Тез арықтау мүмкін емес сынды көрінеді. Айран мен алма диетасы — арықтаудың ең кең тараған әдісі болып есептеледі. Өйткені адам ағзасына аса пайдалы осы өнімдердің қосындысы нәтижені де тез береді.
Ағзаның жағдайына, адамның жасы мен қалпына орай айран мен алма диетасының да сан алуан түрі бар. Олардың беретін нәтижесі де әрқалай екенін айта кетейік. Сонымен қатар, денсаулығыңызға зардап тимес үшін диетолог маманмен бір кеңесіп алғаныңыз жөн.
Ал, енді айран мен алманың неге жақсы нәтиже беретінін түсініп алсақ
Айранның пайдалы қасиеттері:
- Ас қорыту жүйесіне пайдалы;
- Бауыр мен бүйректің жұмысын ретке келтіреді;
- Өт қабына оң әсерін тигізеді;
- Жүректің дұрыс жұмыс істеуіне көмектеседі;
- Зат алмасу жүйесін реттейді;
- Ағзадан боқат пен уландырғыш заттарды шығарады.
Алманың пайдалы қасиеттері:
- Ас қорыту жүйесін ретке келтіреді;
- Зат алмасуға оң әсерін етеді;
- Асқазан-ішек жолы мен бауыр, бүйректің жұмысына пайдалы;
- Бауырға жиналған холестериннің түсуіне көмектеседі;
- Ішектің жиырылуын реттейді;
- Ішекті тазалайды.
Байқағандарыңыздай, екі өнім де ағзаға пайдалы. Бірақ тез арықтау үшін диетаның міндетті түрде орындалуы тиіс дүниелер де бар.
- Диета кезінде ішілетін айран майлылығы бір пайыздан аспау керек;
- Айранның шығарылған уақытын қараңыз. Диетаға жаңа шыққан айран да, шыққанына үш күннен асқан айран да жарамайды. Дұрысы: екі күндік айран алыңыз.
- Алманың жасыл түстісі аса пайдалы;
- Алманы жейтін кезде, оның қабығын аршымаған дұрыс. Себебі, пайдалы витаминдер сол қабықта болады;
- Айранмен қатар газсыз су, қантсыз көк шай, шөптен жасалған сусындар ішуге рұқсат;
Шұғыл арықтау керек! Үш күндік айран мен алма диетасы:
- Әр тәулікке бір пайыздық алты стақан айран мен алты жасыл алма (шамамен, бір келі) дайындаңыз;
- Таңертең тұрып, алдымен су ішіңіз;
- Он минуттан кейін алма жеп, жарты сағаттан кейін айран ішіңіз;
- Осы амалды тәулігіне алты рет, үш тәулік қатарынан қайталаңыз;
- Ас қабылдау әр үш сағат сайын;
- Үш сағаттан артық созбаңыз. Бірақ ертерек жеуге болады;
- Қосымша таза су ішіп тұруды ұмытпаңыз;
- Диета кезінде басқа тамақ жеуге болмайды!
Бір апталық айран мен алма диетасы:
Бұл әдіс үш тәуліктік әдіспен бірдей. Бір айырмашылғы ғана бар. Апталық диетада таңертең басқа да жеміс-жидек түрлерін жеуге рұқсат.
Тоғыз күндік айран мен алма диетасы: Бұл әдістің өзі қатаң және жұмсақ деп екіге бөлінеді.
Қатаң түрін жастар, денсаулығы жақсы адамдар пайдаланса болады:
- Бірінші үш күнде тек алты стақан айран ішуге рұқсат;
- Екінші үш күнде бір жарым келі жасыл алма жеуге рұқсат;
- Үшінші үш күнде тағы да алты стақан айран ғана ішу керек;
- Сонымен қатар, тәулігіне екі литр су ішіп тұру құпталады;
- Бұл диета кезінде таза ауада көп жүріп, қиын жұмыстан қашқан абзал;
- Диета біткеннен кейін бас салып тамақ жемеңіз.
Жұмсақ түрі мынадай:
- Бірінші үш күнде бір пайыздық айранды қалауыңызша ішіесіз және түс кезінде жүз граммдай тұзсыз күріш жеуге рұқсат;
- Екінші үш күнде айранды тағы да қалауыңызша ішесіз және түскі асқа жүз граммдық тұзсыз тауық төс етін жеуге болады;
- Үшінші үш күнде қалаған көлеміңізде алма жеп, айран ішесіз;
- Су ішуді ұмытпаңыз!
Айран мен алма секілді қарапайым өнімдердің көмегімен тез арықтау жолы осы. Бірақ, тағы ескертеміз! Бұл диеталарды қолданбас бұрын, алдымен осы саланың маманымен ақылдасып алыңыз!