Біліп жүр

Қойын дәптерді ерекше қолданудың 5 тәсілі

Өмірді жақсы бағытқа өзгерту

Көпшілік қойын дәптерді бір нәрсені жазып алуға арналған құрал ретінде қарастырады. Алайда осы қарапайым дәптер мен қаламның арқасында өмірді жақсы бағытқа өзгертудің сан алуан тәсілі бар. Біз сіздерге қойын дәптер түрлерін және оны өміріңізге пайда әкелетіндей ерекше қолданудың 5 тәсілін ұсынамыз:

Алғыс дәптері

Смартфон экранынан күніне жүздеген адамның жетістігін көретін заманда біз барымызды бағаламай жатамыз.

Алғыс дәптері сіздің қаншалықты бай екеніңізді көрсетіп, қанағатсыздық пен сенімсіздіктен туған ішкі толғанысты шешуге көмектеседі.

Ол үшін қойын дәптер ішіне күнделікті мән бере бермейтін ең қарапайым заттар мен мүмкіндіктер, жаныңыздағы адамдар үшін алғыс жазыңыз. Мысалы:
1. Тағы бір күн ұйқыдан оянғаным үшін рақмет!
2. Менің ата-анамның дені сау, қасымда. Рақмет!
3. Алдымдағы асым үшін рақмет!
4. Денім сау, аяқ-қолым мықты, ешкімге мұқтаж емеспін. Мен бақыттымын. Алғысымды білдіремін!
Осы секілді кішкене заттардан бастап өміріңіздегі барлық мүмкіндік үшін алғыс жазатын болсаңыз, қиналмай-ақ 5-10 бетті толтырып тастайсыз. Сіз алғыс дәптерін толтыру барысында өміріңізде бар барлық жақсылықты еске түсіріп, оң эмоцияларға бөленесіз. Күнделікті толтыратын болсаңыз, барды бағалайтын қанағатшылдыққа үйренесіз. Алғыс дәптерін көбіне таңертең толтырған дұрыс. Күн жағымды энергиямен қуаттанудан басталса, қалған уақыттыңыз барынша нәтижелі өтетіні сөзсіз.

Тілек дәптері

Арман-мақсатыңызды шындыққа айналдырудың бірінші қадамы – оны қағаз бетіне жазу. Ойыңызбен күніне қаншама мақсат қойсаңыз да, бір күннен кейін не бір аптадан соң ұмытып қаласыз.

Ал тілек дәптерін арнап, онда барлық ішкі тілегіңізді жазатын болсаңыз, қанша уақыт өтсе де ештеңе ұмытылып қалмайды.

Тілегеңізді нақты күнін белгілеп мақсат ретінде немесе уақыттың еншісіне қалдырып арман ретінде жазсаңыз болады. Тіпті әрбір қалауыңыздың жанына фото жапсырып, әртүрлі бояумен безендіре аласыз. Мысалы: «2 жыл ішінде мен саяхаттайтын 10 жер», «Менің өмірде орындағым келетін істер», «5 жылдан кейін қандай боламын» және т.б. Дәптерге тек үлкен армандарды жазу міндетті емес. «Менің ең жақсы күнім қалай өтеді» деген секілді кішкентай тілектерді жазуға да болады. Мұндай қойын дәптерді толтыру барысында арман-мақсатыңызды көз алдыңызға елестетіп, ойыңызды оң бағытқа бұрасыз. Арманыңызды орындауға деген талпыныс туады.

Құндылық дәптері

Құндылық дәптері – ұнаған идея, теория, факт пен нақыл сөздерді түртіп алатын сіздің сөздігіңіз. Бүгінгі күні адамдар 1 күнде 34 гб ақпарат алады екен. Қарбалас тіршілікпен естіп білген қажетті ақпаратты ұмытып қалуыңыз немесе ұнаған қанатты сөзді қайта таппай қалуыңыз әбден мүмкін. Құндылықтарыңыз жазылған қойын дәптер мұндай жағдайлардың алдын алуға көмектеседі. Қызық факт естісеңіз бірден қойын дәптеріңізге түртіп алыңыз. Сонда оны ұмытпайсыз және қажет болған жағдайда қайдан табатыныңызды анық білесіз. Көңіліңіз жабырқап, іштей әлсіздікті сезінген жағдайда құндылық дәптеріне жазып алған қанатты сөздерді оқып, ойыңызды серпіп ала аласыз.

Леонардо да Винчи өзімен бірге әрқашан қойын дәптерін алып жүрген. Бір нәрсе ұнап қалса, сол дәптерге эскизін салып қоятын болған.

Сізде де құнды заттарды жазып алатын құндылық дәптерінің болғаны дұрыс.

Есеп дәптері

Егер қаражатыңызды орынды жоспарлай алмасаңыз сізге есеп дәптерін арнаған жөн. Есеп дәптеріне ақшаңыздың 1 апта не 1 айда қайда жұмсалғанын жазу арқылы қаражаттың қайда орынсыз жұмсалғанын анықтайсыз. Болашақта артық шығындалудан сақтанасыз. Егер есеп дәптерін нақты қалай қолдану керек екенін толығырақ білгіңіз келсе, сайтымыздың «Какейбо – жапондардың қаржыны басқару өнері» материалын оқып шығыңыз.

Оқи отырыңыз: «Какейбо-жапондардың қаржыны басқару өнері»

Нақтылық дәптері

Бүгін қойын дәптеріңізге нақты бір сөз не сөйлем жазыңыз. Жанына уақытын белгілеңіз. Ертең де дәл солай. Сөз сол күні болған нақты оқиғаға, сол күні түйген нақты бір ойға арналуы мүмкін. Ол өз қалауыңызда. Әрбір күннің нақты бір сөзін жазып отыру, сізді аз сөзбен көп нәрсе жеткізуге бейімдейді. Ал егер нақтылық дәптеріңізді біраз уақыт өткеннен кейін оқитын болсаңыз, белгілі бір уақыт аралығында ішкі толғанысыңыз қандай болғанын, сізді не алаңдатқанын, қандай оқиғалар болғанын еске түсіретін нағыз күнделікке айналады.
Біз сіздерге қойын дәптерді пайдалы әрі ерекше қолданудың бірнеше тәсілін көрсеттік. Бірақ сіз дәптеріңізді одан да ерекше пайдалануыңыз мүмкін. Барлығы тек фантазияыңызбен шектеледі. Өміріңізді жақсы жаққа өзгертуді ертеңге қалдырмаңыз.

 

Дайындаған: Атажан Досбол

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!