Табыс

Еңлік Әбдіқадыр. Армандар орындалады!

Еңлік Әбдіқадыр арманға деген адалдық туралы

Еңлік Әбдіқадыр – «Армандар орындалады» мотивациялық журналының бас редакторы, бизнес леди, журналист-блогер, НЛП- практик, практик-психолог. Қыз-келіншектерге қалыптасу, сала таңдау, кәсіппен айналысу бойынша ақылын аямайтын кеңесші-маман.

Еңлік Әбдіқадыр өзінің тәжірибесі, жинаған ілімі арқылы үлкен-кішінің көзіне үміт отын жағып, көңіліне сенім ұялатып жүргеніне аса көп уақыт бола қойған жоқ. Ешкімге ұқсамайтын бөлек болмысы, ерік-жігері арқылы әр адамның  жеке тұлға болып қалыптасып, бүгінде өз кәсібін дөңгелентіп қана қоймай, қазақ қыздарының сара жолын табуына қол ұшын созып жүрген қаршадай қыздың қажырлылығына қайран қалмау мүмкін емес. 24 жасының өзінде  бағындырған биігі бар арманына адал  Еңлік Әбдіқадырдың көшбасшылық құпиясын balbal.kz назарыңызға ұсынады.

Еңлік Әбдіқадыр:

Еңлік Әбдіқадыр хикаясы
Еңлік Әбдіқадырдың жеке мұрағатынан

                                            Арманыңа адал бол

Кішкентай күнімнен өзімнің сара, дара жолым болатынын білетінмін. Өзімді бизнес-леди ретінде  қалыптастырғым келді. Әрине, журналист болу арманымның үлкені ғой. Ол өз алдына. Сол бала күнгі қиялым арманыма айналды. Ал арманға деген адалдық  мені осы күнге жеткізді. Біле білсеңіз, арманға деген адалдық өмірге деген құлшынысты оятады. Қанаттандырып, шабыттандырып қана қоймай, қашан әрекетке кіріскенше жаныңды қоярға жерге таппай аласұрасың. Күйзеліске, баз кешуге, көлеңкелі тұстарға көңілсіздік танытып отыруға мұрша бермейді. Арманға адал болсаң, ақиқатты табасың.

Арманға адал жан деп кімді айтамыз? Ол – қай кезде болсын, басына қандай іс түспесін өз қалауынан бас тартпайтын, кедергілерді айналып не аттап өтіп, тосқауылды төңкеріп тастайтын күрескер жан. «Ата-анам қолдамады», «Жолым болмады», «шаршап қалдым» деп біреу айтып отырса, мұның бәрі тек сылтау. Тек қана, сылтау! Арман жолына шыққан адам ешкімнің пікіріне пысқырып қарамайды, қарсы шыққандардың сан-қилы ойы мен сөзін құлағына ілмейді, дауыл мен жауынға қасқая қарсы тұрады. Әйтеуір бір жолын тауып дегеніне жетеді.

Қандай әке-шеше өз баласының бақытсыз болғанын, өмірден орнын таппай адасқанын қалайды? Ешқандай! Тек оларды сендіре білу қажет. Тілеулестеріңіз түбінде болашағыңыз жарқын, қоғамда орныңыз қалыптасқан, жан мен тән үйлесімділігіне ие адам боларыңызға көз жеткізуі тиіс. Ал, өзгенің сеніміне ие болу үшін өзіңе деген сенімің мықты болуы аса маңызды.

                                     Сенімділік – жетістікке апарар жол!

2014 жылы ҚазҰУ-де оқып жүргенімде «Ана тілі аруы» байқауына қатысып, жеңімпаз атандым. Мен мұны не үшін айтып отырмын? Сол кезде байқауға кіл ақылы көркіне сай, өнер десе  өнері, білім десе білімі бар сүт бетінің қаймақтары іріктелді. Бірі мың бұралып билесе, енді бірі түрлі аспаптардың құлағында шебер ойнайды. Ал менің  аз-мұз жазатын шимай-шатпағым, өлең, монолог оқитын қабілетім бар. Бірақ олар сияқты өнерпаз емес едім. Есесіне екінің бірінде кездеспейтін мықты сенімділігім серігім болды. Сол сенімділік мені тәждің иесі атанып, өзгеден озық шығуыма себепкер болды. Жалпы, кез келген істе мені алып шығатын Жаратушыға және өзіме деген сенімім.

Сенімділік – әрбір адам баласына қона бермейтін қасиет. Ол туа бітті даруы мүмкін немесе өзіңізді сол жолға тәрбиелейсіз. Сенімділікті игеру үлкен өнер!

Адам өзін-өзі жақсы көрмесе, бағасын білмесе, бойынан кемшілік іздесе, өзгелерден өзін төмен санап, тартыншақтап тұрады. Осылайша, санасына «салыстыру» бағдарламасын орнатады. Міне, сенімсіздік «дерті» осыдан пайда болады. Осы «опасыз» ойдан түбегейлі құтылуға асығыңыз.

Сіз ешкімге ұқсамайсыз! Сіз жалғызсыз! Сіз дарасыз! Сіз бөлексіз! Алла жаратқан бар болмыс-бітіміңізді қабылдасаңыз, сыртқы келбетіңіз бен  ішкі сұлулыңызда керемет үйлесім орнайды. Сіз әлдекімнің көшірмесі болуға тиіс емессіз.

Сенімділікті арттырудың қандай жолы бар?

КӨПШІЛІК ОРТАҒА ЖИІ БАРЫҢЫЗ!  Достармен кездесіп, ой алмасу, тақырыпты талдап-талқылау, жалпы адамдармен көбірек мәміледе болу – сізді тәрбиелей бастайды.

ӨЗІҢІЗДІ МАРАПАТТАҢЫЗ!

Көп адам өз жұмысына көңілі толмайды, өзін мадақтаудан қымсынады, тіпті орынсыз санайды. Жетістігін жария етуден ұялады немесе менсінбейді. Бұл қате. Өзіңізге лайықты марапатты да белгілеңіз.

КАМЕРАДАН ҚАШПАҢЫЗ! СУРЕТКЕ ТҮСУ – СЕНІМДІЛІКТІ АРТТЫРАДЫ!

Суретке жиі түсетін адамдарда сенім күштірек келеді. Суретке көп түсу арқылы өзіңізді сырттай бақылауға мүмкіндік аласыз, кемшін тұсыңызды байқайсыз. Ал оны әлеуметтік желіге жүктесеңіз, өзгелердің сіздің тарапыңызға білдірген түрлі пікірлері мен басқан лүпілдері ерекше энергия сыйлайды.

ҮНЕМІ КҮТІНІП ЖҮРІҢІЗ!

Адам рухани әлемімен қатар сыртқы келбетін де келісті қылып жүрсе, өзін жақсы көре бастайды. Өзін жақсы көрген адамда сенімділік артады.

«Қандай да бір кәсіпті бастамастан бұрын ілім-білімді игермес алдында, ең әуелі, жүрекпен ниет қылыңыз. Шын ниетімен ісіне, миссиясына берілген адамның алмайтын қамалы, жетпейтін қалауы болмайды». 

                                          Әрекет түбі – берекет        

Ойланбай әрекетке көшу керек! Мен мұндай дүниелерді әр жерден оқып, келесі адамға жеткізбеймін. Өзім айтатын кеңестердің барлығын өз тәжірибемнен өткізгенмін. Бәрі де ес біліп, оң-солымды танығалы бері жинаған тәжірибем, осыған дейінгі өмірден алған сабақтарым. Өзім жас болсам да, еңбекқорлығымның арқасында біраз тірлік жасадым деп айта аламын. Әрине, ешкім біліп тумайды. Құладым … жығылдым … мұңайдым … түңілдім… Бірақ жанымдағыларға шағым жасамадым. Мені қашан да арманым, сенімім, жігерім орнымнан қайтадан тұрғызатын.

Ең алғаш ата-анама да айтпастан 20 мың теңге шәкіртақыммен алғашқы кәсібімді аштым. Кәсібімді деймін-ау, көзді жұма салып, жоспарсыз барып сол ақшаға құр кеңсені жалға алдым. «Мұны енді не істеймін?» деген ой кейін келді. Әйтеуір, ойланып-толғанып оны ивент орталыққа (мерекелі шаралар ұйымдастыратын) айналдырдым. Кейінгі кәсіптерім бірінен кейін біріне жалғасып жүре берді. Менің қолымда басы артық ақшам болмады. Студент қыздың тіреп тұрған ешкімі де жоқ еді. Бірақ тәуекел жасап, әрекет ету арқылы жемісін көрдім.

«Ал, қалай әрекет етемін?» деген сұрақ сіздің де көкейіңізде тұр, білемін. Иә, бұл сұрақтың болуы орынды. Қалай, неден бастаймын? Дәл осы сұрақты өзіңізге қайта-қайта қойыңыз. Іщіңіздегі «меніңіз» міндетті түрде жауа береді.

Өзіңізді 1-2-5-10 жылдан кейін қалай елестетесіз, қай мінберден көресіз? Соны ойланыңыз. Қолыңыздан не келетініне мән беріңіз. Біреуге жалданып жұмыс істеуге емес, қиын болса да, басқа бағытқа мойын бұрып көріңіз Сынақтар мен қиындықтар өз жолыңызды айқындауға таптырмас мүмкіндік.

                    «Кісі ақысынан аттамаған – өз бақытын тапқан адам»

Алдымнан әрдайым ақ күн тусын десеңіз, кісі ақысын жемеңіз. Кісі ақысын жеу, өзгенің көңілін қалдыру өз алдына, тіпті балиғат жасына жеткен туған перзентіңіздің жеке әлеміне қол сұғу да сіздің жолыңыздың жабылып, қайшылық туындауына себепкер болуы әбден мүмкін.

Материалға арқау болған ақпараттың барлығы Еңлік Әбдіқадыр қыз-келіншектерге арнап арнайы ұйымдастырылған сырласу кеші және жарық көрген авторлық «Бриллиант Леди» кітабы негіздерінде дайындалды.

Дайындаған: Бекзат Ғажапбекқызы

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Close