Таным

YouTube арқылы ақша табу жолдары

Видео түсіріп, youtube арқылы кез келген жан ақша таба алады. Бұл сайт жарнамадан түскен пайданы өз қолданушыларымен бөлісуді қолға алған. Тек ол үшін бірнеше шартты орындау керек. 

  • Нарықты зерттеу
    Көрермен сұранысын зерттеу — youtube арқылы ақша табу үшін өте маңызды. Статистикаға сүйенсек, youtube пайдаланушыларының 36%-ы көңіл көтеру бағытына, 26%-ы музыка, 17%-ы адам мен блогтарға, 11%-ы компьютер ойындарына, 10%-ы фильмдерге қызығады.
  • Қандай бағытта видео түсіретініңізді нақтылау
    Бұл сіздің алдағы жұмысыңызды жеңілдетеді. «Түсіргенімнің бәрін саламын», «Ұнаған видеоларды жүктеймін», «Алдымен арна ашып алайын, сосын көреміз» деген түсінік бұл жерге жарамайды. Бәрі кәсіби түрде істелуі керек. Арна бағытын таңдау үшін өзіңіздің қай салада мықты екеніңізді анықтаңыз. Сол сала туралы қаншалықты көп мағлұмат бере аласыз, біліміңіз жеткілікті ме, орта жолда жалығып кетпейсіз бе? Осы сұрақтарға жауап бергеннен кейін іске кірісіңіз.
  • YouTube арна ашу
    YouTube-қа видео жүктейміз десеңіз, алдымен арна ашуыңыз керек. Ол үшін Google аккаунттың болуы жеткілікті.1. YouTube сайтына компьютер немесе смартфон арқылы кіріңіз.
    2. Видео жүктеп, пікір қалдырып көріңіз.
    3. Сізге арна ашу ұсынылады.
    4. Атауы мен таңбасын таңдап, арнаның ашылуын растаңыз.

    Дайын. Арнаңыз ашылды. Егер Google аккаунттағы атыңыздан бөлек арна ашуды қаласаңыз, арналар тізімі деген сілтемеге өтіп, жаңа арна аша аласыз. Бұл жағдайда негізгі арна өшірілмейді. Жаңа арнаның атауын салынатын видеолар бағытына байланысты қойғаныңыз абзал. Мысалы, сіздің арна техникаға шолу жасаса, «Техникаға шолу», «Техно», «Техника жаңалықтары» деген, футболға қатысты болса, «Қазақ футболы», «Футбол тарихы», «Футбол қызықтары» деген секілді атаулар дұрыс болады. Бұл арнаңыздың өз көрермендерін тез табуға көмектеседі.

  • Видео түсіру, арнаға жүктеу және тарату
    Видеоларыңызды ел көру үшін, ол өзгелерден ерекшеленуі тиіс. Туындының сценариі, монтажы мен көркемдік құрылымына мән беріңіз. Бір ғана тарих тақырыбын түрлі стильде жеткізуге болады. Сондықтан идея іздеуден, эксперимент жасаудан шаршамаңыз. Көрермен жаңашылдықты ұнатады.

    Видео арнаға жүктелгеннен кейін ол ел арасына таралуы үшін де біраз тер төгу керек. Мұқабаны әдемілеп салыңыз, іздеу жүйесіне ыңғайланған тақырып қойыңыз, тегтерді дұрыс толтырыңыз, сол кезде алғашқы көрермендеріңіз сіздің видеоға назарын аударады. Бастапқыда көрілім мен арна жазылушыларының санын арттыру үшін ақша жұмсаудан да аянбаңыз.

YouTube арқылы ақша табу жолдары

1. Жарнама. Бейнелеріңізде пайда болатын жарнамалардан кіріс аласыз.
2. Демеушілік. Бұл мүмкіндікті арнаңызда қосып, көрермендерге ай сайынғы төлем үшін бонустар ұсынуыңызға болады.
3. Кәдесыйлар бөлімі. Мұны арнаға қоссаңыз, көрермендер сіз ұсынған тауарларды бейне көру беттерінен сатып ала алады.
4. Суперчат және суперстикерлер. Бұл мүмкіндіктердің арқасында көрермендер сіздің видеоларыңыз қарау кезінде ақылы пікірлер, соның ішінде анимациялық суреттер қалдыра алады.
5. YouTube Premium. Ақылы бөлімге жазылған көрермендер сіздің видеоларыңызды көрсе, YouTube олар төлеген ақшаның белгілі пайызын сізге бөліп береді.

Жарнама көрсету және оның ережелері

YouTube-тағы видеоларыңызда жарнама көрсетіле бастауы үшін, осы сайттың Серіктестік бағдарламасына қосылуыңыз керек. Бұл бағдарламаның басым тұсы — сіз контент дайындайсыз, ал жарнаманы YouTube өзі тауып, видеоларыңызға орналастырып отырады. Баға белгілеу, ақшаны үлестіру де сайт әкімшілігінің мойнында.

Серіктестік бағдарламасының талаптары мынандай:

  1. Арнада кемі 1000 жазылушы болуы тиіс, автор жариялаған видеолар (әрқайсысы емес, түгелін қосқанда) соңғы 12 айда 4000 сағат көрілім жинауы қажет.
  2. Арнаны Google AdSense аккаунтымен байланыстыру керек. Бұл болашақта түсетін қаржыны басқару үшін жасалатын шара.

Арнаңыз осы екі талаптарға сай болған кезде, басқару бөліміне өтіп, YouTube мамандарына сұраным жібере аласыз. Олар арнаңыз бен видеоларыңызды тексеріп, бір ай көлемінде шешімін айтады.

Егер арнаңызда еш қателік болмаса, сіз серіктестік бағдарламасына қосылып, сол күннен бастап видеоларыңызда автоматты түрде жарнама көрсетіле бастайды. Түсетін ақша сомасы видеоларыңызға орналастырылған жарнама түріне, көрілім санына, көрерменнің белсенділігі мен іс-әрекетіне тікелей байланысты. Сондай-ақ, YouTube кейбір туындыларыңызды жарнама салуға жарамсыз деп табуы және аратұра арнаңызды тексеріп, монетизацияны қайта тоқтауы мүмкін. Сол себепті контентіңіздің сапасына аса мән беріңіз.

Ал арнаңыз серіктестік бағдарламаға жарамайтын болса, YouTube мамандары не себепті сұранымыңызды қабылдамағандарын айтып хат жолдайды. Олар көрсеткен қатені түзесеңіз, араға уақыт салып тағы да сұраным жіберу мүмкіндігін аласыз.

Әдетте YouTube сұранымдарды мына себептер бойынша кері қайтарады:

  • Видеолар біреудің авторлық құқығын бұзады
    Сіз жүктеген кадрлар, музыка, мәтін біреудің авторлық құқығын бұзбауы керек. Ондай жағдай болса, YouTube монетизацияға рұқсат бермеуден бөлек, бірнеше ескертуден кейін арнаңызды бұғаттап тастауы ықтимал.
  • Видеолар қауымдастық қағидаларына қайшы
    YouTube зорлық-зомбылық сахналары бар, біреуді мұқату үшін жасалған, терроризмді насихаттайтын, сатылуға тыйым салынған өнімдерді жарнамалайтын видеоларды құптамайды. Сондықтан арнаңыздың қауымдастық қағидаларын сақтауын қатаң қадағалаңыз.
  • Видеолар бір-біріне қатты ұқсайды
    Егер арнаңыздағы видеолар асығыс жасалған, бір-бірен ұқсайтын болса, онда көрермен де, YouTube та мұндай туындыларға сыни көзбен қарайтынын біліңіз.

Арнаңыздың беделі өсіп, көрілімдері көбейгеннен кейін, серіктестік бағдарламасынан бөлек те ақша табуға болады. Ол үшін өзіңізге сырттан жарнама беруші іздейсіз, бағасын өзіңіз белгілеп, оны видеоның қай бөлігіне, қандай форматта орналастыратыныңызды да сіз шешесіз. Бұл әрекетіңіз туралы YouTube-қа арнаны басқару парақшасы арқылы құлақтандыруды ұмытпаңыз. Әйтпесе ескерту алуыңыз мүмкін.

 

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!