Біліп жүр
Абылайхан Камаладин: Өзіңе сен, қоғамға сен, махаббатқа сен
Абылайхан Камаладиннің «Atameken Fest»-те айтқан пікірлері
Абылайхан Камаладин – кәсіпкер, менеджер, «Qamalladin Media» агенттігінің негізін салушы. 2021 жылдың 18-19 наурызында өткен «Atameken Fest»-те Абылайхан өз оқиғасымен бөлісіп, блогерлік пен менеджерліктің құпиясы жөнінде сөз қозғады. Balbal.kz Абылайхан Камаладиннің айтқан ойлары негізінде мақала дайындап, оқырман назарына ұсынды.
Блогерлікке қалай келді?
Достарымның арасында ең бірінші болып Абылай Юсупов менеджерлікке бет бұрып, вайнерлермен келісім жасасты. Мен бұл уақытта білім беру саласында еңбек етіп жүрген едім. Осы кезде қазіргі танымал блогер Біржан Әшім өзінің пранк түсіруге бағытталған тобына шақырды. Мұнда біраз жұмыс істеген соң таныла бастадым. «Инстаграм» парақшамда да жазылушылар саны күн санап өсе берді. Барлығы «Алма-ата: Штат Небраскадан» басталды деп айтуға болады.
Менеджерлік жайында
Менеджердің мақсаты – клиент әкелу, танымал брендтермен жұмыс істеу. Көп адамдармен таныстым, көп жүгірдім, іздедім. Бірақ барлығының жауабы «Ұсынысыңды поштаға жібер» болатын. Кейіннен білдім, поштаға жіберген хабарламаны ешкім оқымайды екен. Алғашқы 6 айда бірде-бір келісім жасалмады. Жарты жылдан кейін ғана жарнаманы сата алдым.
«Алма-ата: Штат Небраска» жобасынан кеткен уақытта келісім жасалған 4-5 блогерім болды. Бұлармен жұмыс істей келе, жақсы ақша таптым. Пайда көп болғандықтан келісім шарт бағасын да өсірдім. Бір қызығы – келісім жасаушылар саны одан әрі көбейді. Бұдан кейін 35 блогермен шарт жасадық. Қазір бас-аяғы 4 жылда 300 жаңа блогерді танытып, 300 жаңа келісім шартқа отырдық.
Егер қолыңнан келсе, блогерлермен аралас. Оларға менеджері болуға ұсыныс таста. Жарнама жасауды білсең, пайда әкеле алсаң, блогерлер бірден келіседі. Бастысы – жауапты болу. Себебі менеджері бола тұра, блогердің атынан сөйлесең, сенің қателіктеріңнің кесірі блогерге тиеді.
Блогерлер – эмоционалды адамдар. Сол үшін барлығына дайын болу керек. Бүгін сенімен келісіп тұрып, ертең айнып қалуы да мүмкін.
Блогерліктің болашағы
Блогерлер кез келген желіде дами алады. Бүгінгі таңда блогер болу мүмкін емес деу – өтірік. Қолыңда телефон болса, сен де блогер бола аласың. Мысалы, сен инженерсің делік. Телефонға түсіру арқылы инженердің өмірін жан-жақсы көрсете алсаң, бұған қызығатын адамдар табылады. Сені тамашалап, одан әрі таныла түсесің.
Мұнда өз өміріңді көрсетуге болады. Немесе өмірге деген көзқарасыңды аудиторияңа ұсын.
Менеджерлікті мектеп қабырғасынан да бастауға болады. Мысалы, мектебіңде әлеуметтік желіде танымал оқушы болса, бірінші қадам жаса. Менеджері болуға ұсыныс білдір. Осылайша алғашқы келісім шартыңды жасайсың.
Қолыңнан келсе және блогерге шынымен пайдалы нәрсе ұсына алсаң ғана менеджерлікпен шұғылдан.
Менеджер болу үшін қандай талап қойылады?
Бір блогерді дамытқан соң, шамаң келсе екіншісімен келісім жаса. Мұндағы басты талап – шапшаңдық. Мүмкіндік көзін көрсең, бірден әрекет ет. Мысалы, қазір танымал музыкант Иманбек жайлы енді айтыла бастағанда, мен әрекет етпедім. Егер сол кезде бірден Павлодарға ұшып, онымен келісім шарт жасап үлгергенімде, қазір басқаша болар ма еді. Жоқ, мен бұл жайлы өкінбеймін. Тек сіздер де мұндай қателікті жасамау үшін айтып жатырмын. Тез шешім қабылдап, шапшаң әрекет ету өте маңызды екенін ұмытпа.
Шынымды айтайын, менеджерлікте бастапқы уақытта «Тұмандағы кірпі» болдым. Не істеу керек, қалай жасау керектігін білмедім. Тек түйсігіме сендім. Әрине, көп қателіктер болды. Бірақ мен ең алдымен жауапкершілікті ұсындым. Мұнда маған студенттік өмірім көмектесті. Университет қабырғасында түрлі ұйымдар құрып, басқару арқылы келген тәжірибе мені талай жерде құтқарды.
Агенттік құрылған соң бір жылдан кейін Мәскеуге курс оқуға аттандық. Маған курс емес, Мәскеу әсер етті. Бұл қалада үлкен жетістіктерге жеткен жастарды көріп, әрекет ету керектігін түсіндім.
Бұдан кейін өзімізді жоғары бағаладық. Жәй менеджер ғана емес, маркетолог атандық. Алдыға үлкен мақсаттар қойып, тек соған қарай жылжыдық. Бұл көп пайда әкелді.
Жастарға берер кеңесі
Мынаны кеңес етер едім:
- Өмір өтіп жатқанда, бос отырма. Егер шаршасаң, демалыс ал;
- Бар ынтаңды сал. Бізді осы нәрсе жетістікке алып келді. Жаңа міндет пен жаңа табыс табуға әрекет еттік. Егер клиенттің талабы мен қалауы көңіліңнен шықпаса, өз көзқарасыңды қорға;
- Өзіңе сен, қоғамға сен, махаббатқа сен. Бұлар жетістікке жетуге көмектеседі.