Таным

Жеке брендинг. Тез танымал болудың жолдары

Жеке брендинг деген не?

Жеке брендинг арқылы қысқа уақыт ішінде танымал болуды қалайсыз ба? Иә, мүмкін сіз, әнші, актер, биші, тележүргізуші, немесе кәсіпкер емес шығарсыз. Бірақ, сіздің қандай да бір нәрсеге қабілетіңіз бар ғой?! Олай болса,  өзіңізге ғана тән қабілетпен неге әйгілі болмасқа?

Әрине, ол үшін жеке бренд қажет. Оны жасау аса қиын да емес. Жалпы, әлеуметтік желі мен еңбек нарығындағы бәсекелестік дәуірінде жеке брендтің болуы өте маңызды. Ол қалаған мақсатқа жылдам жетуге көмектеседі. Ендеше, «жеке брендинг» дегеніміз не? Оның қандай пайдасы бар? Қысқаша түсіндіріп өтейік, назар аударыңыз.

Жеке брендинг – бұл белгілі бір адамды, не кәсіпті жарнамалауға бағытталған маркетингтік құрал, яғни нақты атау. Бренд қалыптастыру үшін айналысқысы келетін саланың кәсіби маманы болу керек.

«Жеке брендинг» қандай артықшылықтарға ие?

Мысалы, айналысып жүрген салаңыздан бөлек, қосымша тағы да бизнесіңізді дамытуға мүмкіндік бар. Мәселен, мейрамхана ашу. Сізде «жеке бренд» болғандықтан, мейрамхана бизнесінде жетістікке жету қиынға соқпайды.

Сонымен қатар, сіз жарнамадан, инстаграмнан ақша таба аласыз. Өйткені сізде «жеке брендтің» арқасында жеткілікті жазылушылар болады. Халық та сізге сенім артады.

Қосымша мысал ретінде Илон Маскке тоқталайық. Ол жеке брендін ойлап тауып, «Tesla» компаниясының негізін қалады. Оның жеке бренді харизма мен сенімділікке негізделгендіктен, үлкен табыс әкелді. Илон Twitter әлеуметтік желісінде өте танымал. Оның идеяларын, өмірлік ұстанымы жайындағы жазбаларын, бейнероликтерін 25 миллионнан астам адам асыға күтеді.

Кез келген қарапайым адам жеке брендтің иесі бола ала ма?

Иә, әрине. Бәріміз қарым-қабілетімізге қарай жеке бренд қалыптастыра аламыз. Ең аз дегенде, сіз өзіңіздің Инстаграм парақшаңызды  немесе YouTube каналыңызды дамыта аласыз. Осы арқылы бастама жасап, танымал болу  түк те емес.

Жеке брендті қалыптастырудағы ең оңай жол қандай?

1. Жеке брендтің қандай түрін таңдайтыныңызды анықтаңыз (Instagram-да профиліңізді әдемі суреттермен толтыру, қызықты анимациялар мен күлкілі видеолар салу, карикатуралар арнау, стиль-имидж, мэйкап, сұлулық, лайфхактар, асхана немесе қоғамдағы  өзекті мәселелер туралы ақпараттық посттар жазу);

2. Бағытыңызды анықтап алғаннан кейінгі әрекетіңіз: парақшаңызды ақы төлеу немесе бартер арқылы жарнамалаңыз;

3. Белгілі бір аудиторияны тарту кезінде оны талдап, сараптама жүргізуге тырысыңыз (сіздің аудиторияңыз кімдер, олар қанша жаста, оларға не қызық, қандай дүниелерді жиі жариялағанды жақсы көреді? т.б.);

4. Жариялаған дүниелерге қарай аудиторияңыз ауыса ма, оқырмандар саны азайды немесе артты ма соны бақылаңыз. Алғашқыда парақшаңызды тек жастар жағы оқыған болса, кейін егде жастағылармен толыға бастауы мүмкін. Ал, олардың сіздің парақшаңызда тұрақтап қалғанын қаласаңыз, үлкендерге де қызықты бағытты қоса алып жүріңіз.

5. Сонымен қатар, тәуекел етуден қашпаңыз. Әрдайым қызықты оқиғаларға барып, жаңа адамдармен танысыңыз. Олармен де тығыз-қарым қатынас орнатып, тәжірибе алмасыңыз. Бір-бірлеріңіздің парақшаларыңыз жайында қызықты пост жазыңыз.

6. Жасанды болмаңыз. Оқырман, көрермен сәтсіз шықса да, сіздің риясыз шынайы болмысыңызды жақсы көреді. Түрлі сын-пікірден сынып кетпеңіз. Орынсыз айтылған сын деп тапсаңыз, тіпті мән бермеңіз,

7. Іс-әрекетіңізді өз атыңызбен байланыстыруға тырысыңыз. Мысалы: Сіз визажист болсаңыз, брендіңізді өз атыңызбен атап, кәсіп атауын қасына тіркеңіз. Ойдан шығарылған жалған есім сіздің имиджіңіздің қалыптасуына септігін тигізе алмайды. Оның үстіне «псевдоним» қазіргі уақытта сәннен қалып барады.

Дайындаған: Бекзат Ғажапбекқызы

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Close