Миллионер

Арианна Хаффингтон – әлемдегі ең ықпалды 100 адамның тізіміне енген журналист

Арианна Хаффингтон биографиясы

Арианна Хаффингтон – саяси комментатор, «The Huffington Post» басылымының негізін салушы. Ол әлемге жазушы әрі саяси белсенді ретінде танымал. Balbal.kz мотивациялық сайты Арианна Хаффингтон және оның журналистикадағы беделі мен қиындықтары туралы материал дайындады.

Өмірбаяны

Арианна Стассинопулос 1950 жылы Грекиядағы Афинада дүниеге келді. Әкесі – газетте журналист, анасы – басқару жөнінде кеңесші. 16 жасқа келгенде анасымен Лондонға көшіп келеді. Кембриджден экономикалық білім алады. Студенттік шағында «Кембридж одағы» клубының президенті атанады. Бұл оның өз ойын еркін жеткізуіне, сыни ойлауына ықпал етті.

Журналистикаға бет бұруы

Оқуын аяқтаған соң Арианна очерк жазумен айналысады. Оның журналист болып танылуына британдық журналист Бернард Левин әсер етті. Соның ықпалымен ол «Салиқалы әйел» атты алғашқы кітабын жарыққа шығарды. Кітапта феминизм, ЛГБТ өкілдері сынау арқылы сенсация жасады. Соның арқасында танымал болып шыға келді.

Келесі кітабы – «Себептен кейін». Онда Батыс мәдениеті, қоғамдық сана, адамгершілік мәселелері қозғалады. Осыдан кейін оны Vogue, Cosmopolitan басылымдарының колумнисі (бір бағанға жауапты журналист-ред.) етіп сайлады.

Саясатпен айналыса бастаған әйел

1980 жылы Нью-Йоркқа көшіп келеді. Америка әншісі Мария Калластың өмірі туралы жазу арқылы тез танылады. 1986 жылы республикалық партияның мүшесі, миллионер Майкл Хаффингтонмен отау құрады. Осылайша әйгілі Арианна Хаффингтон болып шыға келді.

Ариана күйеуімен бірге саяси өмірге араласады. 1994 жылы күйеуінің кампаниясын АҚШ сенатына сайлауға атсалысады. Бірақ олар жеңіліп қалады. Республикашылдармен бірге 1996 жылғы президенттік сайлауда Боб Доулды қолдауға тырысты. Ол республикалық партияның жарқын бейнесіне айналды, сонымен бірге консерваторлар тарапындағы спикер болды.

1997 жылы Майкл Хаффингтонмен ажырасады. Содан оңшыл қозғалыстарды қорғайтын саяси радиошоудың жүргізушісі болады.

2000 жылдардың басында НАТО-ның Югославиядағы соғысқа қатысуына қарсы болды. Америкалық әскерді тоқтатуға тырысты.

2003 жылы Калифорнияда губернатор сайлауына өз кандидатурасын ұсынды. Республикалық партияның мүшесі болса да тәуелсіз кандидат ретінде қатысты. Алайда дауыс беру кезеңіне дейін ол сайлаудан бас тартты. Сарапшылардың пікірінше, оның мақсаты – жеңу емес, халық назар аудару болған.

2004 жылы Иракқа басып кіруге қарсы шықты. Демократиялық партияның съезінде спикер болды. Сонымен қатар апта сайын саяси пікірсайыс өтетін Both side now with Huffington and Matalin радиосының тұрақты қатысушысы болды.

Атақты интернет басылымы

2005 жылы Хаффингтон «The Huffington Post» интернет басылымын шығаруға шешім қабылдады. Командасына әріптестер жинап, инвесторлар іздестірді. Ол танымал адамдар тегін жазатын медиаплатформа құрғысы келді.

Алғашында бұл басылымға бәрі жаман пікір білдірді. Оны журналистикаға кері әсерін тигізеді және ешқандай пайда әкелмейді деп бағалады. Алайда Арианна оған мән бермеді.

Басылымның пайда болуына Кенн Лерер үлес қосты. Ол 2 миллион долларға жуық инвестиция алуға көмектесті және Джон Переттиді жобаға енгізді.

Олар негізінен саяси ахуалды жариялады. HuffPo либералды басылым болды. Республикалық баспасөзбен бәсекелесе бастады. Кейін Джон Керри сияқты ықпалды демократтар Huffington Post блогерлеріне қосыла бастайды. Тіпті Барак Обама да басылымға жаза бастаған.

Бір жылдан кейін сайтқа айына 1,3 миллионнан астам адам кірді. Хафингтон әлемдегі ең ықпалды 100 адамның тізіміне енді.

2008 жылы көңіл көтеру мақсатындағы жаңалықтар мен бизнес бөлімі пайда болды.

Басылым бірнеше мәртебелі марапаттарға, журналистері Пулитцер сыйлығына ие болды.  «Саяси блог» номинациясында екі рет марапатталды.

2009 жылы ол Forbes-тағы әлемдегі ең ықпалды әйелдер тізімінде 12-орынға ие болды.

2011 жылы Huffington Post AOL компаниясына 315 миллион долларға сатылды.

2014 жылы Ариана Хаффингтон World Post жаңа веб-сайтының іске қосылатыны туралы жариялады. Сайттың колумнистері Илон Маск және Билл Гейтс болады деп айтылды. Ол Мексика, Үндістан және Ресейге де таралу туралы жоспарлар құрған.

Хаффингтонға тағылған айыптар

1988 жылы Пикассо туралы жазған кітабы наразылық тудырды. Оны Лидия Гасманның жарияланбаған диссертациясының материалдарын пайдаланды деп айыптады. Лидия сотқа жүгінбеді. Тек Хаффингтонды «интеллектуалды клептоман» деп жұрт алдында мазақ етті.

Huffington Post-та блогерлердің арасында жасөспірімдердің бар екендігін анықтап, балалар еңбегін пайдаланды деп кінәлады. Алайда сот шешімі бойынша кінәсіз деп тапты. Тағы екі адам Хаффингтон мен Лерердің олардың идеясын ұрлады деп сотқа жүгінді. Көптеген сыншылар Хафингтонды пікірі жиі өзгеріп, саяси ұстанымының жоқтығы үшін айыптады.

Арианна Хаффингтон кедергілерге қарамастан өршілдігі мен білімі арқасында жетістікке жетті. Ол саясаттан бастап медиабизнеске дейін түрлі салаларда бағын сынап көрді. 15-тен астам кітап жазды. Бірнеше саяси науқандарға кандидат ретінде қатысты. Әлемдегі ықпалды адамдардың тізіміне енді.

Дайындаған: Қырмызы Скендирова

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!