Табыс

Малика Усен: Мамандығым – педагог, ойлау қабілетім – кәсіпкер

«Кішкентай ханшайымдар Академиясының" директорымен сұхбат

Малика Усен – «Кішкентай ханшайымдар Академиясы» атты қыздар балабақшасының негізін салушы. Сонымен қатар франчайзер және франчайзинг, бизнеске қатысты түрлі курстардың авторы. Оның балаларға, сұлулыққа деген махаббаты осындай ірі жобалардың пайда болуына әсер етті. Ол өз оқиғасын Balbal.kz сайтына баяндады.

Малика Усен:

«Мамандығым – педагог, ойлау қабілетім – кәсіпкер»

Мамандығым бойынша мұғаліммін. Бірақ өзімді тек бизнес саласында көрдім. Алғаш сұлулық салоны мен дүкен ашудан бастадым. Ол да желілік тізбек ретінде ашылды. Әр қаладан ашып, бес салонды басқардым.

«Балалар мен эстетикаға деген жақындығым жаңа жобаға себепші болды»

Бес жыл бұрын балабақша ісіне араластым. Себебі кішкентай балалардың психологиясы, тәрбиесі мені алаңдатады. Онымен қоса сұлулық пен эстетикаға жаным құмар. Осының бәрін біріктіріп, «Кішкентай ханшайымдар Академиясы» пайда болды. Оны бірінші 250 000 теңгемен бастаған едік.  Ал екінші филлиалға 6,5 миллион инвестиция жасадық. Себебі ол үш этажды мекемеде орналасты.  Алайда балабақшадан түсетін пайдамен салыстырғанда, бұл көп емес. Бір филлиалдың өзінен таза пайда 1,2-2,5 миллион теңгедей болады.

Неге «кішкентай ханшайымдар»?

Бұл менің идеям еді. Неге қыздар? Еркек пен әйел адамның өзгеше екеніне ешкім дау айта алмайды. Тек физикалық жағынан ғана емес, біз басқаша сезінеміз және ойлаймыз. Сол үшін оларға тәрбие де басқаша берілу керек. Бір бөлмеде ұйықтау, т.б. жалпы тәрбиелеу — бұл кеңестік кезеңнің естеліктері.

Қазір заман өзгерді, көптеген ата-аналар жеке тәсілдің маңыздылығын түсінеді.

Мұнда біз шығармашылық, сұлулық, эстетика, сүйіспеншілік, жұмсақтықты басшылыққа аламыз. Бұрын қыздар, ұлдар гимназиясы, қыздар институттары және ер балаларға арналған мектеп-интернаттар болған. Біз соны негіз ретінде қолдандық.

Қыздармен 5 бағытта жұмыс үстейміз: білім, шығармашылық, физика, сөйлеу және әлеуметтену. Балет, театр өнері болады.

Балабақша ашу бизнесінің минусы мен плюсы

Бизнес дегеніміз — бұл бірінші кезекте инвестиция және жұмыс істеуге, дамуға дайын болу. Онсыз бизнес болмайды. Дамымасаңыз, артта қала бересіз.

Білім саласындағы бизнес дұрыс ұйымдастырылған жағдайда ғана тиімді. Онда тиімді ұсыныс, даму стратегиясы, дұрыс құрылым, маркетинг және т.б. маңызды.

Шындығында көптеген қиындықтар бар. Осы саладағы 5 стартаптың 4-еуі жабылады. Тіпті алғашқы кезеңнен-ақ тоқтап қалады. Себебі жоғарыдағы нәрселерді қарастырмасаңыз, ол жай әлеуметтік жобаға айналады. Егер сіз жеке балабақша немесе даму орталығын ашуды ойласаңыз, бәсекелестікке дайын болыңыз.

Өзіңізге сұрақ қойыңыз: «Неге ата-аналар көрші он балабақшаның бірін емес, дәл менікін таңдау керек?».  «Мен қатты тырыстым, барымды салдым» деген жауап жеткіліксіз. Сіз өзіңіздің бәсекелестерден басым тұсыңызды нақты түсінуіңіз керек. Ол үшін стратегия керек.

Клиент жинау стратегиясы

Қаражатты талап етпейтін маркетингтің бірі – клиенттік сервисті қалыптастыру. Менің әдісім мынадай:

Жаңа клиент іздемеу. Оның орнына «ескі» клиентті ұстап қалып, ол екі есе ақша төлейтіндей ету. Ол үшін клиенттік сервисті жақсартыңыз. Яғни 100 клиент 50 000-нан төлегенінен, 50 адамның 100 000 төлегені артық.

Бағаны көтеру үшін өнімнің құндылығын көтеріңіз. Сіз ұсынатын нәрсе бағалы болу керек. Қызметті, т.б. нәрсені жақсартудан жалықпаңыз.

Сіздің тұрақты тұтынушыңызға айналған «ескі» клиент сізді басқа адамға өзі-ақ шын ниетпен ұсынады.

Франшиза шығару бастамасы

Менің идеям өзіме қатты ұнады, сондықтан оның жан-жаққа таралғанын қаладым. Франчайзингте жұмыс істеген кезде қауіптер азаяды. Бизнес ашқысы келетін жандарға көмегім тисе екен дедім. Өйткені франшиза арқылы серіктестердің тәжірибесі мен озық әдістерін қолданасыз. Балабақша франчайзері болғаныма бір жылдан асты. Мен шамамен 5 миллион теңге жұмсадым. Осы уақыт ішінде 5 франшиза сатылды. Алғашында қателіктер болды, қиналдық. Бірақ бірнеше әдістерді қолданып, өзгерістер енгіздік.

Франчайзингтегі қиындықтар: Қазақстанда неге франшиза аз?

Франчайзинг мәдениеті біздің елімізде нашар дамыған. Халық болашақ туралы ойламайды, қысқа мерзімді мақсаттармен өмір сүреді. Кей кәсіпкерлер стратегия құралы мен тәжірибені жинаған соң, «енді серіктес керек емес» деп ойлайды. Жарты жолдан серіктестік ажырайды. Сол үшін де кәсіпкерлер өз франшизаларын ашудан қорқады. Сондай-ақ, «біздің» менталитет туралы да айта кеткен жөн. Жалпы біздің елде бизнес жүргізу үшін сізге әзіл, оптимизм және аздап авантюристік рух қажет.

Франчайзинг курсын ашу бастамасы

Франшиза бастаған кезде көп қиындықтар болды деп айтып кеттім. «Ниеті түзу емес» серіктестер де тап болды. Сол кезде маған кеңес беретін мамандар болмады. Қазақстанда франчайзинг саласындағы мамандар жоқ, тәжірибе аз. Кей мамандар түсініксіз  терминдермен сөйлеп, түсініксіз айналымдар жүйесін айтады. Бірақ ол одан әлдеқайда оңайырақ. Ресей, Украина, Беларуссияда бұл жақсырақ дамыған. Солардың әдістерін қолдана отырып, өз курсымды бастауға бел будым. «Франчайзинг жүйесімен масштабтау», «Үздік балабақша жүйесі» және «Бизнес VS Миссия» курстары өтті.   Кейде балабақша иелеріне арнап мастер-класс өткіземін. Өз тәжірибем мен әдістеріммен бөлісемін.

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!