Таным

Ұшақ билетін таңдау: қай орынға отырған тиімді?

Ұшақ билетін таңдағанда ескеретін жайттар

Ұшаққа мініп, сапарға аттанарда аман-сау, шаршамай жайлы жеткіміз келеді. Ал жайлы жету сіз таңдаған орын мен көршілес отырған адамның әрекетіне байланысты. Ендеше ұшаққа мінерде қай орынға отыру керек, қай жер ыңғайлы әрі үнемді болатынын Balbal.kz мотивациялық сайты өз оқырмандырымен бөліседі.

Қысқа рейстер

Егер ұзақ жүрмейтін 1-2 сағаттық рейс болса, онда терезенің жанынан орын алғаныңыз дұрыс болады. Аспандағы бұлттар, жоғарыдан қала кейпін тамашалап отырып, уақыттың қалай өткенін байқамай қаласыз. Ал шеткі қанатта зерігіп кетуіңіз мүмкін.

Ұзақ рейстер

5 сағаттан артық жүретін рейс үшін шеткі орында отырған дұрыс. Себебі жаныңыздағы адамдарды мазаламай, кез-келген уақытта оп-оңай орныңыздан тұрып, бой жаза аласыз. Қысылмай, аяғыңызды да созып қоя аласыз.

Қай орындарға отырмау керек?

Бірінші қатарға отырмаңыз, себебі бұл ұшақтағы ең қауіпті орын деп саналады. Сонымен қатар, бұл жерде отыратын адамдарға аяғының астына сөмкесін қоюға рұқсат бермейді. Көп ұшақтарда бірінші қатардағы шынтақ қоятын тіреуіштерді жоғары көтеріп, алып тастай алмайсыз. Қасыңыздағы орын бос болса да, ұзыннан жатып ұйықтау бұл жағдайда мүмкін емес. Тағы бір ескеретін жайт, алдыңғы қатардағы орындардың билеттері қымбат болады.

Ең соңғы қатардан да билет алмаңыз, жол бойы әжетханаға барушыларды қарап отырасыз. Әжетхана тым жақын әрі тығыз орналасқандықтан, орындық арқасын түсіріп жата алмайсыз. Тамақты да алдынан бастап таратады. Сізге жеткенше тамақ түрлерін, сусындарды алдыңғы қатардағы адамдар алып қоятындықтан, сізде таңдау аз болады.

Жалғыз әрі тыныш жеткіңіз келсе…

Балаларға арналған орындықтар тек алдыңғы қатарларда болғандықтан, балалы отбасылар көбіне сол жақта отырады. Сол себепті ол жерлерді таңдамаңыз. Артқы қатарлар соңғы сатылады, сол себепті бос орындар сол жақта көп болуы мүмкін әрі артқы қатар салыстырмалы түрде арзанырақ тұрады. Ұшақтардың көбінде бір қатарда үш орын болады. Ондай кезде екі орны да бос емес қатарды таңдамағаныңыз жөн. Онлайн билет алатын кезде тек шеткі орындығы бос емес қатарды таңдаңыз. Ортаңғы орын бос болу ықтималдығы жоғары болады. Себебі ортаңғы орындар соңынан сатылады. Яғни адам саны жеткіліксіз болса, ортаңғы орны бос болып, тыныштықта келесіз. Ал үшеуі де бос жердің бірін сіз алғаннан кейін жаныңыздан баласы бар ана не бір-бірімен серік болған достар дәл сол қатардан билет сатып алуы мүмкін.

Үлкен ұшақтар

Үлкен ұшақтарда үш қанат болады. Үш қанаттың әрқайсысында үш орыннан тұратын қатарлар бар. Ал «Боинг-747» ұшағында төрт орын болады. Ондай ұшақтарда ең ыңғайлысы – ортаңғы қанаттың шеткі орындары. Бұл жер қауіпсіз әрі кез-келген уақытта тұруға, аяқты созып отыруға ыңғайлы.

Серігіңізбен баратын болсаңыз…

Екеуіңізге де тиімді болу үшін біреуіңіз оң не сол қанаттың, ал екіншіңіз ортаңғы қанаттың шетіне отырыңыз. Екеуіңіз де қалаған уақытта емін-еркін тұрып, жүре аласыз, бір-біріңізбен әңгіме-дүкен құру да оңай болмақ.

Ал бір қатарда отырғыларыңыз келсе, үшеуі де бос қатарды таңдап, екі шетінен брондап қойыңыз. Ортада адам отырмауы мүмкін, сол кезде екеуіңіз ғана еркін отыра аласыз. Ал адам броньдаған болса, ауысып бірге отыруға мүмкіндігіңіз бар.

Дайындаған:Қырмызы Скендирова 

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!