Қала тіршілігінен әбден қажығандарды жаз мезгілі басталысымен «қайда барып демалсақ болады?» деген сұрақтар мазалайды. Әрқайсысының қызықты әрі қолжетімді шипажайларға немесе демалыс орындарына барғысы келетіні анық. Олай болса шешімі табылды. Ыстық судың денсаулыққа пайдасы қандай, білесіз бе? Алматы облысының Шонжы (Ұйғыр ауданы) маңайында орналасқан ыстық су орындарына баруға кеңес береміз.
Демалыс орны жайлы қысқаша ақпарат
Теңіз деңгейінен төмен орналасқандықтан жер астынан ыстық су шығады. Осыны өз пайдасына жарата білген кәсіпкерлер арнайы демалыс орындарын жарыса салуда. Қайсысын таңдаймын десеңіз де өз еркіңізде. Бәрін қаражат мәселесі шешеді. Демалушылар көбінесе арнайы туристік агенттіктер арқылы келіп жатады. Бұл сізді екі есе шығынға ұшыратады. Мәселен, екі орындық бөлмені 28 мың теңгеге жалдауыңыз мүмкін. Өзіңіз жақындарыңызбен немесе достарыңызбен бірге жеңіл көлікпен келсеңіз ақшаңыз үнемделеді. Ал бір күнге адам басына орташа есеппен 10-15 мың, сағатына 500 немесе 1000 теңгені құрайды. Демалыс орындары Алматы қаласынан 200-300 шақырым жерде орналасқан. Жеңіл көлікпен небәрі 4-5 сағатта жетуге болады.
Ыстық судың денсаулыққа әсері қандай?
Ыстық судың пайдасы зор. Бас, буын және бүйрек ауруларына сонымен қатар тағы да басқа мың түрлі дертке шипа. Суды бірнеше күн үзбей ішсе, бүкіл ішек-құрылысты толықтай тап-таза етеді. Есіңізде болсын, егер қан қысымыңыз жоғары, жүрегіңіз ауыратын болса, ыстық суға көп түсуге болмайды. Ыстық судың дертіңізге дауа, жаныңызға шипа болатынына сенімді болыңыз.
Шонжы аймағында орналасқан ең үздік 5 тынығу кешені
1. «Eco Park» – отбасылық ойын-сауық кешені. Бұл жерде түрлі температурадағы бассейндер, балалар бөлмесі, батут, үлкен теннис және футбол, баскетбол алаңдары бар. Ең соңғы технологиялармен жабдықталған. Адам басына 12 мың теңгеден басталады.
2. «Premium SPA Resort» демалыс орны. Кешенде бассейндер, бильярд, SPА-орталық, балалар алаңы және кафелер мен мейрамханалар орналасқан. Барлық жағдай жасалған. Екі адамға 17 мың теңге төленеді.
3. «Қара дала» кешені – ең үздік демалыс орындарының бірі. Бұл жерде де жоғары деңгейдегі қызмет , ойын-сауық орындары және арнайы сауналар бар. Бағасы 8000 теңгені құрайды.
4. «Жетісу» кешені – аумағы және қызмет көрсету жағынан ең жоғарғы деңгейдегі демалыс орны. Бұл демалыс орнында түрлі емдік шаралар жасайтын соңғы үлгідегі аппараттар, сауналар, бассейндер бар. Құны 10 мың теңгеден басталады.
5. «Мираж» – үздік бестікке кіретін ірі демалыс орындарының бірі. Өзінің сыртқы сұлулығымен келген туристі сөзсіз баурап алары анық. Әртүрлі мультфильм кейіпкерлерінің мүсіндерімен ерекшеленіп тұрады. Бильярд, СПА – орталық, балалар алаңы және кафелер бар. Адам басына 7 мың теңгеден басталады.
Дайындаған: Сайран Айерке