Біліп жүр

Альберт Эйнштейн туралы қызықты деректер

Ғылымның ғалам жайлы түсінігін өзгерткен адам

XX ғасырдың алғашқы жартысында өмір сүрген ең әйгілі тұлғалардың бірі – Альберт Эйнштейн. Көзі тірісінде көптеген жетістіктерге жеткен ғалым Нобель сыйлығын алып қана қоймай, ғылымның ғалам жайлы түсінігін түбегейлі өзгертіп кетті. Оның 300-ге жуық ғылыми жұмысы мен 150-ге жуық кітабы, сан алуан мақалалары білімнің әр саласын қамтыған. 1879 жылы Германияда дүниеге келіп, 1955 жылы 76 жасында АҚШ-та қайтыс болған Альберт Эйнштейн туралы замандастары түрлі аңыз-әпсана қалдырған. Оның қайсысы рас, қайсысы өтірік екені де белгісіз. Назарларыңызға ұлы тұлғаның өмірінен сыр шертетін деректерді ұсынамыз. 


Эйнштейннің ғылымға деген қызығушылығы 5 жасында туған. Бірде ол ауырып қалып, әкесі оны жұбату үшін қолына компас берген екен. Бала Альберт құралдың құрылымына қатты қызығып, содан бастап түрлі зерттеулерге ден қойған деседі.


Альберт Эйнштейн өте атақты болған. Сол себепті, оны көшеде көрген адамдар тоқтатып, сөйлесіп қалуға тырысатын көрінеді. Мұндайда ғалым: «Мен Эйнштейн емеспін. Елдің бәрі үнемі сол кісімен шатастырады», — деп құтылады екен.


Бірде одан дыбыстың жылдамдығы қандай деп сұрайды. Физик бұл сұраққа: «Кітаптан табуға болатын ақпаратты есте сақтауға тырыспайтын әдетім бар», — деп жауап беріпті.


Эйнштейннің музыкаға деген махаббаты ерекше болған. Ол бала кезінде скрипкада ойнауды үйреніп, өмір бойы сол аспапты өзімен алып жүрген.


Ғалым тілін шығарып тұрған суретті көрген боларсыз. Көпшілік бұл суреттен бір мән іздеп, оны талқылауға әуес. Шын мәнінде суретке қатысты оқиға өте қарапайым. Ол былай болған: 72 жасқа толар шағында суретке түсуден шаршаған Эйнштейн, фотографтардың «күліңізші» деген кезекті бір өтінішіне тілін шығара салған екен. Артынша «Бұл менің адамзатқа жіберген жолдауым!» деп қалжыңдапты.


XX ғасырдың ортасында Израиль мемлекеті құрылған шақта еврей ұлтынан шыққан Эйнтштейнге ел президенті болу туралы ұсыныс түскен. Тәжірибенің жоқтығы мен өзінің саясаткер емес, ғалым екенін айтқан ол бұл ұсыныстан бас тартқан.


Альберт Эйнштейн мен оның бірінші жары Милева Марич

Өзінің атағын пайдаланып, ғалым бір кездері әр қолтаңбасы үшін 1 доллар ақы алып отырған. Түскен қаржының бәрін ол қайырымдылыққа жұмсаған.


Альберт Эйнштейн бала кезінде математиканы нашар оқыған деген қате пікір бар. Шын мәнінде ол 15 жасының өзінде дифференциалды және интегралды есептеу жүйелерін жақсы меңгеріп үлгерген.


Бірде трамвайда отырып қатты ойланып кеткен ғалым жол ақысын дұрыс төлемеген екен. Кондуктор қыз ескерту жасағаннан кейін ғана Эйнштейн қатесін байқап, ақшаны толық беріпті. Оны танымаған қыз күлімдеген күйі: «Түк етпейді, ата. Тек математиканы үйреніп алсаңыз көмегі тиер еді» деген екен.


Физик ешқашан шұлық кимегені белгілі. Тіпті, үлкен шаралардың өзіне де ол шұлықсыз келетін. Бірақ, ол өзінің бұл әрекетін ешқашан түсіндірген емес.


Ғалым өлер алдында неміс тілінде бірнеше сөз айтқан. Алайда, оған қараушы медбике неміс тілін білмегендіктен, оның не айтқанын түсінбеген және есінде сақтай алмаған.


Эйнштейн өмірден өткеннен кейін оның миын Томас Харвей есімді патологоанатом ұрлап кеткен. Ол миды бөлшектерге бөліп, 40 жыл бойы түрлі зертханаларға зерттеуге жіберіп отырған.


 

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!