Біліп жүрҚолдау

«Qazaqsha Jaz» қозғалысы: Кім? Не үшін?

«Qazaqsha Jaz» қозғалысы – қазақ тілінің қолдану аясын кеңейтуге ат салысып жүрген қозғалыс. Қазақ тілі – қанымызға ана сүтімен дарыған туған тіл. Оның мәртебесі – біздің абыройымыз. Balbal.kz сайты «Qazaqsha Jaz» қозғалысының белсенділерімен сұқбаттасып, назарыңызға ұсынады.

«Qazaqsha Jaz» кімнің идеясы? Кім ойлап тапты? Неден бастады? Қалай жүйелендірді? Осы сұрақтарға толық жауап беріңіздерші.

Қазақша ақпарат беруін сұрап, жаңа нәрсе ойлап тапқан жоқпыз. Бізге қосылған адамдар біз жоқта да сауда орындарында, қызмет көрсететін мекемелерден қазақша ақпарат сұрап жүрген. Ал біз ауада қалқып жүрген идеяны жүйелеп, нақты әрекет алаңын белгілеп, ұйымдасқан әрі мәдениетті түрде тұтынушы құқығымызды сұрауды қолға алдық. Чат осыдан 5 ай бұрын ашылды. Қазір алты әкімгеріміз, мыңдаған қолдаушымыз бар. Күнде қазақша жазбайтын бір нысанға барып тұрамыз.

Нысан – желіде қазақша жазбайтын парақша

«Qazaqsha Jaz» қозғалысы арқасында ірі компаниялар қазақ тілінде жазуға көшті. Қарсы болғандар, әрекет етпегендердің болғаны анық. Бұл жағдайда қандай шешім қабылдайсыздар? Тактиканы өзгертесіздер ме?

Көп компания бір сұрағаннан-ақ қазақша ақпарат беруге уәде етеді. Демек, қазақтілді мамандар жеткілікті және екітілді форматқа көшу де жоспарда болған. Оларға жаңа контент жасауға уақыт керек, бірнеше күн немесе бір ай. Келісімге келген, бізді қолдаған компаниялардың қазақтілді тұтынушыға жасаған әрбір жаңа қадамын байқап, қолдау көрсетеміз. Әдетте бір нысанды екі-үш рет тербеуге шығамыз. Бұл компанияның көңілін мәселеге аударып, әрекетке шақыруға жеткілікті. Сонда да нысаннан жауап алмасақ, басқа нысанға көшеміз, бірақ міндетті түрде қайта ораламыз. Ол кезде компанияның негізін салушысына, директоры, PR маманына өтінішімізді сыпайы жазып, мәселені шешуге атсалысуын, септік тигізгенін сұраймыз. Егер нысанның сайтында кері байланыс поштасы болса, онда да хат жазамыз. Бізді қолдайтын блогтар, парақшалар мем жасап, пост жазады. Мысалы, kiyeli tezek, konircat. Болашақта жаңа платформа, басқа әсер құралдары болуы мүмкін.

Тербеу – нысан парақшасына барып қазақша ақпарат сұрау

Жалпы, бизнеске келетін болсақ, әр кәсіптің көздегені – табыс. Қазақ тілі табыс табуға көмектесе ала ма?

Біздің мақсатымыз табыс табу емес. Қазақ тілінің ғаламтордағы көрініс табуын, яки репрезентациясын кеңейту. Қазақша сөйлейтін адамның тұтынушы ретінде ақпарат алу құқығын білуіне шақыру. Ал жалпы айтсақ, әрине кез келген бизнестің болашағы  қазақ тілінде деп ойлаймыз. Оны әлеуметтік зерттеулер де, демографиялық көрсеткіштер де айғақтай алады. Біздің аздаған көмегімізбен ірі/орта бизнес өкілдері ептеп қазақша жазуға бейімделіп келе жатыр.

Ал өздеріңіз бұл жоба арқылы қандай мөлшерде табыс табасыздар?

«Qazaqsha Jaz» қозғалысын 5 ай бойы жүргізгеннен пайда тауып жүрген жоқпыз. Қайта, керісінше, жарнамаға біраз ақша жаратқанымыз бар. Instagram-дағы “Қазақ тілінің қолданыс аясы” деген постты кеңірек жаю үшін ақша жұмсадық. Бәріміз – еріктіміз.  Жұмыс істеп, сабақ оқып, арасында “Қазақша жазды”  жүргіземіз. Пост жазып, дизайнын ойластырып, жоспарлап, талқылап жүрміз. Соған уақыт пен күш көп кетеді. Кейбірі бұдан басқа да қазақ тіліне қатысты жобалармен айналысады, олар – Qazaq Grammar, Jańasözdik. Арамызда қазақшаға аударумен айналысатын мамандар да бар. Бұл жобадан табыс таппаймыз, бірақ ары қарай дамыту үшін кейінірек мыңдаған жақтасымыздан әйтеуір бір қаржылық қолдау/донат сұрап қалуымыз да мүмкін. Сол кезде күшіміз де, жолдасымыз да көбейеді деп ойлаймын. Соны ойлап жүрміз.

Бүгінде қазақ тілінің мәртебесі деген тақырыпты көбі көтергенмен, тек сөз жүзінде айтады. Шын өмірде олар орысша сөйлейді, балаларын орысша мектеп, балабақшаға береді дегендей… Бұған не дейсіздер?

«Qazaqsha Jaz» қозғалысының мақсаты – желіде қазақ тілінің репрезентациясын ұлғайту. Желіде қазақша ақпарат беруін трансұлттық компаниялардан, мемлекеттік мекемелер, отандық коммерциялық ұйымдардан ғана сұраймыз. Жеке тұлғадан, жеке блогтан ешқашан талап етпейміз. Белсенділерден қазақша ақпарат сұрамасақ та, олардың басым көпшілігі өз еркімен қазақ тілінің қолдану аясын кеңейтіп жүр. Жақында біз 25 пункттан тұратын чеклист әзірлеп, инстаграм парақшамызға салдық. Олардың ішінде қазақша сәлемдесу, баламен қазақша сөйлесу, қазақша кітап оқу, әндер тыңдау, т.б. Сол бойынша өзін тексерген адамдар осы дағдының негізгі бөлігін күнделікті әдетке айналдырған екен. Бірі бұрын көңіл бөлмеген пайдалы дағдыларды ескерсе, екіншісі тізімнен өзін-өзі дамыту үшін жаңа бағыттарды тауып, әрекетке шабыт алды. Адамдар грамматика, тіл тарихы, кино, жаңалықтар туралы сұрақ қойса, оларды Qazaq grammar және Jana sözdik чаттарына шақырамыз. Ондағы жиналған адамдар еркін ойлы, білімге құштар әрі әзілқой. Осындай жағымды, досшыл ортада сауат ашу, талқылау қызығырақ. Чатымызда талқылаудың 99%-ы қазақша өтеді, ол да бір ортақ іске қызығушылық оятып, белсенділерді жақындастырады.

Қазақ кирилл таңбаларын қолданбайтындар және латынға көшу жайлы не ойлайсыздар?

«Qazaqsha Jaz» қозғалысының атауы латынша жазылса да, біз пост пен стористерді кирилше жазып жүрміз. Қазақша жазуын сұрап барған нысаннан қазақшадан басқа ештеңе сұрамауға тырысамыз. Себебі қазақша жаза бастау керек деген тенденцияны құптаймыз. Иә, біздің жақтастардың көбі латынша графикаға ауысуды қолдайды деп ойлаймын.

Латынша әріптермен жаза бастаған компаниялар да көбейіп келе жатыр. Кирилше қазақ таңбаларын қолданбай жазуды (мысалы, «биринши», «сулу») қолдамаймыз. Дегенмен бұның бәріне түсінікпен қарауға болады: адамдар ықшам нәрсеге ұмтылады, өйткені ол ақпаратты жылдам жеткізуге көмектеседі. Егер мұндай жазуды бір жүйеге келтіріп, бекітіп қойса, онда ол ресми жазуға да айнала алады (қырғыз, ноғай әліпбиін қараңыз). Қазақша жазу үшін қазақ кирил әліпбиінің 42 әрпін қолданбай-ақ, орыс кирилінің 33 әрпін қолданып жүргендер бар. Оның себебі адам қолайлы әрі жылдам нәрсе іздейді және ол қазіргі заманда маңызды. Дәл осы ықшамдылық себебінен латынға көшу де қазақ тілі үшін өте керек деп ойлаймын. «Qazaqsha Jaz» қозғалысы мүшелері әртүрлі латын нұсқасын қолдайды: ресми нұсқа, QazaqGrammar, TazaLatyn және т.б.

Латын әліпбиі

Қазіргі таңда жеткен жетістіктеріңіз ауыз толтырарлық. Мақтаныш сезімі бар ма?

Рас, нәтиже бар. «Qazaqsha Jaz» қозғалысы шілде айында ашылды, үш айдың ішінде шамамен 70 компанияның желіде қазақшалануына септігі тиді. Оның ішінде өз еркімен және біздің идеяны қолдаған қазақша жаза бастаған компаниялар да жеткілікті. Соны барлық аккаунтымызда нәтижеге шолу пост жасап хабарлап отырамыз. Тербейтін нысан әлі көп, бірақ әр жеткен нәтижеге, әр жаңа мақалаға, әр жаңа белсендіге қатты қуанамыз. Желіде бізге тап болған адамдардың қолдауы, сезімдерімен бөліскені де өте құнды. Мысалы, чаттағы хаттан үзінді: “Бұрын өзім талап етуші едім. Топтың пайда болуы үлкен қуаныш. Бұрын бір өзім жүруші едім. Қазір жазбалардың астында ондаған адам қазақша жазуды сұрағанын көріп, қуаныштан көзге жас келді деуге болады. Керемет жоба, қолдаймын”. Әрине, пікірі ортақ адамдар бірігіп, бір мақсатқа жұмылып, нәтижеге жетіп жатқанын көргенде, қуанып қаламыз.

«Qazaqsha Jaz» қозғалысын тек әлеуметтік желіде ғана емес, шынайы өмірде дамытуға бола ма? Компаниялар қазақ тілінде ақпарат таратқанмен, шынайы өмірде қазақ тілін қолданбайтын сияқты.

Әрине, шынайы өмірге де жаңа әдіс, жаңа бағдар керек, бірақ «Qazaqsha Jaz» -дың желідегі миссиясы да күрделі. Әзірге әрекетіміз желіден тыс шықпайды. Ресми парақшамызда «Қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтетін қарапайым дағдылар» деген шынайы өмірге қатысты постымыз бар. Сонда қазақша сәлемдесу, телефондағы қосымшаларды қазақшалау, банкоматта қазақша таңдау, барған мейрамханаңыздан қазақша мәзір сұрау деген қағидалар бар. Сол постты оқып шығып, көбі соларды әдетке айналдырса екен деп үміттенеміз. Бәрі сол дағдыларды әдетке айналдырса, әр компания қазақша қызмет беруіміз керек екен деп, өздері-ақ ойлана бастайды. Қазақша білетін қызметкерді мақтап, пікір жазып, қолдап тұру да чеклистімізде бар. Осы арқылы біз ол қызметкердің маңызын, беделін арттырамыз. Әркімнің қолынан келетін осындай әрекеттердің де рөлі зор деп есептеймін. Жалпы әлеуметтік желідегі аккаунттан басқа қазақшасы жоқ мобил қосымшаларды да тербеп жүрміз. Әзірше қазақша қосуын сұрап, екі қосымшаға бардық: 2gis және kaspi.kz. Мысалы екіншісінен әр демалыс сайын сұраймыз.

Сұқбаттасқан: Алтынай Абдимади

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!