Біліп жүр

Саланы лендинг парақша арқылы сынақтан өткізу

Саланы қалайша сынақтан өткіземіз?

Саланы сынақтан өткізу – нарықта сіз таңдаған кәсіптің сұранысын, шығын және пайда мөлшерінен хабар беретін мүмкіндік. Кәсіпкерлік әлеміне аяқ басқандар өз кәсібінің өтпей қалу қаупінен қорқады. Тіпті ойға алған ісін аяқсыз қалдырады. Себебі олар тауарсыз және қызметкерсіз де тауарды/қызметті сынақтан өткізуге болатынын білмейді.

Саланы сынақтан өткізу не береді?

Тесттік нұсқадағы бір беттік сайт ашу және минималды түрде жарнамалау арқылы күмәніңізді сейілтесіз.

Мысалы:

  • Келіп түскен хабарламаларды бағалау;
  • Клиентпен кері байланыс жасау;
  • Олардың қажеттілігін бағалау.

Сынақтан өткізуді лендинг немесе қарапайым бір беттік сайт арқылы бастауға болады. Осылайша клиентпен байланыс орнатасыз. Ғаламтордан өз кәсібіңізге ұқсас лендинг нұсқаларын табуға болады. Оны болашақ сайтыңызда қолданыңыз. Қарапайым лендингті бірнеше сағатта жасай аласыз. Егер сынақ сәтті өтсе, қаржы мен уақытыңызды идеяңызға сала беріңіз.

Лендингті қалай жасауға болады?

Алдымен сынақ үшін сала түрін таңдаңыз. Бірнеше нұсқаны назарыңызға ұсынамыз:

  • Қытайдан тауар әкелу;
  • Ауыл шаруашылығына арналған тауарлар;
  • Жүк тасымалы;
  • Пәтер және көлік жөндеу;
  • Маникюр, косметология және массаж;
  • Той және өзге мерейтой ұйымдастыру.

Ғаламтордан конструкторлық сайтқа тіркеліңіз. Мұндай сайтпен жұмыс істеу үшін арнайы білімнің қажеті жоқ. Дайын блок немесе шаблонды өз ақпаратыңызбен толтырасыз.

«Tilda», «Nethouse», «Wix» конструкторлық сайттарының құрылымы ұқсас. Тіркеліп, жұмысыңызды бастай беріңіз.

Тақырыпша таңдаңыз. Мысалы, «Алматы қаласында той ұйымдастыру». Әрі қарай ұсынысыңызды енгізіңіз. Бұл «Қандай мәселені шешуге мүмкіндік береді?» деген сұраққа жауап беруі тиіс.

Суреттер мен иллюстрациялар – клиент жинаудың жақсы әдісі. Өзіңіз қалаған тауар/қызмет түріне қатысты бірнеше сурет, иллюстрацияларды сайтыңызға қосыңыз. Осылайша тұтынушыда пайда болатын «Неліктен сізден алуым керек?»деген сұраққа жауап бересіз.

Тұтынушылардың пікірі компанияңызға деген сенімді арттырады. Әрі қарай клиенттермен байланысу үшін олардың контактілерін жинайтын бөлім жасаңыз. Сізбен байланыс орнату тәсілінің көп болуы маңызды. Электронды пошта, телефон нөмірі, мессенджерге сілтеме қалдыру, әлеуметтік желідегі парақшаға сілтеме және т.б.

Барлығы дайын болған соң тіркеліп, домен қосыңыз. Домен – ғаламтордағы сіздің сайтыңыздың мекенжайы.

Доменді мына сайт-тіркегіштер арқылы тіркей аласыз:

  • Reg.ru;
  • 2 domains;
  • Rucenter;
  • Majordomo;
  • GoDaddy.

Қосымша виджеттер қосуды да ұмытпаңыз. Мысалы, «Онлайн-көмекші», «Кері байланыс». Виджеттердің көмегі арқылы келіп түсетін сұраныс көлемін көбейтесіз.

Хабарламалық сайттар арқылы саланы сынау

Бұл – саланы тексерудің қарапайым және жұмыс істейтін түрі. Хабарламалар сайтында тұтынушылар саны шексіз және болашақ кәсіпті сынауға арналған тиімді орын.

Алдымен сатқыңыз келетін тауар/қызмет түрін анықтап алыңыз. Сәтті таңдалған сапалы сурет тауарыңызды екінші қырынан таныстырады. Тұтынушыны қызықтыратын мәтін дайындаңыз. Мәтінде негізгі ақпарат, сипаттама болуы керек. Кепілдік талонын және шотты көрсетуді де ұмытпаңыз. Хабарламаңызды мына сайттарда орналастыра аласыз:

-Market.kz;

-Olx.kz;

-Avito.kz;

Бұл сайттар алғашқы сынақ үшін жеткілікті.

Дайындаған: Назархан Уән

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!