Таным

Әлемнің жеті кереметі

Тарихшылар адам баласы салған кереметтер саны шын мәнінде одан көп дейді

«Әлемнің жеті кереметі» деген тіркесті жиі естісек те көбіміз ол кереметтерге не жататынын біле бермейміз. Деректерге сүйенсек, адамзат салған ерекше құрылыс нысандарын топтастырып, олардың үздіктерін бөлектеу көне Грекиядан бастау алады. Тарихшылар адам баласы салған кереметтер саны шын мәнінде одан көп дей келе, жеті саны ежелгі грек мифологиясында қасиетті сан саналғандықтан таңдалғанын айтады. Әлемнің жеті кереметі туралы алғашқы мәліметтер элленизм дәуірі авторларының шығармаларында кезігеді. Тіпті, Мысырдан табылған папирустардың бірінде оқушыларға жеті кереметті жаттау міндеттелетіні жазылған. Айта кетерлігі, тізім уақыт өткен сайын өзгеріп отырған. Оған Жер бетіндегі түрлі тарихи оқиғалар әсер еткен. Қазіргі күні көпшілікке таралған жеті кереметтің тізімі Ескендір Зұлқарнайын құрған мемлекетпен байланысты деседі. Ол тізім бойынша әлемнің жеті кереметі төмендегідей:

  1. Хеопс Пирамидасы — ежелгі Мысыр перғауындарының өзіндік үлгідегі мазарлары, б.з.б. XXVI-XXIII ғасырларда салынған. Жеті керемет тізімінен тек осы нысан ғана қазіргі күнге дейін сақталған.
  2. Семирамида аспалы бағы — б.з.б. 605 жылы жасалып, б.з.б. 562 жылы су тасқыны кезінде қираған. Бақ ерекше тәсілмен аспалы текпішекті сәкі-алаңшалар үстіне салынған.
  3. Олимпиядағы Зевстің мүсіні — б.з.б. V ғасырда көне грек мүсіншісі Фидий алтын мен піл сүйегінен жасаған ерекше мүсін.
  4. Эфестегі Артемида ғибадатханасы — кезінде әлемдегі ең үлкен ғибадатхана болған. Б.з.б. VI ғасырда салынып, б.з.б. 356 жылы өз атын мәңгілікке тарих бетінде қалдыруды қалаған Герострат есімді адамның қолымен өртелген. Кейіннен қайта қалпына келтірілсе де III ғасырда готтардың тонауына ұшырап, IV ғасырда христиандардың қолымен түбегейлі қиратылған.
  5. Галикарнастағы кесене — б.з.б. IV ғасырда III Артемисияның бұйрығымен Мавсол патшаның құрметіне салынған. Ғимарат 19 ғасыр тұрып, XIII ғасырда қатты жер сілкінісі кезінде қайта қалпына келместей қираған.
  6. Родостағы алып мүсін — Родос аралындағы Күн құдайы Гелиосқа қойылған алып мүсін. Оны Родос аралының тұрғындары Харес есімді мүсіншіге тапсырыс беріп жасатқан. Мүсінші туындысын толық жасап шығу үшін 12 жыл жұмсаған.
  7. Александрия шамшырағы — б.з.б. III ғасырда жасалған мұнара. Ол Жерорта теңізінде Фарос аралында орналасқан. Бұл нысан да жер сілкінісі кезінде қираған.
Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Close