Миллионер

Кайдзеннен кейін өмір өзгере ме?

Алматыда Kaizen орталығы асқақтап тұр. 2 күннің ішінде кайдзен туралы кіріспе білім беретін орталықтың босағасынан аттап, сәтті бітіріп жатқандар біршама. Ғани Байғалиұлы – сол орталықтың түлегі. Бүгінде кайдзен ілімінің біздің қоғамда кең таралуына септік етіп жүргендердің бірі. «Кайдзен бізге ауадай қажет» дейтін азаматпен кездесіп, құпиясын білгіміз келді.

– Кайдзенге қалай келдіңіз?

– Мамандығым бойынша қаржыгермін. Бастапқыда әскери салада экономист болып қызмет атқарғаным бар. 2012 жылы «Алель-Агро» компаниясына жұмысқа тұрдым. Биыл осы компанияда қызмет етіп жүргеніме 7 жыл. Мұнша жыл бір компанияда істей аламын деп ойламаппын. Себебі өз басым үнемі өзгерісті қалап тұратын жанмын. Кайдзен туралы алғаш рет Корея мемлекетінде шет ел практикасында жүргенде естідім. «Алель-Агро» компаниясы осы жүйені ұжымға енгізуді бастағанда, қатты қуандым. Өйткені мұнда еркіндік бар, шығармашылыққа орын бар, бастысы табысқа ұмтылатын адамдардың басын қосқан орта бар. Мені қызықтырғаны да, кайдзенге алып келгені де осы.

– Кайдзен қарапайым тілмен айтқанда не? Оның құдыреттілігі неде?

– Игикай деген керемет ұғым бар. Әсіресе енді мектеп бітіріп, болашақ мамандығын таңдайын деп жатқан жастардың игикайға үңілгенін қалайтын едім. Себебі игикай дегеніміз жаныңыз қалайтын, істей алатын, пайда әкелетін, қоғамға қажет дүниенің ортасы. Менің икигайым – осы кайдзен.

Кайдзен дегеніміз үздіксіз өзгеріс. Көз алдыңызға биік шыңды елестетіңіз. Кайдзен дегеніміз сол шыңды бағындыруға көмектесетін құрал. Баспалдақ. Бір күннің не бір айдың ішінде демалмай, баспалдықтың арқасында биік шыңды бағындыруға болады. Бірақ бұл кайдзен емес. Батыс өркениеті нәтижеге көңіл бөлсе, шығыс өркениеті үрдіске көбірек мән береді. Әр баспалдаққа көтерілген сайын тыныс алып, жан-жаққа қарап рахаттану – кайдзен. Егер де адам үрдістен көңілі жайланса, нәтиже де керемет болады деген сөз. Кайдзенді өмірге не жұмысқа енгізу үшін көп қаражат керек емес. Қолда барды кәдеге жаратасыз. Тек әр нәрсенің өз орнында тұрғанын, таза, қолдануға жеңіл болғанын қадағалайсыз.

Кайдзеннің құдыреттілігі – оның басты принципінде. Кайдзен бойынша компания қызметкерлерін жұмыстан шығармайды. Ешуақытта. Компания барлық қызметкерлерге тең қарайды. Кез келген мәселені бірігіп шешуге даяр. Клиентке ұнау үшін қызметкерін кемсітпейді, құқығын таптамайды.

– Кайдзен жүйесі бізге жат па, жақын ба?

– Кайдзен деген ұғымды енгізген жапондықтар. Бірақ бәрін ойлап тапқан олар деу дұрыс емес болар. Совет үкіметі кезінде де кайдзеннің принциптерін қозғай отырып, еңбек мәдениетін сөз етіп, кітап шығарған А.К.Гастев бар. Жапонияға іс-сапармен келіп, америкалық инструменттермен бөліскен Деминг бар. Тек соның бәрін бір жүйеге келтіріп, Шығыс өркениетінің пәлсапасын, көзқарасын қосып, оны әлемге танымал еткен Жапон елі.

Кайдзенде 8 шығын деген ұғым бар. Оны мен 8 ысырап-шығын деп аударуды жөн көремін. Қызмет көрсету барысында да, кеңселік жұмыста да, зауытта да біз үнемі артығымен орындаймыз, уақытында келмей/жасамай күттіреміз, анда-мында жүгіріп сандаламыз, қағазбастылықтың арқасында көп сабыламыз,  қор жинаймыз, қатемен жұмыс жасап қиналамыз, қол созым жерде болмағандықтан артық қимыл жасаймыз, қарапайым қызметкердің шағымына/пікіріне құлақ түрмейміз. Негізі 9-шы шығын да бар. Ол басшылықтың өзгеріске дайын болмауы.

Айтыңызшы, осы ысырап-шығындар бізге жат па? Жыл сайын бір көшені жамайтын, бір істі бастау үшін жүз қағаз жинатқызатын, аяқтау үшін мыңын талап ететін елміз.

Қазақ о баста кез келген дүниені кәдеге жарата білген халық. Қанағат еткенбіз, ысырапқа жол бермегенбіз. Бірақ елу жылда ел жаңа. Бүгінгі таңда кайдзен бізге ауадай қажет.

Кайдзен философиясына сай барлық зат өз орнында тұруы қажет.

– Кайдзенге қызығушылығы ауған азамат ең бірінші кезекте не істеуі қажет?

– Кайдзен орталығына келіп, тегін мастер-класқа қатысып, кайдзенмен танысуға әркімнің мүмкіндігі бар. Егер де ғаламтордағы ақпаратқа қанағаттанбай, алған білімімді тереңдетемін десе, кайдзен орталығындағы екі күндік тренингке қатысуға болады. Кайдзенді ұнатқаны сондай, онымен өмір сүрем, жұмыс жасаймын десе, 10 айлық сабақтан өтіп, білімін шыңдай алады. Өз басым осы сатылардың бәрінен өттім. Toyota Engineering Corporation-ның сертификаты бар тренерлері Сергей Корчагин мен Құмар Мұсаевтің дәрісін тыңдадым. Синсейлерге басымды ие отырып, алғыс айтқым келеді.

Келесі кезек – кітап оқу. Кайдзен тақырыбына арналған кітаптар жетерлік. Өкінішке қарай, қазақ тілінде емес. Сондықтан да қазақ тілді оқырманға кайдзен туралы жан-жақты ақпарат беруді өзіме мақсат етіп алдым.

– Кайдзен өмірді өзгерте ме?

– Өмір өзгереді. Еркіндік пайда болады. Ұрыс-керіс те, мәжбүрлеу де, бір-біріне сілтеу де, жауапкершіліктен қашу да тыйылады. Себебі кайдзен бойынша қателік ол ұрысуға, жұмыстан шығаруға сылтау емес, ол – өзгеруге себеп. Қателік жасаған қызметкер айыбын мойындаудан қорықпайды. Оны ашық айтады. Ешкім оны сөкпейтінін, кемсітпейтінін жақсы біледі. Бүкіл ұжымның мақсаты – сол қателіктің түп негізін табу, оның қайталанбауына септік ету.

Өміріміздің көп бөлігі жұмыста өтетіні бұлтартпас шындық. Егер жұмысқа қуанып барып, қуанып үйіңізге қайтсаңыз, бақыттан бал-бұл жайнап, ғұмыр жасыңыз ұзарады, мінезіңіз де, болмысыңыз да өзгереді. Кайдзен тек өндіріске ғана арналған жүйе деп ойлау қате. Жеке өмірде де кайдзенге әркез орын бар.

 

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!