Табыс

Марғұлан Сейсембайдың бизнесті сақтап қалу бойынша берген кеңестері

Марғұлан Сейсембайдың тікелей эфирде айтқандары

Марғұлан Сейсембайдың ерекшелігі – ол кәсіп пен қоғамдық жауапкершілікті бөле жармайтын отандық кәсіпкер. Оның шыншылдығы мен қарапайымдылығы оны миллионға кумир етті. Бүгінде оның инстаграмын 195 000, ютуб арнасын 116 000 адам бақылайды. Ол «Дағдарыс кезінде кәсіпті қалай сақтап қалуға болады?» деген сұраққа «Big Money» ютуб арнасының тікелей эфирінде жауап берген еді. Balbal.kz сайты осы эфир бойынша материалды назарыңызға ұсынады.

Дағдарыс кезінде инвестиция жасауға бола ма?

Инвестицияны ойлаған кезде «қалай?» емес «қашан?» деген сұрақ туындау керек. Дағдарыс кезінде инвестиция жасау ең нашар идеялардың бірі. Себебі бұрын 100 доллар болған акция 75 доллар болуы мүмкін. Бірақ бұл уақытша ғана. Дағдарыстан соң 75 доллар 50 доллар болып қалмасына кім кепіл? Сол үшін инвестиция жасауды дағдарыс уақытында тоқтата тұрған тиімді. Нарықтағы жағдай 25 пайыздан асқан кезде ғана инвестицияны қайда жасау керек деген сұрақ туындайды.

Дағдарыс кезіндегі әрекеттер легі қандай?

Нарықтағы жағдай 20-25 пайызға төмендегенге дейін ол тек «қысқарту» кезеңі болып табылады. Егер 25 пайыздан асса, сіз дағдарыс аумағына кірдіңіз деген сөз. Яғни қауіп-қатер көбейеді. Өзіңіздің дағдарыс аймағында екендігіңізді білсеңіз, әрекетке көшкен дұрыс. Ең алдымен шығынды азайту керек.

Ешқандай жаңа филиалдар ашпаңыз. Егер несиеңіз болса, тезірек жабыңыз.

Сізден жалға алушылар болса, ақшаны тезірек беруін талап еткен дұрыс. Жұмысшылар санын азайтыңыз. Барынша сапалы жұмыс көзін қалыптастырған оңтайлы шешім болып табылады.

Екіншіден, «қан кетуді тоқтату» керек. Бизнес медицина секілді.

Кәсібіңізде әлсіз тұстар болса, одан арылуға немесе оңалтуға әрекет жасаңыз. Мұның екі жолы бар. Бірінші – мүлде жауып тастау, екінші – уақытша тоқтату, «қатырып» қою.

Дағдарыс уақытында жағдайды бақылауда ұстау керек. Шығынға кетудің пайдасы шамалы. Барынша қаражатыңызды жинақтауға тырысыңыз.

Дағдарыс уақытындағы жарнама кәсібі

Дағдарыс кәсіптің барлық саласына әсер етеді. Бірақ жарнама саласы көбірек зиян шегеді. Себебі ешқандай компания дағдарыс алдында өздерін жарнамалауға бел байламайды.

Осы себептен жарнама кәсібін тоқтатып қойған дұрыс.

Егер бұрын қойылып қойған келісімшарттар болса, солармен жұмысты жалғастырыңыз. Өз кәсібіңізді онлайн режимге ауыстырыңыз. Себебі онлайн кәсіп жұмысын жалғастыра береді.

Қонақ үй және мейрамхана кәсібі дағдарыстан қалай өтеді?

Дағдарыс уақытында туризм саласы да кешеуілдеп қалады. Қонақ үйлер жұмысы баяулайды. Жұмыс жемісті болмаса, кәсіпті уақытша тоқтатып қойған дұрыс.

Мейрамханалар дағдарыс кезінде онлайн жеткізу саласын жетілдіруі тиіс.

Бұл – дағдарыста аман қалудың жалғыз жолы.

Құрылыс саласына дағдарыс қалай әсер етеді?

Дағдарыс уақытында мемлекет те, жеке мекемелер де жаңа ғимарат салудан бас тартады. Бұл – шығынды кәсіп. Сондықтан құрылыс кәсіптері өз қаражаттарына емес, тапсырыстарды орындағаны тиімді.

Өз қаражатына жұмыс істеу кәсіпті тек кері тартады.

Дағдарыс уақытындағы дистрибьюторлық кәсіп

Дистрибьюторлық кәсіпорындар дағдарыста шығынға батады. Себебі импорттың деңгейі біршама төмендейді. Девальвация кезінде шетелдік емес, отандық өнімдердің сұранысы көбейеді. Дистрибьюторлық компаниялар отандық өнімді экспорттаумен шұғылданғаны тиімдірек. Тіпті мемлекет ішінде де дистрибьютор қызметін атқаруға мүмкіндік туады.

Карантин немесе дағдарыс кезіндегі онлайн жұмыс пен кәсіп

Онлайн кәсіптің болашағы жарқын. Олар кез келген салаға ене алады. Онлайн жеткізу, онлайн оқыту, онлайн сатып алу және т.б. кәсіптерді жетілдіре түскен жөн.

Қазірден бастап әр кәсіп өз онлайн платформасын жетілдіргені дұрыс.

Келешекте олар жоғарғы сұранысқа ие болады.

Дағдарыс кезінде ақша сақтаудың жолы қандай?

Дағдарыс уақытында әркім өзіндегі артық ақшаны сақтап қалуға тырысады. Бірақ дұрыс жолын біле бермейді. Ақшаны сақтап қалу үшін алдымен екі банктің шотына бөлген дұрыс. Осылайша ақшадан толығымен айырылып қалу қауіпінен арыласыз. Сонымен қатар ақшаны шетелдік валютада сақтаңыз. Егер мемлекеттегі жағдай нашарласа, қиындықты сіз бір жақты ғана сезесіз.

Ақшаңыз теңгеде болатын болса, соққы екі жақтан келері сөзсіз.

Мысалы, өзіңіз Украина тұрғынысыз. Дағдарыстан мемлекет қиналған тұста ауыртпалық халыққа және валютаға түседі. Сәйкесінше сіздің гривеньде ұстаған ақшаңыз азаяды.

Қаржыны шетелдік тұрақты валютада сақтаңыз. Олардың қатарына – доллар, евро және швейцариялық франк жатады.

Мықты команда жасаудың жолдары қандай?

Кәсібіңізді дамытып, қол астыңызға мықты команда жинағыңыз келсе, мәселені қаржыға тіремеңіз.

Өз жұмысшыларыңызға компанияның акционері атануға мүмкіндік беріңіз.

Яғни жылда 1, 2 пайыздық акцияны сыйға тартыңыз. Не болмаса талап қойыңыз. Бес жыл көлемінде жемісті қызмет атқарса, бәленше пайыз акцияны беру секілді.

Дайындаған: Назархан Уән

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!