Таным

Альфред Нобель қорқынышы және «Нобель сыйлығы»

Альфред Нобель: өнертапқыш және әлемді өзгертен адам

Альфред Нобель – ғылымда көптеген жаңалық ашқан өнертапқыш. Өмірін әлемді өзгертуге бағыттаған Альфредті әлемде танымайтын адам жоқтың қасы. Бұның себебі – «Нобель сыйлығы».

Альфред Нобельдің биографиясы

Альфред Нобель 1833 жылы 2 қазанда Стокгольм қаласында дүниеге келген. Оның әкесі Иммануил Нобель Нобелеф аймағынан шыққан өнертапқыш, инженер. Ол әскери миналарды жасау арқылы атағы шыққан. Оның бұл өнертабысы Қырым соғысында қолданылған және бұл еңбегі үшін император сыйлығына ұсынылған екен. Иммануилдың 8 баласы болған. Алайда тек 4 ғана тірі қалған деседі. Отбасы бастапқы уақытта Швецияда қоныстанады. Бұдан кейін Финляндияға, одан соң Ресейдің Санк-Петербург қаласына көшіп кетеді. Альфредтің бойындағы өнертапқыштық қасиеті әкесінен берілген. Өйткені Иммануил тек миналарды ғана емес, дөңгелектер мен арбалар құрауға арналған құрылғыларды да жасап шығарған. Иммануилдың балалары мектепке бармай, үйден білім алған. Ұстаздар оларға әдебиет, еуропа тілдерінен сабақ берген.

Ғылымға әуестігі

1849 жылы орыс химигі Николай Зининнің ұсынысы бойынша Иммануил ұлын Еуропаға оқуға аттандырады. Келесі жылдың көктемінде Альфред Петербургтан аттанып, Дания, Германия, Италия, Франция, Америка секілді елдерге бет алады. Парижде ол нитроглицеринді синтездеген Асканио Собрероны кездестіреді. Альфред бірден нитроглицеринді коммерициялық бағытта қолданудың жолдарын іздестіреді. Себебі оның күші қарапайым оқ дәріге қарағанда күштірек еді.

Николай Зининнің басқаруымен ол тринитрат глицеринді зерттей бастайды. Ғылыми жұмыс оны жас ғалым ретінде атақты етеді.

Бұдан кейін Нобель Америкаға аттанып, Джон Эриксонның зертханасында жұмыс істейді. Ол күн энергиясын зерттейді. Зертханада алғаш рет өз бетінше физикалық және химиялық тәжірибелер жасайды. Бірнеше сағаттық жұмыстың нәтижесінде Альфредке өзінің атағын шығаратын идея келеді.

Динамитті ойлап табуы

Стокгольмге қайтқан соң Нобель тринитрат глицериннің жарылғыштығын төмендететін затты іздей бастайды. Осы мақсаттағы тәжірибе кезінде Стокгольмдегі зауытта 1864 жылы жарылыс орын алады. Нәтижесінде бірнеше адам және өзінің інісі Эмиль қаза табады. Бұл қазадан соң әкесі Иммануил инсульт алып, өмірінің соңына дейін төсек тартып жатады. Бір айдан соң ғалым нитроглицеринге патент алып, динамит жасауға кіріседі.

Шығармалары

Альфред Нобель тек жарылғыш заттарды ғана ойлап тапқан жоқ. Ол өз өмірінде бірнеше драматургиялық шығармалар мен өлеңдер жазған. Бірақ бұл шығармалар басылып шығарылмады. Ең атақты шығармасы – «Немезида». 1896 жылы пьеса басылып шыққанымен Альфредтің өлімінен кейін шіркеу бұйрығы бойынша өртеледі. Тек 3 данасы ғана өрттен аман қалады.

Жеке өмірі

Альфред Нобель өмір бойы отбасын құрмаған адам.  Оның алғашқы кездестірген қызы өзімен көрші тұрған Алайда Альфредпен танысқан соң, туберкулез ауруынан қаза табады.

Оның екінші ғашығы әртіс Сара Бернар болды. Нобель онымен отау құруға бел байлап, анасының ақ батасын сұрайды. Бірақ анасының қарсы болуына байланысты ол өз өмірін тек ғылымға арнайды.

1874 жылы ғалымның өмірінде бірнеше өзгерістер болды. Ол граф Берта Кинскимен танысады. Біраз уақыттан соң олардың арасында махаббат оты маздайды. Бірақ, бірнеше жылдық достықтан соң Берта Альфредті тастап өз күйеу жігітіне Австрияға кетіп қалады.

Оның өміріндегі соңғы ғашығы қарапайым сүт сатушы еді. Алайда оның білімсіздігі мен ақымақтығы Альфредті қатты ашуландырды. Бұдан соң ол жеке өмірін құрудан бас тартады. Альфред Нобельдің бала қызығын көрмеген ғалым.

Нобель сыйлығының сыры

1888 жылы журналистер Альфред Нобельдің қаза болғандығын жариялайды. Алайда бұл Альфред емес оның ағасы Людвиг болатын. Ғалым бұл оқиғадан соң газет беттерінен «Өлім сатушысы қаза тапты» деген мақаланы оқиды. Нобель ел есінде адамзаттың жауы ретінде есте сақталғысы келмеді. Осы себеппен ол 1895 жылы 27 қарашада Париж қаласында өз өсиетнамасын жазады. Бұл хатында ол адамзатқа пайда әкелгендерге арналған сыйлықтың жобасын жазып қалдырады. Нобельдің иелігінде жарылғыш заттар шығаратын 100 зауыты болған екен. Оның жағдайы 31миллион крон, қазіргі ақшамен есептегенде 265 миллион долларға тең болған. Ол өз байлығының 5 пайызын Стокгольм университеті, Стокгольм ауруханасы мен Каролин медициналық университетіне табыстайды.

Өз өсиетінде Нобель сыйлығы берілуі керек 5 саланы таңдайды. Олар: физика, химия, медицина, әдебиет және адамзаттың достастығы үшін жасалған әрекет. Бір жылдан кейін Альфред Сан-Ремодағы өз вилласында қаза табады. Нобельдің тізіміне алтыншы сала болып 1968 жылы экономика қосылады. 1901 жылдан бастап Швеция парламентінің шешімімен «Нобель сыйлығы» беріле бастады.

Дайындаған: Назархан Уән

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!