Табыс

«Зерде» балабақшасы жетістікке жету жолында ұстанатын 4 ереже

«Зерде» балабақшасы – 2019 жылдың «Үздік балабақшасы» атанған мекеме

«Зерде» балабақшасы Алматы қаласында орналасқан жекеменшік бақшалардың бірі. 2019 жылдың «Үздік балабақшасы» атанған мекемені табу қиынға соқпады. Әйтсе де бақша қалың үйлердің арасында орналасқандығы, орталық көше мен аялдама алыс болуы ойландырды. Аталмыш факторларға қарамастан бір бос орыны жоқ балабақшаны көзбен көріп, жетістік құпияларына қанық болу мақсатымызға айналды.

Күліп қарсы алу

«Зерде» балабақшасының директоры Ақмарал Серікғазы алдымнан күліп шыға келгенде қызылды-жасылды балабақша несімен сәнді екендігін түсіндім. «Келіңіз», «төрлетіңіз» деген сөздері күздің қара суығынан тоңып келе жатқан журналист қыздың жанына майдай жағып, көңілін жадыратып қоя берді. «Таңертең ұйқылы-ояу болып келетін бүлдіршіндерді құшақтап қарсы алу – біздің бақшамыздың ережесі. Өз басым тек өзімнің тобымды ғана емес, үш топтың балаларын күліп қарсы алып, жағдайларын сұрап, күндерінің қызық өтуін тілеймін. «Баламен бала болып тілдесіп, ересек емес, балаша сияқты бірге ойнап кететін адаммын» деп өзін таныстырды директор. Бала тәрбиесімен айналысып жүргеніне бақандай бес жыл болған ол «Зерде» балабақшасының хикаясын асықпай айтып берді.

Атаананың қалауын ескеру

Алматы сияқты алып қалада қаншама балабақша бар десеңізші. Алайда бала екіден асып, балабақшаға орналастыру мәселесімен бетпе-бет келгенде ата-ананың басы қататыны шындық. Бала туылысымен кезекке тұрмай, сәл-пәл кешіккен олар кезектің қаншалықты ұзаққа созылатынын уақыты келгенде біледі. Сөйтіп жақсы балабақша іздеп шарқ ұрады. Таңдау жасайтын сағат туғанда баланың жан-жақты дамуына жағдай жасайтын мекеме табу қиынға соғады.

«Баланың тілін табу оңай. Күліп қарсы алсаң, күні бойы жылу сыйласаң жетіп жатады. Бірақ ата-ананың көңілінен шығу өз алдына үлкен мәселе. Күнделікті тіршіліктен қажып жүретін баланың әкесі мен шешесінің қас қабағына қарап, баламен бәрі жақсы болатынына сендіру, олармен үнемі байланыста болу – біз ұстанатын ережелердің бірі. Соның арқасында осы маңайда тұрмаса да, бізді іздеп келетін клиенттеріміз көп.

Әңгіменің ашығын айтқанда, клиенттеріміздің көбісі қаланың басқа шетінде тұрады. Бірақ олар баланы бақшаға алып келетін/алып кететін жүргізушінің ақылы қызметіне жүгінуді жөн санайды. «Зердені» таңдайтын ата-анаға біз де алғыс айтудан жалықпаймыз. Баласын сеніп тапсырған оларға жыл соңындағы медициналық тексерісті тегін ұсынамыз.

Жыл сайын балалар дәрігері, құлақ дәрігер, хирург және көз дәрігері балаларымыздың денсаулығын бір тексеріп шығады. Сонымен қатар қан және несеп талдауын алады. Нәтижесінде біз бүлдіршіндеріміздің саулығын жіті бақылауға алуға деген ниетімізді білдіртеміз» деп әңгімесін жалғастырды директор.

Зерде балабақшасы
«Зерде» балабақшасы @zerde_balabakshasy

Уақытты бағалау

«Кей балалардан бақшада не істедің?» деп сұрасаң, «тамақ іштік, ұйықтадық, болды…» деп жауап беріп жатады. Ата-аналардың кейбіріне баласының қарны тоқ, ұйқысы қанғаны жеткілікті. Шынтуайтында, олар баласының болашақта оқыған-тоқыған, өнерлі де өнегелі болғанын армандайды. Алайда ата-ананың арманын өмірге айналдыратын мекеме барына сенбейді. Содан болар олар талаптарына сай келмейтін балабақшаны стандартқа сай деп қабылдайды.  Әр балаға жан-жақты білім беру, уақыттарын тиімді өткізу «Зерде» балабақшасы ұстанатын ережелердің негізгісі екен.

Баланың уақытын біз кейде бағалаймыз. Бос уақыттарын қалай өткізетіндіктеріне мән бермейміз. Құламаса, қарны аш болмаса болды. Жылап мазамызды ала бастаса, қолына ұялы телефон ұстатуға дайынбыз. Неге, өйтеміз? Үш жасқа дейін балаға тәрбие беріп үлгермесең, бәрі кеш дейді жапондықтар.

Балалардың уақытын бағалау жөнінде балабақша директоры Ақмарал Серікғазы былай деді:

«Біз бір күннің ішінде балаға барынша жан-жақты білім беруге тырысып бағамыз. Логопедпен жұмыс, кинетикалық құммен ойын, сурет салу, арт-терапия, рефлекс терапиясы, шахмат, ағылшын тілі – біз ұсынатын қызметтер. Одан бөлек біз балаларды кинотеатрға, саябаққа, мұражай мен театрға, зоопаркке апарамыз. Анда-санда ашық аспан астында, табиғат құшағында фотосессия жасатамыз. Жаздың мамыражай күндері ауламызға үрмелі бассейн шығарып, суға жүздіртеміз. Онымен қоймай, маман иелерімен кездестіріп, әр алуан мамандық түрлерімен таныстырамыз. Әр бейсенбі балалармен бірігіп тәттілер пісіреміз».

Зерде балабақшасы
«Зерде» балабақшасы @zerde_balabakshasy

Еркіндіктерін шектемеу

«Зерде» балабақшасы Монтессори жүйесіне негізделіп жұмыс істейтінін біліп қайттық. Өздеріңіз білетіндей, Мария Монтессори итальяндық дәрігер және педагог. Ол ХХ ғасырдың басында кемістігі бар балалармен жұмыс істеп олардың дамуына себепкер болған жан. Мария Монтессори әр баланы тумысынан дарынды, қабілетті екендігіне шүбәсіз сенетін. Балалардың еркіндігін шектемеу арқылы ойындарын ұйымдастыру Монтессори жүйесінің негізі болып табылады. Ойынға қажет неше түрлі ойыншықтарды дайындап қойып, балаға қалаған ойыншығын өзі алып, өзі ойнауына мүмкіндік жасалынады. «Зерде де» монтессори жүйесі бойынша жұмыс жолға қойылған.

Еркіндіктің әртүрлі мағына беретіндігінде Ақмарал Серікғазы былайша тоқталды:

«Монтессори жүйесі, «Step by step» бағдарламасы  бойынша жұмыс істейміз. Алайда баланың еркіндігін шектемеу мұнымен шектелмейді.

«Зердеде» баланы ұруға, бұрышқа тұрғызуға, оған бет-албатты айғайлауға, ар-намысына тиетін сөздер айтуға қатаң тыйым салынған. Егер бала тым қатты шектен асса, мен іске араласамын. Қандай топтың баласы болмасын, қасына барып ескерту жасаймын. Тым еркелеп кетсе, дауыс көтеремін. Біздегі ең қатаң жаза – ол дауыс көтеріп сөйлеу. Бітті. Біз еркіндікте тәрбиеленген баланың ертеңгі күні өз таңдауын жасай алатын ойы еркін тұлға айналатындығына сенеміз».

«Balbal.kz»-тің «Зердеге» жасаған сапары осымен тәмам болды. Жекеменшік балабақша ашып, берекелі жұмыс істеймін деген жанға ой саларлық материал болды деген үміттеміз. Сөз соңында кез келген кәсіпті өміршеңді ететіндігі сол іске деген сүйіспеншілік екендігін еске саламыз.

Сұхбаттасқан: Жазира Байдалы

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Close