Таным

Кітап оқуды әдетке айналдыруға арналған 4 кеңес

Кітап оқуды дағдыға айналдырудың жолдары қандай?

Кітап оқуды қолға алуға ниетіміз болғанымен, неден және қалай бастау керектігін білмей сандалатын сәттеріміз болады. Сол себепті кітап оқуға кететін біраз уақытымызды текке шығындап жатамыз. Ақпарат еркін қолданысқа ие заманда кез келген білімді ғаламтордағы қысқа деректерден оқи салуға болады. Бірақ…

Бірақ қолыңызға алып, әрбір бетін парақтап, баспаның иісі сіңген кітапты құштарлықпен оқығанға ештеңе жетпейді. Заман өзгеріп, техника қарыштап дамыса да кітап – білімнің негізгі қайнар көзі болып қала бермек. Сонымен, кітап оқуды әдетке айналдыру үшін қалай және неден бастау керек?

1. Кітапты не үшін оқимыз?

Кітап – жаңа идеялардың бұлағы. Ол блогтарға, видео-сабақтар мен журналдарға қарағанда әлдеқайда пайдалы. Кітаптағы негізгі мазмұнға сай оқып отырып, көз алдыңызға сан түрлі оқиғалар мен образдарды елестете аласыз. Сол арқылы ойлау қабілетіңіз жақсарып, ақылыңыз артады. Демек, кітап оқу арқылы миыңыз дұрыс ойлауға жаттығады. Сонымен қатар кітап оқыған адамның сөйлеу мәдениеті де қалыптасады.

2. Қанша кітап оқу керек?

Қазір жаңа заман, кітап оқып отыру өткен ғасырдың еншісінде кетті ғой деп ойласаңыз, қатты қателесесіз. Барлығы адамның өзін-өзі тәрбиелеуінде жатыр. Өзіңіз үшін өте қарапайым меже орнатыңыз. Мысалы, 1 аптада 1 кітап оқуды өмірлік салтыңызға айналдыруға болады. Сонда 1 жылдың ішінде 52 кітап оқып шығасыз. 52 түрлі білім, 52 түрлі ілім аласыз.

3. Оқуға тұрарлық кітапты қалай таңдаймыз?

Егер белгілі бір мақсатқа жеткіңіз келсе, көпшілігі көркем әдебиетті оқудың қажеті жоқ деген кеңес береді. Көркем әдебиет жаныңызға рахат сыйлағанмен, оның пайдасы аз дейтіндер көп. Бірақ ол әрбір адамның таңдауына байланысты. Біреулер, шынымен де, көркем әдебиеттен шабыт алады.

Атақты адамдардың өмірі жазылған мемуарларды, тарихи естеліктерді оқыңыз. Қазіргі таңда бизнеске, өмір сүрудің қағидаларына, психологияға қатысты мотивациялық кітаптар өте көп. Оқысаңыз, пайдаңызға асар жөні бар. Бірақ ақпараттары сылдыр суға толы, нақты түйінін толық жазбайтын кітаптарды оқудың қажеті жоқ.

4. Қалай оқу керек?

Әр адамның есте сақтау қабілеті, оқу жылдамдығы әртүрлі. Сонымен қатар бір кітапты әр адам әрқалай қабылдайды. Сол үшін қолыңызға қалам алып, маңызды жерлерін түртіп алуға дағдыланыңыз. Кітаптың әрбір жолын саусақтарыңызбен немесе қаламмен жүргізіп отырып оқыңыз. Осылайша сіз өзіңіздің оқу жылдамдығыңыз бен ойша қабылдауыңызды бақылауда ұстай аласыз.

Кітап оқуға уақыт жетпейді деген сылтау қабылданбайды. Өйткені біз бос уақытымыздың тең жартысын телефонда босқа өткіземіз. Кітап оқуға шынымен де уақытыңыз жетпесе, жұмысқа бара жатып жолда оқып алуыңызға болады. Қазіргі таңда кітаптың сан түрлі нұсқасы бар: баспадан шыққан кітаптар, электронды кітаптар және аудиокітаптар. Қай түрін таңдауды патша көңіліңіз білсін. Ең бастысы дәл қазіргі сәттен бастап кітап оқыңыз.

Дайындаған: Маржан Сәбет

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Close