бөліктерін: кітап сөрелерін, асқақ рух тұнған бағаналарын тамашалады.
Опера аяқталған соң, жиналған жұрт көргені мен естігенін ұзақ әңгімелеумен болды.
— Мені ерекше әсерге бөлеген – өлім алдындағы Айдар (Нұрлан Бекмұхамбетов). Ол өз ариясын жатып орындады. Ал бұл вокалистен айрықша дайындықты талап етеді. Себебі мұндай күйде ән салу оңай емес. Әрине, үздік орындаушылардың бірі Абай рөліндегі Сүндет Байғожин болды. Өте әдемі әрі зор дауысты баритон актерлік тұрғыдан өз кейіпкерінің бейне бітімі мен даналығын көрсете білді. Тұтастай алғанда, спектакль ұнады. Алғаш рет қазақ операсымен танысып, өнерлеріңіз жайлы мағлұмат алу біз үшін үлкен қуаныш. Қойылымға жануарлардың қатысуы таңғалдырды, өте керемет болды, — деп әсерімен бөлісті Густаво Нери.
— Билет құны 18-33 еуро аралығында болды, спектакльге бір апта бұрын барлық орындар сатылып кетті, бұл – қазақстандық өнерге деген үлкен қызығушылықты білдіреді. Сөзсіз, әртістер соңғы нотаға дейін залдың назарын өзіне аудара отырып, көрерменнің үкілеген үмітін ақтады. Былтыр «Астана Опера» труппасы «Париж Құдай анасының соборы» балетін қойған кезде театрдың спектакльдерін тамашалаған едім. Бүгінгі қойылымнан кейін опера өнері өзінің деңгейі бойынша балет өнерінен еш кем түспейтініне көз жеткіздім. Енді 10 қараша күні отбасымызбен қазақстандық музыканттардың орындауында Л.В.Бетховеннің №9 Симфониясын тыңдауға келеміз, — деді Кьяра Сальтаформаджо.
Сценография бойынша қазақстандық мамандармен қатар итальяндық шеберлер Эцио Фриджерио мен Франка Скуарчапино жұмыс жасады. Қоюшы режиссер – Джанкарло Дель Монако. Серджио Металли – виртуалды проекцияларға, ал суретші Виничо Кели жарық үшін жауап берді. Ауқымды декорациялар көлемді сценография жасауға қолайлы үлкен астаналық сахнаға арнап әзірленген. «Карло Феличе» театрының сахналық кеңістігі өлшемі жағынан «Астана Опера» сахнасынан кіші, алайда көркемдік-қойылым кешенінің басшылығы спектакльді астаналық театрдағы премьерасынан айнытпай қою үшін, егжей-тегжейлі ойластыра білді. Костюмдер сол дәуірдің тынысын жеткізе алды, олардың бірегейлігі – Оскар сыйлығының иегері Франка Скуарчапиноның қолынан туындауында.
Естеріңізге сала кетейік, 10 қараша күні «Астана Операның» гастрольдік бағдарламасы Л.В.Бетховеннің №9 симфониясымен жалғасады.
Гастроль бойынша материалдық шығындардың басым бөлігі билет сатылымынан түскен қаражатпен өтелгенін атап өткен жөн. Итальяндықтар спектакльдің басталуына дейін бір апта бұрын билеттерді сатып алып, қазақстандық мәдениетке деген үлкен қызығушылығын танытты.
Гастроль «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтіп жатыр.