Таным

Глеб Архангельский. «Бақаны соямыз», «Пілді жіліктеп жейміз»

Глеб Архангельский – тайм-менеджент бойынша Ресейдің ең танымал маманы

Глеб Архангельский – «Организация времени» (Уақытты ұйымдастыру) компаниясының иесі. Сонымен қатар «Improvement.ru» интернет-порталының бас редакторы, Мәскеу қаржы-өндірістік академиясындағы тайм-менеджмент кафедрасының меңгерушісі, экономика ғылымдарының докторы.

Глеб Архангельский таймменеджментке қалай келді?

Оқуы мен жұмысын қатар алып жүрген Архангельский уақытын жеткізе алмай қиналады. Университет бітірген соң банкке қызметке тұрып, шампиньон (саңырауқұлақтың бір түрі) өндірісімен айналысуға тапсырма алады. Ол болса, «Бұл оған қызық еместігін» басшылығына жайып салады. Ең қызығы, басшылық жұмыс істеуге құлықсыз қызметкерді жұмыстан қуудың орнына оған не қызық екендігін сұрайды. Уақытты ұйымдастырумен айналысқысы келетін Архангельскийге банк бұл мәселемен айналысуға мүмкіндік береді. Ақыр аяғында кейіпкеріміз банктегі жұмысын тастап, жеке меншік «Уақытты ұйымдастыру» консалтингтік компаниясын құруды қолады. Архангельскийге дейін де уақыт мәселесін зерттегендер болды. Алайда ол уақыт жұмсау және ұтымды пайдалануды тыңқылықты зерттеу арқылы тарихта атын ресейлік тайм-менеджмент мектебінің негізін салушы болып қалдыра білді.

Глеб Архангельский идеялары

Глеб Архангельский методикасы екі қағидаға негізделген. Олар: уақытты басқару бойынша әдіс-тәсілдерді білу және ақырындап күн сайын оларды өмірге енгізе бастау.

«Бақаны сою»

Уақытты басқару үшін қолданылатын ең тиімді әдістің бірі – таңертең «бақаны сойып жеу».

«Бақа» деп күні бойы жасалынуы тиіс ең ұнамсыз істі меңзейміз.

Күн басталмас бұрын ұнамайтын, ойласаңыз, көңіл-күйіңізді түсіретін шаруаны шешіп тастайсыз. Нәтижесінде күннің қалған бөлігінде ешнәрсеге алаңдамай күш-қуатыңыз тасып жүреді.

«Пілді жіліктеп жеу»

«Піл» деп бірден жасалынбайтын, ұзақ процестен тұратын ауқымы үлкен жұмысты айтады.

Оны іске асыру үшін Глеб Архангельский оны «жіліктеп жеуге» кеңес береді. Мысалы, кітап жазуыңыз қажет. Типографиядан жарық көрген кітабыңызды «піл» деп ойлайсыз. Күн сайын кітабыңыздың бір бетін жазуды қолға аласыз немесе уақытыңыздың белгілі бер бөлігін кітап жазуға арнайсыз.

Назарды бір іске аудару

Глеб Архангельскийдің ұсынатын тағы бір әдісі – нақты нәтиже беретін бір іске ғана күш жұмсау. Жасалынуы тиіс шаруаларыңыз шаш-етектен. Сіз солардың ішінен болашақта жемісін беретін біреуін таңдап аласыз. Сөйтіп бірнеше апта, ай бойы назарыңызды соған бұрасыз.

Ауқымды кеңейту

«Сіз қазір белгілі бір салада жетістікке жеттіңіз делік. Ендігі кезекте басқа салаға көз тігуге уақыт келді» дейді Архангельский. Бұл әдіс жайлылыққа үйреніп алған адамның шыңдалуына, өзін басқа қырдан танытуына мүмкіндік береді.

Бірақ бір ескерту бар. Журналистикамен айналысып жүріп көлік жөндеуге кетіп қалсаңыз, қиналып қаларыңыз анық. Ендеше сіздің қарым-қабілетіңізге сәйкес келетін журналистика ұқсас сала таңдағаныңыз абзалырақ. Мысалы, аударма ісі, контент-бюро немесе шаралар медиа шаралар ұйымдастыру агенттігі.

Сараптама жасап отыру

Екі негізден тұратын сараптамалық жұмысқа кез келген адам уақыт бөлуі керек дейді Глеб Архангельский.

Олар:

уақытыңыздың неге кететіні

уақытқа байланысты қалыптасқан әдеттеріңіз

Уақытыңыздың неге кететіні

   Сіздің уақытыңызды ұрлайтын дүниелерді «хронофаг» дейміз. Мысалы, инстаграм, ютуб, той-домалақ, телефонмен ұзақ айтылған әңгіме – хронофагтар. Олармен күресу үшін телефонға арнайы қосымша жазып алып, неге неше минут жұмсайтыныңызды анықтай аласыз. Не болмаса күнделікке түртіп отыру да жақсы амал.

Уақытқа байланысты қалыптасқан әдеттеріңіз

Бұл әдеттеріңізді анықтау үшін өзіңізге төмендегі сұрақтар қойып, шынайы жауап беріңіз:

Аптасына 30 минуттық уақытымды ұрлайтын қай дүниелерден бас тарта аламын?

Аптасына бір сағаттан астам уақытымды жұмсап бітіретін қай шаруаны екі есе тез бітіре аламын?

Аптасына 30 минуттан артық уақытымды ұрлайтын қай міндетті өзге біреуге жүктей аламын?

Бүгінгі қай іс өнімді, қайсысы бос әурешілік болып шықты?

Бір күнге жоспарланған шаруалардың әрқайсысын тындыруға қанша уақытым кетті?

Жан-жақты дамуыма, жетілуіме қанша уақыт жұмсаймын?

Шұғыл және іш пыстырарлық шаруаларға қанша уақытымды бөлемін?

Глеб Архангельский кітаптары

Глеб Архангельский – тайм-менеджмент бойынша бестселлер кітаптардың авторы. Бірнешеуін назарыңызға ұсынамыз:

«Тайм-драйв: жұмысқа және өмір сүруге қалай үлгеру керек?»

«Корпоративтік тайм-менеджмент: шешімдер энциклопедиясы»

«Уақыт формуласы: «Outlook 2007»-дегі тайм-менеджмент»

«Уақытты үйлестіру: қара бастың тиімділігінен фирманың дамуына дейін»

«Тайм-менеджмент: оқу құралы»

Дайындаған: Жазира Байдалы

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!